2027 жылы жаңа экологиялық талаптар күшіне енеді: алматылықтар нені білуі қажет

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда былтыр атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын бекітілді. Олар 2027 жылы күшіне енеді. Осы орайда, Kazinform тілшісі Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқарма басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереевпен сұхбаттасты. Ол әр алматылыққа қатысы бар ережелер бойынша түсініктеме берді.

Хива приняла от Алматы эстафету Молодежной столицы Тюркского мира
Фото: Gov.kz

- Аршан Аманбайұлы, былтыр Алматы мәслихаты атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын бекітті. Бұл жобаны қабылдап, тиісті ережелерді бекітудің қала экологиясы үшін маңызы қандай болды?

- Негізі, бұл құжат – қала үшін өте маңызды. Қанша жылдан бері ауаның ластануын, оның ахуалдарын көріп жүрміз. Сондықтан бұл қала үшін үлкен қадамдардың бірі. Жалпы атмосфералық ауаны қорғау қағидалары бойынша Алматыда LEZ аймағын, яғни Low Emission Zone (төмен шығарындылар аймағы) енгізілді. Бұл халықаралық тәжірибе – Лондонда, Нью-Йоркте, Бейжіңде бар. Бұл аймақта көліктің зиянды шығарындылары нормадан асатын болса, оған шектеу қойылады. Қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салынады және т.б.. Кей тұрғындар ауаның ластануына отын жағатын қоғамдық тамақтану орындарын кінәлайды. Басқалары көліктерге сілтейді. Тағы бір топ жылу электр орталықтарының кесірі туралы айтады. Бірақ бастысы – аз болсын, көп болсын барлығының ауаға кері әсері бар. Сондықтан біз аталған қағидалар аясында олардың біреуімен ғана күреспей, жүйелі түрде реттеуге тырысамыз. Алайда аталған қағидалар барлық экологиялық мәселелерді шешеді деп айта алмаймыз. Болашақта бұл ережелер толықтырыла берді. Оны жүзеге асыра бастаған кезде тәжірибе жинап, қай тұсына күшейту керек, қай жерін жеңілдету керек – бәрін анықтаймыз. Барлық ереже біз ойлағандай жұмыс істемеуі мүмкін.

ы
Фото: Аршан Аманбайұлының жеке мұрағатынан

- Экологиялық қағидалар қандай зерттеулер мен халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып әзірленді?

- Біз осы қағидаларды қабылдағанда Қытай астанасы Бейжің қаласының тәжірибесіне сүйендік. Олардың экологиялық жағдайы бастапқыда бізге ұқсас болған. Бірақ ол жақта қалай заң қабылданса, ертеңіне сол заңның бәрі жұмыс істеп кетеді. Ал Алматыда экологиялық қағидалар қабылданғанмен, оның бір жылдық мерзімі бар. Негізгі талаптар 2027 жылдың 8-ші қаңтарынан бастап күшіне енеді. Осы тұста, Бейжің тәжірибесіне кеңінен тоқталсақ, олар жеке секторды газдандыру, жылу-электр орталықтарының жұмысын газға ауыстыру, ауаны ластайтын мекемелерді қала сыртына шығару сынды шараларды қабылдаған. Сондай-ақ белгілі бер аймақтарда экологиялық талаптарға сай келмейтін көліктерге шектеу қойылып, ескі көліктерді қала сатып ала бастады. Кейін осы бағыттағы жұмысты біртіндеп күшейте берді. Мен биыл Бейжіңге бардым. Қала халқы бізден 10 есе көп болса да, көшеде кептеліс көрген жоқпын. Қаланың ауасы таза көрінді. Одан бөлек мегаполис орталығында байқалатын ең басты ерекшелік – ол дыбыс. Қанша көлік пен автобус өтсе де, олардың даусын естімейсің. Себебі көбі электрлі көліктер.

- Қазір Бөгенбай батыр көшесі, Абай даңғылы, Желтоқсан көшесі және Достық даңғылы аралығында LEZ аймағы пилотттық режимде іске қосылды. Оның алдын ала нәтижесі дайын ба? Нақты қандай деректер жиналып жатыр?

- Пилоттық жоба аясында негізінен зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде сол аумақтан қанша көлік және қай жылғы көліктер өтеді, жүк көліктері мен жеңіл көліктердің үлесі анықталуда. Бұл жұмыстар үшін көшедегі камералар, оның ішінде «Сергек» бейнебақылау жүйесі қолданылады. Жобаның операторы – Almaty Parking мекемесі. Көліктің мемлекеттік нөмірі бойынша базада оның техпаспорты шығып тұрады. Сол арқылы оның қай жылғы, қай мемлекетте шығарылғанын және Еуро стандарты бойынша экологиялық санатын білуге болады. Пилоттық режим енгізілген аумақта қазір арнайы жол белгілері қойылды. Енді болжам бойынша 2-3 айдан кейін осы деректердің есебін жасап, оған сараптама жүргізіп, әрі қарай нәтижесі бойынша жұмыс істейтін боламыз.

у
Фото: Аршан Аманбайұлының жеке мұрағатынан

- Мамандар Еуро-0, Еуро-4 деп жиі айтады. Жалпы көліктердің экологиялық санатын анықтайтын осы стандарттардың жұмысын түсіндіріп өтсеңіз?

- Еуро стандарттар (Еуро 0–6) – бұл ең алдымен автокөліктердің қоршаған ортаға шығаратын зиянды қалдықтарының мөлшерін реттейтін халықаралық экологиялық талаптар. Мұны қарапайым тілмен былай түсіндіруге болады: стандарттың саны азайған сайын, көліктің табиғатқа келтірер зияны мен бөлетін улы газы соғұрлым көп болады. Ескі көліктер Еуро 0 стандартына жатады. Олар экологияға ең көп зиян келтіретін машиналар. Ал уақыт өткен сайын бұл талаптар күшейіп келеді. Қазіргі уақытта Қазақстанға Еуро 6 стандартындағы автокөліктер келіп жатса, Еуропа елдерінде қазірдің өзінде Еуро 7 стандартты көліктер шыға бастады. Яғни, бұл сан неғұрлым жоғары болса, көлік соғұрлым жаңа әрі экологиялық тұрғыдан таза, қауіпсіз деген сөз.

- Пилоттық режим нәтижесі бойынша LEZ аймағы қалай кеңейеді?

- Бүгінде LEZ аумағына кірген көлік жүргізушілеріне арнайы хабарлама келеді. Бұл хат екінші деңгейлі банк қосымшалары арқылы push-хабарлама ретінде жіберіледі. Егер телефонда мұндай қосымшалар болмаса, онда ұялы байланыс арқылы SMS ретінде барады. Хабарламада «Сіз арнайы белгіленген төмен шығарындылар аумағына кірдіңіз. Шығарындылары белгіленген экологиялық талаптардан асатын көліктерге келесі жылдан бастап шектеу енгізіледі» деген мазмұнға ұқсас ескерту болады. Ал LEZ аймағы кеңеюіне келсек, оны нақты айту қиын. Ол шешім біз нақты шаралар қабылдауға дайын болған кезде қабылданады. Бірақ болашақта қаланың барлық аумағында қолдануды жоспарлап отырмыз.

- LEZ аймағында көліктерге 2027 жылдан бастап нақты қандай шектеулер болады?

- Шектеу дегеніміз – бұл «ескі көліктер қалаға мүлдем кірмейді» немесе «кіру ақылы болады» деген сөз емес. Басты талап – көліктің шығаратын зиянды газдары белгіленген экологиялық нормадан асып кетпеуі тиіс. Егер жүргізуші көлігін күтіп ұстаса, катализаторы дұрыс жұмыс істеп тұрса, ол көлік тіпті 1990 немесе 2000 жылдары шыққан ескі машина болса да, оған ешқандай айыппұл салынбайды және ол еш ақысыз еркін жүре береді. Себебі ескі көліктерге қойылатын экологиялық стандарт жаңа көліктерден бөлек, олардың зауыттық ерекшелігі ескеріледі. Біз бұл жұмысты автоматтандырып, жасанды интеллект пен компьютерлік жүйеге жүктеп отырмыз. Қазіргі таңда 30-ға жуық техникалық байқау орталығы «Eco Almaty» компаниясымен шартқа отырды. Көлік жыл сайынғы техникалық тексеруден өткенде оның зиянды шығарындыларыныңмөлшері туралы мәлімет автоматты түрде біздің базаға және Almaty Parking жүйесіне жолданады. Көлік LEZ аймағына кірген сәтте камералар оның нөмірін оқып, базадан техникалық байқаудан өткен-өтпегенін және экологиялық нормаға сай екенін автоматты түрде тексереді. Егер жүйе көліктің экологиялық нормаға сай емес екенін немесе техникалық тексеруден өтпегенін анықтаса, алдымен ескерту беріледі. «14 күннің ішінде бұзушылықты жойып, тексерістен өту керек» деген хабарлама жолданады. Егер жүргізуші осы уақыт ішінде көлігін жөндемей, LEZ аумағына тағы да кіретін болса, онда автоматты түрде айыппұл салынады.

d
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

- Алматылықтардың көлігі мен өзге өңірлерден келген көліктерге бірдей талаптар қойыла ма? Әлде әртүрлі бола ма?

