2027 жылдан бастап қарыз алушыларға жаңа лимит енгізілуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициентінің шекті деңгейін енгізуді жоспарлап отыр.
Ұлттық банк 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициентінің (КБК) шекті мәнін белгілеуді жоспарлап отыр. Тиісті норма «Макропруденциялық нормативтер мен лимиттер, олардың нормативтік мәндерін және есептеу әдістемесін белгілеу туралы» қаулы жобасы аясында әзірленген.
Ведомствоның мәліметінше, КБК 2024 жылғы тамыздан бастап реттеушілік тәжірибе ретінде мониторинг режимінде қолданылып келеді. Бұл көрсеткіш қарыз алушының барлық өтелмеген қарыздары мен микрокредиттерін, соның ішінде жаңа жоспарланып отырған несиені қоса алғанда, оның жылдық табысымен арақатынасын көрсетеді.
Қарапайым тілмен айтқанда, КБК азаматтың жалпы қарыз жүктемесінің оның жылдық кірісіне шаққандағы деңгейін анықтайды. Көрсеткіштің жоғары болуы қарыз жүктемесінің артуын және төлем қабілетіне қатысты тәуекелдің күшеюін білдіреді.
Ұлттық банктің түсіндіруінше, жаңа құрал банктердің жауапты несие беру саясатын күшейтуге, халықтың шамадан тыс қарыздануын азайтуға және қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
— Жоспарға сәйкес, 2027 жылдан бастап қарыз алушының жалпы берешегі бойынша КБК-ның шекті деңгейі жылдық 8 табыс мөлшерінде белгіленбек. Сонымен қатар автокредит, ипотека және кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша КБК көрсеткішіне мониторинг жалғасады, алайда олар үшін жеке шекті мәндер енгізілмейді, — делінген хабарламада.
Қажет болған жағдайда Ұлттық банк несие түрлері бойынша сараланған шектеулер енгізуге немесе жалпы шекті деңгейді қайта қарауға құқылы болады.
Реттеуші орган қазіргі қолданыстағы борыштық жүктеме коэффициентіне (БЖК) қатысты талаптарды өзгерту жоспарланбағанын да нақтылады.
Ұлттық банк қаулы жобасының толық мәтінімен ресми сайт арқылы танысуға болатынын хабарлады.
Бұдан бұрын Ұлттық банк цифрлық теңгені шығару және айналымға енгізу қағидаларын бекітті.