2026 жылы электронды денсаулық паспорттары толыққанды қолданыста болады - ДСМ

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл қарашада Денсаулық сақтау ресурстарын басқарудың жаңа жүйесі іске қосылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.

денсаулық
Фото: egemen.kz

- Медициналық ұйымдардың бизнес процестерін оңтайландыру есебінен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерін медициналық ақпараттық жүйелермен интеграциялау арқылы медицина қызметкерлерінің жүктемесін 40 пайызға дейін төмендету жұмысы жүргізілді. Ақауларды автоматты түрде анықтау дәлдігін 4 есе арттыруға мүмкіндік берген Медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі іске қосылды. Бүкіл ел бойынша пациенттерді цифрлық сәйкестендіру кеңейтіліп, оның нәтижесінде 8 ай ішінде медициналық қызметтерді артық тұтыну көрсеткіші 6,8 пайызға немесе 6,7 млрд теңгеге төмендеді, - деді Ақмарал Әлназарова.

Оның айтуынша, алдағы айда кадрлардың, жабдықтардың және медициналық техниканың бөлінуін онлайн режимде қадағалайтын Денсаулық сақтау ресурстарын басқарудың жаңа жүйесі іске қосылады.

- Желтоқсан айында барлық медициналық деректі бір эталондық сақтау қоймасында жинақтайтын Медициналық деректердің бірыңғай сақтау қоймасын іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 2026 жылы электронды денсаулық паспорттары азаматтарға толыққанды қолжетімді болады, - деді министр.

Бұған дейін 2026 жылы МӘМС деректерін беретін мемлекеттік органдардың тізімі жаңартылатынын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар