2029 жылға дейін отандық дәрі-дәрмек көлемі 50 пайызға жете ме – ДСМ жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушы Ардақ Амангелдіұлы отандық фармацевтика саласындағы отандық өнім көлемін арттыру үшін қандай шаралар жасалып жатқанын айтты.

Почему дорожают лекарства
Фото: freepik.com

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Аралбайұлы ҚР Жоғарғы аудиторлық палатасы жүргізген аудит нәтижелерін тілге тиек ете отырып, «Мемлекет басшысы жүктеген «2029 жылға қарай дәрі-дәрмектер саласында отандық өнім көлемін 50 пайызға жеткізу» тапсырмасын ведомство орындай ала ма? Ол үшін нақты қандай шаралар атқарылып жатыр?» деген сауал қойды.

- Осы мәселе аясында біз былтырдан бері арнайы департамент құрып, жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазір нақты 34 тауар өндіруші бар. 90 шарт негізінде 507 дәрі-дәрмек өндіріледі және 2 мыңдай медициналық бұйым шығарылады. Осы шарттардан басқа 7 жоба бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ондағы жалпы инвестиция көлемі – 650 млн доллар. Оларды іске қоссақ, біздің қосымша өндірілетін өнім 2029 жылы 300 млн долларға өседі деген жоспарымыз бар, - деп жауап берді Ардақ Амангелдіұлы.

Сондай-ақ спикер осы 7 жоба сәтті жүзеге асса, отандық өнім көлемін 14 пайыздай арттыратынын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін отандық дәрі-дәрмек үлесін 50 пайызға жеткізу үшін 7 жоба қарастырылып жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар