2026 жылы 109 шақырым өзен арнасы күшейтіледі
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылы 109 шақырым өзен арнасы күшейтіледі. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов айтты.
— 2025 жылы су тасқыны кезеңі алдында «Қазгидромет» РМК дерегіне сәйкес, жалпы ағын 14-20 млрд текше метр шамасында болжанды. Осыған орай тасқын суды қабылдау және қауіпсіз босату мақсатында алдын ала су қоймаларда қажетті бос көлемдер комитет тарапынан қамтамасыз етілді. Су тасу кезеңінде нақты ағын көлемі 16,7 млрд текше метрді құрады. Бұдан басқа, су тасқыны кезеңінде ағынды суларды модельдеу және су басу қаупін бағалау мақсатында орталық, солтүстік және батыс өңірдегі өзендердің басым учаскелерінде өзендердің жайылма бөлігіне батиметриялық түсірілімдер жүргізіліп, олардың нәтижелері «Тасқын» ақпараттық жүйесіне енгізілді, - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.
Оның атап өтуінше, 2025 жылғы су тасқыны кезеңі алдын ала дайындықтың, су қоймаларының бос сыйымдылығының ұлғаюының және инфрақұрылымды жаңғыртудың арқасында тұрақты өтті деп санауға болады.
— Бұдан бөлек, әкімдіктермен бірлесіп, елді мекендерге жақын өзендердің су тасқыны қаупі бар учаскелерін күшейту жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған жол карта қабылданды. Атап айтқанда, 10 облыста 51 өзен учаскесі мен 1 көлде санация жасау қажеттілігі белгіленді. Онда бірінші кезекте жалпы ұзындығы 814,06 шақырым өзендерді күшейту қарастырылған. Орындалған және жоспарланған іс-шараларды ескере отырып, 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дейін 109,48 шақырым өзен арнасын күшейту жұмыстары аяқталады деп жоспарлануда, - деді Сейілбек Нұрымбетов.
Еске салсақ, бұдан бұрын мемлекет өзендерді тартылудан қалай қорғайтыны туралы жазғанбыз.