2028 жылға дейін республикалық жолдарға автоматты салмақ өлшейтін 126 станса орнатылады
АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазАвтоЖол» басшысы Дархан Иманашев Үкімет отырысында республикалық маңыздағы жолдардың бойында автоматтандырылған салмақ өлшейтін стансалардың көбейе түсетінін айтты.
— Автожолдардың жабынын сақтау мақсатында автоматтандырылған салмақ өлшеу стансаларын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл 24 станса, орнатылса, 2028 жылға дейін Қазақстан Даму Банкі есебінен 126 өлшем стансасын орнату жоспарланып отыр, — деді Дархан Иманашев.
Сондай-ақ, ол аталған стансалар артық салмақпен жолға шыққан көліктерді анықтауға көп көмек көрсетіп жатқанын айтты.
— Осы атқарылған жатқан жұмыстардың нәтижесінде ауыр жүк көліктері тарапынан 542 мың ықтимал құқықбұзушылық тіркеліп, шара қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды, — деді Дархан Иманашев.
Бұған дейін «ҚазАвтоЖол» компаниясының ақылы жолдардан алатын қаражатын жауапты органдар жыл сайын тексеретіні айтылған болатын.
Сондай-ақ жыл басынан бері ақылы жолдардан 79 млрд теңге түскені анықталды.