2027 жылы елордада жеті әлем чемпионаты өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Келесі жылы елорда төрінде жеті бірдей әлем чемпионаты жалауын көтереді. Бұл туралы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Қазіргі таңдағы спорт саласындағы жетістіктер — бұл Үкіметтің, тиісті министрліктің табанды жұмысының алғашқы нәтижесі деген сөз. Алайда алдыңызда тұрған міндет аз емес. Елімізде түрлі халықаралық додалар өткізілуде. Биыл Астанада дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияны ұштастырған бірегей жарыс — Болашақ ойындары сәтті өтті. Келесі жылы елорда төрінде жеті бірдей әлем чемпионаты жалауын көтереді. Өте ауқымды жұмысты атқаруымыз керек, — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пайымынша, мұның бәрі еліміздің абыройына, беделіне өте қажетті халықаралық іс-шаралар саналады.
— Ал 2029 жылы Алматыда 10-қысқа Азия ойындары өтеді. Осы маңызды шаралардың бәрін сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Алматыда Денис Теннің құрметіне халықаралық турнир өтетінін жазғанбыз.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 74 медаль жеңіп алды.