2030 жылға дейінгі көмір генерациясын дамыту жоспары таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҚР Үкіметі Энергетика министрлігі арқылы көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеп жатыр, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

2030 жылға дейінгі көмір генерациясын дамыту жоспары таныстырылды
Фото: Энергетика министрлігі

Энергетика министрлігі дөңгелек үстел отырысында сарапшылық қауымдастыққа 2030 жылға дейінгі көмір генерациясын дамыту жөніндегі Ұлттық жоспардың жобасын таныстырды.

Жобаның бастапқы құны 8 трлн теңгеден асады деп бағаланып отыр. Ұлттық жоспар елдегі энергия тапшылығын шешуге және ескірген стансаларды жаңартуға бағытталған.

2030 жылға дейінгі көмір генерациясын дамыту жоспары таныстырылды
Фото: Энергетика министрлігі

— Ұлттық жоба саладағы барлық бағытты кешенді әрі жан-жақты дамытуға бағытталған. Бұл инвестиция тартудан бастап, отын-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және кадрлық әлеуетті күшейтуге дейінгі теңдестірілген тәсіл. Мұндай жүйелі әдіс экономиканың мультипликативтік әсерін қамтамасыз етіп, елдің тұрақты дамуына үлес қосады, — деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенжанов. 

Жоспарға алты ірі энергетикалық нысанның құрылысы кіреді: Екібастұз МАЭС-3 (ГРЭС), сондай-ақ Курчатов, Көкшетау, Семей, Өскемен және Жезқазған стансалары.

2030 жылға дейінгі көмір генерациясын дамыту жоспары таныстырылды
Фото: Энергетика министрлігі

Сонымен қатар, Екібастұз МАЭС-2 және Ақсу МАЭС сияқты жұмыс істеп тұрған стансаларды техникалық жаңғырту қарастырылған. Жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларды тендер арқылы таңдау механизмдері қолданылады. Ал қолданыстағы стансаларды жаңарту үшін министрлікпен инвестициялық келісімдер жасалады. Бұл шаралар жобаны іске асыру процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, ұзақмерзімді келісімдер шеңберінде болжанатын тарифтерді сақтай отырып, инвестициялардың қайтарымдылығын қамтамасыз етеді. 

2030 жылға дейінгі көмір генерациясын дамыту жоспары таныстырылды
Фото: Энергетика министрлігі

— Жобада басты назар «таза көмір» негізіндегі нысандарға, заманауи технологияларды қолдануға аударылған. Біздің мақсат — моральдық және физикалық ескірген қуаттарды жоғары тиімділік коэффициентіне ие заманауи энергетикалық блоктармен кезең-кезеңімен алмастыру. Бұл экологиялық талаптар мен энергетикалық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді, — деді ведомство басшысы. 

Жаңа қуаттарды тиімді енгізу үшін көмір өндіру және теміржол инфрақұрылымын дамыту жоспарларын үйлестіру қажет. Министрлік көмір өндірісін ұлғайту және теміржол желісіндегі өткізу қабілеті шектеулі учаскелерді («тар тұстарды») жою мәселелерін талқылады.

2030 жылға дейінгі көмір генерациясын дамыту жоспары таныстырылды
Фото: Энергетика министрлігі

Жобаның әлеуметтік бөлігінде персоналды қорғау шаралары мен «Отбасы банк» АҚ-пен бірлесіп арнайы тұрғын үй бағдарламаларын іске қосу қарастырылған. Ұсынылған ұсыныстар барлық мүдделі тараппен пысықталғаннан кейін Ұлттық жобаны соңғы нұсқада бекітуге негіз болады.

Бұған дейін Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіткенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар