2027 жылы Алматыда көлік пен өнеркәсіп нысандарына экологиялық талап күшейеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM  Алматыда атмосфералық ауаны қорғаудың жаңа ережелері бойынша негізгі талаптар 2027 жылдың басынан бастап күшіне енеді. 

2027 жылы Алматыда көлік пен өнеркәсіп нысандарына экологиялық талап күшейеді
Фото: Алматы әкімдігі

«Eco Almaty» ЖШС бас директорының орынбасары Айдана Қасеннің айтуынша, құжат ауаны ластайтын шығарындыларды азайтуға бағытталған кешенді шараларды қамтиды. Атап айтқанда, автокөлікке, өнеркәсіп нысандарына және тұрмыстық ластану көздеріне қойылатын талаптар күшейтіледі. Соның ішінде көліктердің катализаторларды міндетті түрде пайдалануы және шығарындылар бойынша белгіленген нормаларды сақтауы бар.

III санаттағы нысандарға (монша, кәуапхана, т.б.) қатысты талаптар бөлек қарастырылған. Олар үшін сүзгілерді міндетті түрде орнату, шаң басатын технологияларды енгізу, тұрақты зертханалық өлшемдер жүргізу және экологиялық таза отын түрлеріне көшу талап етіледі. 

2027 жылы Алматыда көлік пен өнеркәсіп нысандарына экологиялық талап күшейеді
Фото: Алматы әкімдігі

Сонымен қатар жаңа ережелерге сәйкес, қаладағы газдандырылған аудандарда қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салынады. 

– Жаңа талаптарды енгізу ауа ластану деңгейін жүйелі түрде төмендетуге және барлық шығарынды көздерінің экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған, - деді Айдана Қасен.

Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсан айында Алматы мәслихаты атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын бекітті

Биыл 28 сәуірден бастап Алматыда төмен эмиссиялы аймақтың (LEZ) пилоттық жобасы іске қосылды. Сынақ кезеңі 2026 жылы 31 желтоқсанға дейін жалғасады.