2026 жылғы тамызда әлемде бірнеше температуралық рекорд жаңарды
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдың күнтізбелік жазы планета тарихындағы ең ыстық жаздардың бірі болды. Тамыз айында температура бойынша тағы бірнеше рекорд жаңарды, деп хабарлайды ВВС.
Еуропалық ғалымдар 10 қыркүйекте жариялаған мәліметке сәйкес, тамызда жаһандық жылыну 1850–1900 жылдардағы индустрияға дейінгі деңгеймен салыстырғанда алғаш рет +1,5°C межесінен асты. Бұл – 2015 жылғы Париж келісімі аясында әлем елдері апатты климаттық өзгерістерге жол бермеу үшін ұстап тұруға уағдаласқан негізгі межелердің бірі.
Жылыну тек ауада ғана емес, мұхитта да байқалып отыр. Бұл ғалымдарды ерекше алаңдатады. Себебі мұхит Жер бетінің 70%-дан астамын алып жатыр және соңғы онжылдықтардағы жаһандық жылынудан туындаған артық жылудың 90%-ын сіңірген.
Еуропалық орта мерзімді ауа райын болжау орталығының (ECMWF) ай сайынғы есебіне сәйкес, жаздың соңғы айында полярлық аймақтардан тыс мұхит бетінің орташа температурасы тамыз айы үшін ғана емес, жылдың барлық айлары бойынша ең жоғары көрсеткішке жетті. Осылайша, ол 2024 жылғы наурызда тіркелген абсолютті рекордты қайталады.
Бұл Тынық мұхитында қалыптасып жатқан Эль-Ниньо құбылысы толық күшіне енбей тұрып болып отыр. Қазірдің өзінде ол күшейіп келеді және бақылау тарихындағы ең қуатты құбылыстардың біріне айналуы мүмкін.
– 2026 жылғы тамыз климаттық бақылау тарихындағы айрықша ай болды. Ол бір мезгілде тарихтағы ең ыстық тамыз және өлшеулер жүргізілген кезеңдегі ең ыстық ай атанды. Мұхит бетінің рекордтық температурасымен және Батыс Еуропадағы бақылау тарихындағы ең ыстық жазбен қатар бұл жағдай климаттың өзгеруі атмосфера мен мұхиттағы экстремалды құбылыстарды күшейтіп отырғанын көрсетеді. Оның салдары әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарға, экономикаға және экожүйелерге барған сайын қатты әсер етіп келеді, – деді ECMWF басшыларының бірі Саманта Берджесс.
Әсіресе Батыс Еуропа қатты ыстықтан зардап шекті. Мамыр айынан бері бұл өңірде кемінде бес қуатты аптап ыстық толқыны болды. Франция, Ұлыбритания және Германияның көптеген аудандарында бірнеше ай бойы қалыпты жаңбыр жаумаған. Шалғындар қурап, өзендер тартылды.
ECMWF мәліметінше, Португалия, Грекия, Түркия және Кипрде, сондай-ақ Еуропаның солтүстік-шығысы мен Ресейдің батысында жаз әдеттегіден жауын-шашынды болды.
Ал Батыс Еуропада 2026 жылдың жазы бақылау тарихындағы ең ыстық жаз болып, бұған дейін 20 жылдан астам уақыт бұрын орнаған рекордтан асып түсті.
Айта кетейік, бұған дейін Италияда 1950 жылдан бергі ең ыстық жаз болғаны хабарланған.
Ал 28,54 °C көрсеткішпен Жерорта теңізінің температурасы 90 жылдық тарихи рекордты жаңартты.
Сондай-ақ ғалымдар қазіргі Эль-Ниньо адамзат тарихындағы ең күшті құбылыстардың біріне айналуы мүмкін екенін ескертті.