2026 жылы бюджет шығысы 2 трлн теңгеге ұлғаяды: алаңдауға себеп бар ма

АСТАНА. KAZINFORM — Келер жылы республикалық бюджеттің шығыс бөлігі артады деген болжам бар. Оның себебін Қаржы министрі Мәди Такиев түсіндіріп берді.

Мәди Такиев
Фото: Үкімет

— 2026 жылғы кіріс пен бюджет тапшылығын есепке алғанда, шығыс биылғы жоспармен салыстырғанда, 2 трлн теңгеге артып, 27,7 трлн теңгені жетеді, ал 2028 жылға қарай 29,7 трлн теңгеге дейін өседі. 2026 жылға арналған республикалық бюджеттің шығысы осы жылмен салыстырғанда, 2 трлн теңгеге ұлғаяды деген жоспар бар. Келесі жылдың бюджеті, алғаш рет Ұлттық қордан нысаналы трансфертін пайдаланбай теңгерімделді және нақты сектордағы мемлекеттік қолдау шараларының ауқымды өсуімен әлеуметтік бағдарланған күйінде қалды. Бұл ретте шығысты оңтайландыра отырып, басымдық беру бойынша тиісті жұмыс жүргізілді, — деді Мәди Такиев Үкімет отырысында.

Ведомство басшысының айтуынша, ағымдық базалық шығыс үлесі 15%-дан 12,3%-ға дейін төмендеді. Ал бюджет жұмсауда әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға басымдық беріледі.

— Әлеуметтік салаға арналған шығыс деңгейі, бірқатар бағыт бойынша қайта қаралып, шығыстың жалпы көлемі 38,7% құрап отыр. Оңтайландырылған шығыс, нақты секторға қайта бағытталды. Экономиканың өсуін ынталандыратын шығыс көлемі 0,9%-дан 16,1%-ға дейін ұлғайып, 4 трлн 470 млрд теңгені құрады, — дейді ол.

Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов мемлекеттік бюджет шығынын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. 

Соңғы жаңалықтар