2029 жылға дейін қуаты 7,3 ГВт болатын қосымша генерация көздері іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2029 жылға дейін құны 6,2 трлн теңге болатын жиынтық қуаты 7,3 ГВт болатын қосымша генерация көздерін іске қосу жоспарланған. Бұл туралы Электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры Асылжан Мусин айтты.

— Энергетика және коммуналдық секторлардың негізгі активтерінің тозуы 50%-дан асады. Бұл мәселені шешу мақсатында «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында генерация нысандарын, жылу және электрмен жабдықтау желілерін жаңғырту көзделген. 2029 жылға дейін электрмен жабдықтау желілерінің орташа тозуын 45%-ға, ал жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 42%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр, — деді ол Power Central Asia + China өңірлік энергетикалық форумында.
Сондай-ақ, ол Қазақстанда 2029 жылға дейін жиынтық қуаты 7,3 ГВт болатын қосымша генерация көздерін іске қосу жоспарланғанын айтты.
— Энергия нысандарын жаңғырту мен жаңадан салу жұмыстарына 2029 жылға дейін 6 208 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген. Атап айтқанда:
• Қолданыстағы активтерді жаңғырту бойынша 1 770 млрд теңгеге 14 жоба (2 050 МВт);
• Жаңа қуаттарды іске қосу бойынша 4 438 млрд теңге 15 жоба (5 259 МВт) іске асырылады, — деді департамент басшысы.
Айта кету керек, генерация секторы бойынша жобалар электр қуаты нарығының қолданыстағы механизмдері (аукциондар, инвестициялық келісімдер, тендерлер) шеңберінде жүзеге асырылады және оларға бюджет қаражаты есебінен субсидия тартылмайды.
— 2029 жылға дейін 29 жобаны аяқтау жоспарланып отыр, бұл электр станцияларының орташа тозуын 17%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Аталған жобаларды іске асыру орнатылған электр қуатын арттыруға және ел экономикасы мен халқын сенімді электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деп түйді сөзін Асылжан Мусин.
Айта кетейік, бұған дейін биыл елімізде 9 жаңартылатын энергия көзі іске қосылатынын жазған едік.