2030 жылға қарай әлемде электронды шылымдарды сату көлемі 17 есеге артады - ДСҰ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2030 жылға қарай әлемде электронды шылымдарды сату көлемі 17 есеге артады. Бұл туралы Дүнижүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының никотинді тұтынудың электронды жүйесіне қатысты жаңа баяндамасында жария етілді.
None
None

«Қазір бүкіл дүние жүзінде электронды шылымға деген әуестік күннен күнге артып келеді. Бүгінгі таңда әлемде электронды шылымдардың 500-ге жуық бренді тіркелген. 2013 жылы тұтынушылар бүкіл әлем бойынша электронды шылымдарды сатып алуға 3 миллиард доллар жұмсаған. Болжам бойынша 2030 жылға қарай олардың сатылу көлемі 17 есеге артады» делінген баяндамада.

Қазақстанда да электронды шылымға деген қызығушылықтың артып жатқаны жасырын емес. Дегенмен, елімізде заң жүзінде электронды шылымдарды сатуға рұқсат етілмеген. Соған қарамастан, олар қазір жартылай астыртын түрде сатылып келеді. «Өкінішке қарай, осындай электронды шылымдарды сатқаны үшін Қазақстанда әлі бірде-бір адам жауапкершілікке тартылған емес. Олар өздерінің темекі сататын жаймаларын икемді етіп жасап алған. Полиция қызметкерлері көрінген мезетте электронды шылымдарды жинап, жасырып тастайды», - деді өз сөзінде «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» Ұлттық коалициясының көшбасшысы Жәмила Садықова.

Дегенмен, қазір елімізде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңартылған заң жобасы әзірленіп жатқаны мәлім. «Егер ол қабылданса, қоғамдық орындарда темекімен қатар электронды шылымдарды да шегуге тыйым салынады», - дейді мамандар.

Ал әзірге елімізде темекіге әуестердің саны 4,2 миллион адамға жетіпті. Бұл бүкіл халық санының 30 пайызын құрайды. Сонда елімізде жыл сайын темекіге қарсы жүргізіліп жатқан шаралардың еш нәтиже бермегені ме?

«Рас, темекіге қарсы түрлі шаралар жүргізіліп келеді», - дейді Жәмиля Садықова - Бірақ қол жеткен нәтижелер көңіл қуантарлықтай емес. Неге? Мұның бірнеше себебі бар. Олардың бірі - темекінің бағасы. Өкінішке қарай, Қазақстанда оның бағасы өте төмен. Дүкендерде бір қорап темекі орта есеппен 250 теңге тұрады. Яғни, 1 доллардан сәл-ақ жоғары. Сондықтан ол тұрғындар арасында әлдеқашан қолжетімді дүние болып кеткен. Ал оның бағасы керісінше, кем дегенде 700 теңге болуы керек. Сонда ғана адамдар ақшасын үнемдеуге тырысып, темекінің зияндылығын сезіне бастайды. Біз бұл тақырыпты талай жылдан бері көтеріп келе жатырмыз. Бірақ нәтиже жоқ».

Электронды шылымдардың халық арасында тез тарап жатқанына Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы да ерекше назар аудара бастады.

Сарапшылардың бір бөлігі электронды шылымдардың қолданылуын қаласа, басқалары мүлдем қарсы. Біріншілері оның арқасында темекіге әуесқойлар саны азаяды, деп санайды. Ал соңғыларының пікірінше, керісінше, көбейе түседі. Оның үстіне дәл осы электронды шылымдардың таралуы себебінен темекіге қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар зая кетуде.

Бұл салада пікірталастар әлі жалғасып жатыр. 2014 жылдың 13-18 қазаны аралығында Мәскеуде аталмыш ұйымның темекіге қарсы 6-шы конференциясы өтеді. Онда көтерілетін басты тақырыптардың бірі - осы электронды шылым жайлы болмақ.

Соңғы жаңалықтар