2026 жылы несиеге мал алғандарға да мемлекеттен 85 пайыз кепілдік беріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысынан кейін өтіп жатқан баспасөз мәслихатында несиеге мал алайын десе, кепілдікке қоятын активі болмай жүрген шаруаларға мемлекет қандай көмек беретінін айтты.
- Кепілдік беру саясатына қатысты мәселе шешілді деп айтуға да болады. «Даму» қоры арқылы несие сомасының 85 пайызына кепілдік беріледі. Кеңселердің табалдырығын тоздырып жүрмеу үшін портфельдік кепілдендіру жасап қойдық. Бірден «Аграрлық несие корпорациясы» өтінім қабылдап, 85 пайыз кепілдік береді. Осы бағдарламаны мал шаруашылығына да енгізбекшіміз, - деді ол.
Министрдің сөзінше, осы бастама бойынша кешенді жоспар әзірленіп жатыр.
- Жоспарды жыл соңына дейін аяқтап, келесі жылы қолдауды бастаймыз Бұл ауыл шаруашылығына үлкен қолдау болайын деп тұр. Қазір шаруаларға жергілікті әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар да несие береді. Ал олардың кепілдік саясатын үйлестіру кеңестері айқындайды, - деді ведомство басшысы.
Еске салсақ, екі ай бұрын Премьер-министр Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігіне 2 ай ішінде мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеп, 1 ай ішінде жер ресурстарын әділ бөлуге бағытталған тиісті заңнамалық бастамаларды әзірлеп, ұсынуды тапсырған еді.