2026 жылы әлемде өмір сүруге және кәсіп жүргізуге қолайлы қалалар рейтингі жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Oxford Economics әзірлеген 2026 жылғы Global Cities Index рейтингінде алғашқы 100 орынның 78-ін Еуропа мен Солтүстік Америка қалалары иеленді. Рейтингке Еуропадан 44 қала, АҚШ-тан 30 қала және Канададан тағы 4 қала енді, деп хабарлайды  Euronews

2026 жылы әлемде өмір сүруге және кәсіп жүргізуге қолайлы қалалар рейтингі жарияланды
Фото: ТАСС

Индекс әлемдегі ірі қалалардың экономикалық әлеуетін тұрғындардың өмір сүру сапасымен қаншалықты ұштастыра алатынын көрсетеді.

Бағалау кезінде адам капиталының даму деңгейі, экологиялық тұрақтылық және қаланы басқарудың тиімділігі де ескеріледі.

Global Cities Index 2026 рейтингінде көш бастаған қалалар:

• 2 орын — Лондон
• 3 орын — Париж
• 6 орын — Дублин
• 10 орын — Цюрих

Әлемдік үздік ондыққа енген АҚШ қалалары:

• Нью-Йорк
• Сиэтл
• Сан-Франциско
• Бостон
• Сан-Хосе

Еуропада жоғары орындарға ие болған қалалар:

• Осло
• Стокгольм
• Копенгаген

— АҚШ қалаларының жоғары орын алуына олардың «Экономика» және «Адам капиталы» санаттарындағы мықты көрсеткіштері ықпал етті. Ал Еуропа қалаларында «Өмір сүру сапасы», «Экология» және «Мемлекеттік басқару» көрсеткіштері жоғары болды, — деді Oxford Economics компаниясының қалалармен жұмыс жөніндегі бөлімінің директоры Лиам Сайдс.

Өмір сүру сапасына, экологияға және тиімді басқаруға басымдық беретіндер үшін Еуропаның жетекші қалалары жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленеді. Париж өмір сүру сапасы бойынша жоғары бағаланса, Дублин экология мен мемлекеттік басқару бағыттарында жақсы нәтиже көрсетті. Ал Цюрих пен Ослоның басты артықшылығы мемлекеттік басқару көрсеткіші болды. Осло бұл санатта Еуропа мен АҚШ-тың жетекші қалалары арасында ең жоғары нәтижеге ие болды.

Экономикалық қуаты мен білікті кадрларға қолжетімділігін басты орынға қоятын бизнес үшін АҚШ қалаларының көрсеткіштері жоғары. Нью-Йорк экономика санатында ең жоғары ұпайға ие болды. Сиэтл, Сан-Франциско және Сан-Хосе де осы бағытта жоғары нәтиже көрсетті. Ал Лос-Анджелес экономикалық көрсеткіштерінің жоғарылығымен қатар, өмір сүру сапасы бойынша да жақсы нәтижеге ие.

Лондон Еуропа қалалары арасында ерекше нәтиже көрсетті. Ол бүкіл рейтинг бойынша «Адам капиталы» санатында ең жоғары ұпай жинады. Бұл қаладағы университеттердің деңгейі, дамыған іскерлік орта және білікті мамандарды тарту мүмкіндігімен байланысты. Алайда «Өмір сүру сапасы» көрсеткіші бойынша Лондонның нәтижесі төмен болды — қала бұл санатта 77 ұпай жинаған.

Дегенмен екі өңірге де ортақ күрделі мәселе — тұрғын үйдің қолжетімділігі.

Баяндамада Лондон, Дублин және Нью-Йорк қалаларында тұрғын үйге кететін шығындардың жоғары болуы әлі де өзекті мәселе екені аталды. Бұл қалаларда табыс деңгейі жоғары болғанымен, баспанаға жұмсалатын шығындардың көптігі өмір сүру сапасының көрсеткіштеріне кері әсер етіп отыр.

Бұған дейін Сеул әлемнің үздік үш қаласының қатарына енуі мүмкін екені хабарланған болатын.

Ақзат Жиеналина