2029 жылға дейін Қазақстанға 40 керқұлан жеткізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — 1 маусымда Қазақстанға Чехия Республикасынан керқұланның (Пржевальский жылқыларының) кезекті тобы жеткізілді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

2029 жылға дейін Қазақстанға 40 кертағы жеткізіледі
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Бұл — әлемде сақталған жалғыз жабайы жылқы түрінің популяциясын қалпына келтіруге бағытталған халықаралық жоба аясында әкелінген жануарлардың кезекті легі.

— Арнайы әуе рейсімен жануарлар Чехиядан Қостанай қаласының халықаралық әуежайына жеткізілді. Одан әрі олар арнайы жабдықталған автокөлікпен Қостанай облысы Амангелді ауданындағы «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватына тасымалданады. Реинтродукция орталығында жануарлар мамандардың бақылауымен бейімделу кезеңінен өтіп, кейін табиғи мекендеу ортасына жіберуге дайындалады, — делінген министрлік хабарламасында.

Тарихи тұрғыдан керқұлан Қазақстан аумағында мекендеген және Қазақстан далаларының табиғи мұрасының бір бөлігі. Алайда XX ғасырдың ортасына қарай бұл түр жабайы табиғаттан жойылып кетті. Оны қалпына келтіру халықаралық сақтау және реинтродукция бағдарламаларының арқасында мүмкін болды.

Бүгінде Қазақстан осы бірегей түрді өзінің тарихи мекендеу ортасына қайтару бойынша ауқымды бағдарламаны жүзеге асырып жатыр.

Жоба Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Прага хайуанаттар бағы, «Тирпарк Берлин» хайуанаттар бағы, Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы, Франкфурт зоологиялық қоғамы және басқа да халықаралық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстан мен Прага хайуанаттар бағы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес, 2029 жылға дейін Қазақстанға 40 керқұлан жеткізу жоспарланған. 2024 және 2025 жылдары «Алтын Дала» резерватына жануарлардың алғашқы екі тобы әкелінген. Ал биылғы жылдың мамыр айында бұрын жеткізілген жануарлардың бір бөлігі алғаш рет жабайы табиғатқа жіберілді.

Жобаның негізгі мақсаты — Орталық Қазақстан далаларында кертағының тұрақты популяциясын қалыптастыру және дала экожүйелерін қалпына келтіру.

Жобаны іске асыру Қазақстан үшін үлкен маңызға ие. Ол биологиялық әртүрлілікті сақтауға, тарихи тұрғыдан жоғалған жануарлар түрлерін қалпына келтіруге, табиғат қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және еліміздің дала экожүйелері мен сирек кездесетін жабайы жануарларды қорғау ісіндегі көшбасшы мемлекет ретіндегі беделін арттыруға ықпал етеді.

Еске салсақ елімізге Еуропадан тағы сегіз Пржевальский жылқысы әкелінетіні туралы жазған едік