- Қоғамда осындай ой-пікір бар. Бірақ біз ешкімді бөле алмаймыз. Сен қаланың тұрғынысың, сен Алматы облысының тұрғынысың немесе басқа өңірден келдің деп айта алмаймыз. Көліктер қалаға күнделікті кіріп-шығады. Бірақ бәріне талаптар бірдей болады.

- ІІІ санаттағы нысандар мен отын-көмір жағатын жеке үйлерге талаптар қай жағынан күшейіп жатыр?

- Энергетика басқармасынан ақпаратқа сәйкес, қазіргі таңда 99,6% жеке үйлер газдандырылған. Ал үшінші санаттағы объектілер туралы айтсақ, оларға монша, кәуапхана сынды қоғамдық тамақтану орындары жатады. Қазір «Eco Almaty» ЖШС-ның мамандары нысан иелерімен, кәсіпкерлермен кездесіп, түсіндіру жұмыстары жүргізіп жатыр. Экологиялық таза отынға ауысу керек екенін, сондай-ақ қажет болған жағдай фильтр қою керек екенін түсіндіріп жатырмыз. LEZ аумағының шекарасында осындай талаптар болады. Болашақта қатты отын жағу деректері анықталса, онда жауапты адамға айыппұл салынды. Бірақ бір нәрсені түсіну қажет – айыппұл бекер, тек айыппұл керек болғандықтан салынбайды. Бұл қалыптасқан жағдайды өзгертудің құралы. Жалпы ешкімге айыппұл салуды мақсат етпейміз, қайта адамдардың өнеркәсіп пен жеке үйлерінде газ және электр қуатына өткенін қалаймыз. Айтылған талаптарды барлығы орындайтын болса, онда ауа сапасы бірнеше есе жақсарады.

- Отын-көмір жағатын қаладағы нысандарға талаптадың күшеюі дұрыс шешім. Алайда Алматының жанында газдандырылмаған ауыл тұрғындарының үйлері бар. Олардың қаладағы ауа сапасына тікелей әсері бар. Осы бағытта облыс әкімдігімен бірге қандай жұмыс атқарылып жатыр?

- Жақында Алматы агломерация бойынша кеңестің отырысы өткен. Оған Алматы қаласының әкімі және Алматы облысының әкімі, ведомсто басшылары қатысты. Сонда Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқарма басшысы атап өткендей, қала маңындағы 3 ауданда 18 мыңға жуық газдандырылмаған жеке үйлер бар. Осы бағытта бірлескен жол картасы әзірленіп, оған қол қойылды. Облыс басшылығы келесі жылдың аяғына дейін бұл үйлерге газ кіргізуге тырысады. Бұл бағытта ортақ жұмыс жалғасып жатыр. Біз өз тарапымыздан ұсыныстарымызды жолдадық.

- ЖЭО-2 және ЖЭО-3 газға ауыстыру жұмыстары қалай жүріп жатыр? Бұл нысандардың газға көшуі қала экологиясын қаншалықты жақсартады?

- Биыл екінші жылу электр орталығының жанындағы газдандырылған жаңа станцияның құрылысы толықтай аяқталады. Құрылыс біткенімен, оның алдағы уақытта іске қосу-баптау жұмыстары болады. Оның нақты қашан қосылатыны туралы мен дөп басып айта алмаймын, оны «Алматы жылу жүйесі» мекемесі нақты біледі. Менің білетінім – биыл оның құрылысы мәресіне жетеді. ЖЭО-2 газға өткеннен кейін қазір жылына бөлетін 37 мың тонна шығарынды 2,5 мың тоннаға дейін азаюы тиіс. Ал ЖЭО-3 жылына 12 мың тонна зиянды шығарынды жіберсе, болашақта бұл көрсеткіш 1,6 мың тоннаға дейін төмендейді. Нәтижесінде екі станция да газға көшкен кезде ауаға шығатын зиянды газдардың көлемі 92%-ға дейін азаяды деп болжап отырмыз.

- Алматы тұрғындарына айтатын жеке тілек не үндеуіңіз бар ма?

- Мен халықпен кездесу кезінде, жиналыстарда әрдайым бір маңызды түсінікті айтып отырамын. Қаладағы ауа сапасы үшін әркімді бір кінәлап отыра беруге болмайды. Ауа бәрімізге ортақ, оның таза болғаны бәрімізге керек. Оны балаларымыз жұтып жатыр. Айтарым – бәрі өзінен бастауы керек. Әр адам экологиялық талаптарды орындаса, көшеге қоқыс тастамаса, өз іс-әрекетіне жауап берсе, онда айналасы да түзеледі. Ал қала әкімдігі өз кезегінде жағдайды жақсарту үшін барлық шараyы қабылдайды. Келесі жылдан бастап көзге көрінетін жетістікке жетеміз деген үміттемін. Соған ұмтыламыз.