2035 жылға қарай Астананың тұрғын үй қоры 68,2 млн шаршы метрге жетеді

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада тұрғын үй құрылысының жоғары қарқыны сақталып отыр. Осыған байланысты елорданың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудың ұзақ мерзімді жоспары қалыптасып отыр.

2035 жылға қарай Астананың тұрғын үй қоры 68,2 млн шаршы метрге жетеді
Фото: pexels

Бұл туралы қаладағы Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, 2035 жылға қарай елорданың тұрғын үй қоры 68,2 миллион шаршы метрге жетеді. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 40 пайызға өсіп, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 41,5 миллион шаршы метр болды. Ал 2022–2025 жылдар аралығында қалада 15,4 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуы аясында қалада әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың ауқымды жобасы қалыптасып жатыр. Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға қарай Астанадағы әлеуметтік нысандар саны 1 099 дейін жетеді.

Олардың қатарында 374 мектеп, 378 балабақша, 184 денсаулық сақтау нысаны, 140 спорт және мәдениет нысаны, сондай-ақ 23 Оқушылар сарайы болады.

Басқарма мәліметінше, жаңа тұрғын аудандарын жобалау кезінде халықты қамтамасыз ету нормативтеріне сәйкес әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын міндетті түрде орналастыру қарастырылған.

Бас жоспарды іске асыру тұрғын үй құрылысы мен елорда халқы санының тұрақты өсуін ескере отырып, теңгерімді қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған.

Бұған дейін Қазақстанның құрылыс нарығы 13,4 пайызға өскені белгілі болды