2026 жылы елордада № 2 индустриялық парктің құрылысы басталады

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының мәслихаты кезектен тыс сессия отырысында № 2 индустриялық парк салуды қолдады. 

2026 жылы елордада № 2 индустриялық парктің құрылысы басталады
Фото: Астана әкімдігі

— Қазақстан Республикасының индустриялдық және инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде Астана қаласының әкімдігі екінші индустриялық парк салу жөнінде жұмысты бастады. Парк арнайы экономикалық аймақ шегінде орналасады, аумағы 432 га жерді қамтиды, — деді Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов мәслихаттың кезектен тыс сессиясында.

Басқарма басшысы келтірген мәліметке сүйенсек, жаңа индустриялық паркте жалпы құны 500 млрд теңге болатын 100-ден астам инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

— Индустриялық парк аумағында электрондық жабдық, фармацевтика, химиялық өнімдер зауыты, машина жасау, құрылыс материалдары тағы сол сияқты салалық жобалар іске асырылады. Парк құрылысы үш кезеңге бөлінген, құрылыс 2026 жылы басталып, 2028 жылы аяқтау жоспарланған, — дейді ол.

Оның айтуынша, индустриялық парк жаңа жұмыс орындарының ашылуына, қала инфрақұрылымының жақсаруына және қазынаға түсетін салықтың көбеюіне ықпалы мол. 

Еске сала кетсек, Астанада екінші индустриялық парктің салынатыны 2019 жылдан бері айтылып келеді

Соңғы жаңалықтар