2026 жылы адам папилломасы вирусына қарсы вакцина ұлдарға да егіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Келесі жылдан бастап Қазақстанда ер балаларға адам папилломасы вирусына қарсы вакцина егу көзделіп отыр. Бұл туралы Денсаулық вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлім етті.

папилломавирусы
Фото: gov.kz

- Өткен жылы қыз балаларға адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы екпе егуді бастадық. Бұл дерт өте қауіпті, яғни жатыр мойны обыры және басқа да онкологиялық ауруларға әкелуі мүмкін.

Қазір Үкіметте вакцинаны ер балаларға да егу мәселесі қарастырылып жатыр. Алдын ала жоспар бойынша, шамамен бір жылдан кейін бұл жұмысты бастау көзделіп отыр, – деді Тимур Сұлтанғазиев Сенатта өткен баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ вице-министр адам папилломасы вирусына қарсы екпе алатын қыздардың жас санатын кеңейту жоспарда барын айтты. Сонымен қатар ведомство барлық ниет білдірушілерге ақылы вакцина егу мәселесін де қарастырып жатыр. 

– Біздің стратегиямыз – қыз балаларды барынша қамту. Қыздарды және алдағы уақытта ұлдарды да қамту үшін вакцинациялау деңгейін 90 пайызға дейін жеткізу керек. Жыл соңына дейін 90 пайыздық межеге жетуді жоспарлап отырмыз. Кейін кезең-кезеңімен екпе алатын топ қатарын кеңейтеміз, яғни алдымен қыздар арасында, одан кейін ел балаларға да енгіземіз, – дейді министрдің орынбасары. 

Бұған дейін елімізде ер балаларға адам папилломасына вирусына қарсы вакцина егілуі мүмкін екендігі туралы хабарлаған едік.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов адам папилломасы вирусына қарсы вакцинаны ұлдарға да салуды ұсынды.

Еске салайық, өткен жылы Үкімет адам папилломасы вирусына қарсы вакцина сатып алуға 9,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлді

Соңғы жаңалықтар