2027 жылы әлеуметтік саланың шығыстары 10,5 трлн теңге болады

АСТАНА. KAZINFORM – 2027 жылы әлеуметтік саланың шығыстары 10,5 трлн теңге болады. Бұл туралы Үкімет отырысында алдағы 3 жылдық республикалық бюджет туралы заң жобасын таныстырған Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты.

бюджет, кіріс
Фото: Gov.kz

- 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленді. 2027 жылға арналған негізгі параметрлері келесідей: 25,6 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің 12,9 пайызын құрады. Ұлттық қордың кепілдендірілген трансферт көлемі 2,4 трлн теңге мөлшерінде белгіленді. 2 трлн теңге көлеміндегі нысаналы трансферт аса маңызды объектілерге және жалпы ұлттық маңызы бар жобаларға бағытталатын болады. Бюджет 2027 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,3 пайызы болады деп жоспарланған. Осы жылдың жоспарымен салыстырғанда 2,5 трлн теңгеге артып, 30,2 трлн теңге болады, - деді министр.

Оның мәліметінше, әлеуметтік саланың шығыстары 2027 жылға 10 трлн 544 млрд теңге көлемінде жоспарланған. Бюджет жобасында әлеуметтік төлемдерді алушылар санының өзгеруі мен индекстеу ескерілді. Халықты әлеуметтік қолдаудың қажетті деңгейін қамтамасыз етуге қосымша 739 млрд теңге көзделді.

- Экономиканың нақты секторын қолдауға арналған бюджет шығысы 3 трлн 892 млрд теңге болды. Бұл осы жылдың деңгейінен 507 млрд теңгеге артық. Шығыстың ұлғаюы ең алдымен ел экономикасы үшін жүйелі, маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жалғастырумен байланысты болды. Жалпы алғанда, жергілікті атқарушы органдардың даму бюджеттерін ескере отырып, экономиканың нақты секторын қолдауға арналған шығыстар шамамен 7 трлн теңге болады. Күштік блогқа 3,3 трлн теңге көзделген. Ол осы жылдың жоспарына қарағанда 257 млрд теңгеге ұлғайып отыр. Әкімшілік мемлекеттік органдарға 787 млрд теңге көзделді, - деді Мәди Тәкиев.

Министрдің айтуынша, бұл шығыстарды қалыптастыру кезінде мемлекеттік шығыстардың тиімділігі мен нәтижелілігі, әкімшілік шығындардың негізсіз ұлғаюына жол бермеу, және республикалық бюджеттің теңгерімділігін сақтау қағидаттары ескерілді.

- Бұл ретте әкімшілік шығыстарды қысқарту, мемлекеттік органдардың өздеріне жүктелген функциялары мен қабылданған мемлекеттік міндеттемелерін орындауы үшін тәуекелдер тудырмайды. Сонымен қатар бюджет жобасы жүргiзiлiп жатқан конституциялық және институционалдық реформаларға байланысты жүйелi өзгерiстер назарға алынды. Тиісінше, Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесінің қызметін қамтамасыз етуге арналған шығыстар ескерілді, - деді ол.