2050 жылға қарай Тәжікстан мұздықтарының 20%-ы жойылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Климаттың жедел өзгеруі Тәжікстандағы мұздықтардың еруіне әкеліп, ауыл шаруашылығына, сумен қамтамасыз етуге, энергетика мен азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр, деп хабарлайды Анадолы.

2050 жылға қарай Тәжікстан мұздықтарының 20%-ы жойылуы мүмкін
Фото: Анадолы

Сонымен қатар, табиғи апаттар қаупінің артуы халықтың білім, денсаулық сақтау, таза су және тамақ сияқты негізгі қызметтерге қол жеткізуін барған сайын қиындатып отыр.

Тәжікстан — Орталық Азиядағы мұздықтар саны бойынша жетекші елдердің бірі. Алайда жаһандық жылыну салдарынан ел айтарлықтай мұздықтар көлемінен айырылып жатыр.

Ресми деректер бойынша, елде шамамен 14 мың мұздық бар. Соңғы жылдары олардың 1300-ден астамы толығымен еріп кеткен. 1930 жылдан бері Тәжікстан мұздықтарының шамамен 30%-ы жойылған.

Тәжікстан мұздықтары аймақтағы тұщы судың жартысынан астамын қамтамасыз етеді. Олар Орталық Азияны сумен қамтуда аса маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ, олар ауыл шаруашылығы мен энергетика үшін маңызды Амудария (Жейһун) мен Вахш секілді өзендердің негізгі көзі.

Алайда мұздықтардың тез еруі қысқа мерзімде су тасқындары мен көшкіндердің көбеюіне әкеліп отыр. Ал ұзақ мерзімде бұл су ресурстарының азаюына және аймақтың азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздігіне төнетін қатерге ұласады.

Табиғи апаттар негізгі қызметтерге қол жеткізуді қиындатады

ЮНИСЕФ-тің «Балалар, климат және қоршаған орта Тәжікстанда» атты баяндамасына сәйкес, қазіргі еру қарқыны сақталса, 2050 жылға дейін мұздықтар көлемі 15–20%-ға қысқарады, ал шағын мұздықтар келесі 30–40 жыл ішінде толығымен жойылады.

Баяндамада Тәжікстанда орташа температура 2030 жылға қарай 1,4 °C-қа, ал 2050 жылға қарай 2,6 °C-қа көтерілуі мүмкін екені айтылған. Бұл мұздықтардың еруіне одан әрі әсер етіп, балалар үшін айтарлықтай қауіп тудырады.

— Мұздықтардың еруінен туындаған су тасқыны, құрғақшылық және су тапшылығы балалардың денсаулығы мен өмір сүру жағдайларына қатты әсер етеді. Бұл қауіптер балалардың таза суға, медициналық қызметке, білімге және жеткілікті тамаққа қол жеткізуін қиындатады, — делінген есепте.

Мұздықтарды қорғау — болашақтың кепілі

ЮНИСЕФ Жастар кеңесінің мүшесі Самир Шорахматуллоев Душанбедегі мұздықтарды қорғау конференциясында берген сұхбатында мұздықтардың құрғақ кезеңде судың негізгі көзі екенін және олардың еруі елеулі салдарға әкелетінін атап өтті.

— Әсіресе белсенді еру кезеңдерінде тасқындар мен лай көшкіндері жиі болады. Бұл апаттар ауылдық аймақтарға қатты әсер етіп, Тәжікстан халқы үшін үлкен қиындық туғызады, — деді ол.

Шорахматуллоевтің айтуынша, мұздықтардың еруі салдарынан 2050 жылға қарай ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі 8%-ға қысқарады.

— Бұл кейбір ауылдық өңірлерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді жалғастыру мүмкін болмайтынын білдіреді ал бұл халықтың негізгі табыс көзі, — деп толықтырды ол.

Ерте ескерту жүйесі — адам өмірін сақтайтын құрал

Шорахматуллоев атап өткендей, мұздықтардың еруінен туындаған тасқындар әсіресе ауылдық аудандарға қауіп төндіреді, сондықтан ерте ескерту жүйелері өте маңызды.

— Адамдар тасқын боларын алдын ала біле алмайды. Сондықтан телефон немесе теледидар арқылы хабарлау жүйесі адамдардың өмірін сақтай алады. Мұндай жүйені Тәжікстанда енгізу аса құнды болар еді, — деді ол.

Ол сондай-ақ температураның күрт көтерілуі апат қаупін арттыратынын және елдің өзгеріп жатқан жағдайларға бейімделуі үшін өз технологиялық шешімдерін және инновациялық жүйелерін әзірлеуі қажет екенін айтты.

Конференция — мұздықтар проблемасына назар аударудың жолы

Шорахматуллоевтің айтуынша, Тәжікстанда өткен халықаралық конференция мұздықтарды сақтаудың маңыздылығын түсінуге ықпал етеді.

Оның айтуынша, ЮНИСЕФ конференцияда тек фото және бейнематериалдарды ғана емес, сонымен қатар климаттың өзгеруі балаларға қалай әсер ететінін көрсететін зерттеулерді де ұсынған.

— Балалар бұл үдерістерді ересектерден кем түсінбейді, — деп түйіндеді ол.

Айта кетелік Қырғызстанның оңтүстігінде үш жасанды мұздық жасалғаны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар