2027 жылғы бюджетте доллар бағамы бірден 60 теңгеге төмендеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Үкіметі 2027 жылға арналған республикалық бюджеттегі доллар бағамын өткен жылмен салыстырғанда төмен деңгейде белгіледі. Ұлттық экономика министрлігі болжамның не себепті қайта қаралғанын түсіндірді.

доллар
Фото: pexels

ҚР ҰЭМ бірінші вице-министрі Азамат Әмрин 2026 жылға арналған бюджетте доллар бағамы 540 теңге деңгейінде алынғанын еске салды.

– 2026 жылға бюджетті жоспарлау жұмысы 2025 жылдың шілде-тамыз айларында жүргізілді. Сол кезде доллар бағамы 540 теңге шамасында болды, тіпті 550-554 теңгеге дейін жеткен кезі бар. Сондықтан сол кездегі бағамның өзгеру қарқынына сүйеніп, жалпы осы деңгейдегі бағам сақталады деп күттік, – деп түсіндірді ол.

Спикердің айтуынша, биылғы жағдай өзгерген.

– Биылғы бағамның өзгеру динамикасын ескеріп, 480 теңге деп болжап отырмыз. Ал жыл басынан бергі орташа бағам 478 теңге болып отыр. Сол себепті барынша төменгі деңгейде – 480 теңге бағамын белгіледік, – деді вице-министр.

Айта кетейік, 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында мұнайдың бағасы барреліне 70 доллар деңгейінде алынған. Бұл қазіргі бюджетте көзделген көрсеткіштен 10 долларға жоғары.

Бұған дейін Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы мемлекеттік органдар сұраған қаржының 5 трлн теңгесі негізсіз боп шыққанын айтқан еді.

Сондай-ақ Ұлттық қордан стратегиялық жобаларға 5 трлн теңге бөлінеді.