2026 жылы 400-ден астам дәрі-дәрмек делдалдардың қатысуынсыз тікелей сатып алынады - ДСМ

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдан бастап жалпы қажеттілік 567 млрд теңгеден асады. «СҚ-Фармация» сатып алу науқаны шеңберінде 2000-нан астам дәрілік зат пен медициналық бұйымды сатып алады - бұл 2025 жылмен салыстырғанда 7,2%-ға артық, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

дәрі-дәрмек
Фото: ДСМ

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, негізгі өзгерістердің бірі өндірушілерден тікелей сатып алу үлесінің артуы болды. 2026 жылы 400-ден астам дәрі-дәрмек делдалдардың қатысуынсыз тікелей сатып алынады, бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен 2,7 есе артық.

Мұндай динамика Денсаулық сақтау министрінің №110 бұйрығымен бекітілген жаңартылған Қағидаларда бекітілген сатып алудың жаңа тетіктерін енгізудің нәтижесі болды. Негізгі назар тікелей өндіруші зауыттардан баға ұсыныстарын сұрауға аударылады, бұл сатып алу бағасын төмендетуге, ашықтықты арттыруға және құнның қалыптасуын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Сатып алу бұрынғыдай халықаралық ұйымдар – БҰҰДБ, ЮНИСЕФ және СТОП ТБ арқылы жүзеге асырылады. Халықаралық институттар арқылы сатып алынатын позициялардың саны 87%-ға (23-тен 43-ке дейін) ұлғайды. Мұндай механизм бәсекеге қабілетті әлемдік бағалар есебінен айтарлықтай үнемдеуді қамтамасыз етеді, ал босатылған қаражат пациенттерді қосымша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталады.

Сатып алынған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына жеткізу биылғы желтоқсан айында жоспарланып отыр. Медициналық ұйымдарға жеткізу 2026 жылдың қаңтарынан басталады.

Дәрілік заттарды сатып алу қажеттілікті атаулары, дозалары және жеткізу кестелері бойынша айқындайтын медициналық ұйымдардың өтінімдері негізінде жүзеге асырылады. Мемлекеттік қаражатты жұмсаудың тиімділігін арттыру үшін бірыңғай дистрибьютор делдалдар тізбегін қоспағанда, тікелей сатып алуға бағдарлануды күшейтеді.

2024 жылы сатып алу ережелеріне жаңа тетік – баға ұсыныстарын сұратуды бекітетін өзгерістер енгізілді. Осының арқасында өндірушілер тікелей сатып алатын препараттардың саны 2025 жылғы науқанмен салыстырғанда 5 еседен астам өсті.

Ашықтықты қамтамасыз ету үшін «СҚ-Фармация» ресми сайтында сатып алу туралы ашық хабарландырулар жарияланады. Сонымен қатар, жеткізушілермен белсенді келіссөздер жүргізіледі: дайындық кезеңінде баға талдауы және оңтайлы шешімдерді іздеу жүргізіледі. 2025 жылғы сатып алу науқанының қорытындысы бойынша үнемдеу 70 млрд теңгеден асты.

Бірыңғай дистрибьютор тікелей сатып алу үлесін кеңейтуді және өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар жүйесіне көшуді жоспарлап отыр. Бұл бағаның тұрақтылығын, жеткізілімнің болжамдылығын және логистиканың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

-Халықты дәрі-дәрмекпен уақтылы қамтамасыз ету мақсатында «СҚ-Фармация» 2027 жылға арналған сатып алу науқанын 2026 жылдың мамыр айында бастайды, бұл жеткілікті қорларды қамтамасыз етуге және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді,-делінген хабарламада.

Осығандейін тіркелмеген дәрі-дәрмек әкелуге арналған электронды рұқсаттың жаңа формасы енгізілгені туралы хабарладық.

Сондай-ақ былтыр елдегі дәрі-дәрмек өндірісі – 21,8%-ға ұлғайғаны туралы жазды.

 

Соңғы жаңалықтар