2029 жылға дейін 11 мың км теміржол жөнделеді — Көлік министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол жөнделеді. Бұл туралы Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжанов айтты.

— Жолаушылар мен жүктерді үздіксіз әрі қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында теміржолдардың жағдайын жақсарту жұмысы жүргізіліп жатыр. 2029 жылға дейін теміржол желілерінің 11 мың шақырымын жөндеу жоспарланып отыр, — деді ол ОКҚ алаңында.
Спикердің айтуынша, аталған бағдарлама аясында 2023–2024 жылдары 2,8 мың шақырымнан астам жол жөнделген, ал 2025 жылы 1,48 мың км жолды жөндеу жоспарланған.
— Бұл шаралар Қазақстанды жаһандық логистикалық тізбектерге интеграциялау, сондай-ақ трансконтинентальды бағыттарға жаңа транзиттік жүк ағындарын тарту мақсатында басқа мемлекеттердің теміржол әкімшіліктерімен үйлестірілген жұмыс жүргізуге үлкен мүмкіндік береді, — деді Жәнібек Тайжанов.
Елімізде алдағы маусым және қыркүйек айларында екі жаңа электропойыз бағдары ашылады.
Сондай-ақ әйелдерге арналған вагоны бар жолаушылар пойызының саны 12-ге жетті.