2026 жылы инфляция 10 пайыздан төмен болады — Ұлттық экономика министрі
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет 2026 жылы елдегі инфляция деңгейі 10 пайыздан төмен болады деп болжап отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.

— Жыл соңына дейін біздің алдымызда нақты бағдарлар тұр. Олар: экономиканың өсуін 6%-дан кем емес деңгейде ұстау; инфляцияны 10-11%-ға дейін төмендету. (Бұл ретте, 2026 жылы инфляция деңгейі 10%-дан төмен болады). Шамамен 25 млрд доллар тікелей шетелдік инвестициялар тарту; негізгі капиталға инвестициялар көлемін 26 трлн теңгеге дейін жеткізу; шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімге үлесін шамамен 40% деңгейінде қамтамасыз ету, — деді вице-премьер.
Бұған дейінгі Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкіметтің коммуналдық тарифтерді көтеру шарасын кейінге қалдыру туралы шешімін уақтылы әрі орынды қадам деп бағалайтынын жазған едік.