2050 жылға қарай әлемдік экономика орталығы Қазақстанға ауысады - Ричард Доббс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда жұртты аузына қаратқан, сөзі дуалы ірі экономистер мен сарапшылар әлемдік дағдарыстан шығу жолдарын талдап, болашақта экономиканың қаңдай деңгейде, қандай үлгіде болатындығына жарыса болжам жасауда.
None
None

Солардың бірі McKinsey аға серіктесі және McKinsey (MGI) Жаһандық институтының директоры Ричард Доббс. Оның дүниежүзілік экономиканың болашағы туралы «2050 жылға қарай әлемдік экономика орталығы Қазақстанға ауысады» деген ғылыми негізделген болжамының түбінде шындық жатыр. Еске сала кетсек, бұл жайлы Р.Доббс елордада 21-23 мамырда өткен VIIІ Астана Экономикалық форумында жан-жақты тоқталып өткен болатын.

«Экономикалық белсенділік орталығы оңтүстікке және шығысқа ауысуда, қалыптасқан тәртіпті бұзатын және көптеген елдердің үкіметтері мен басшыларының ойлау жүйесін өзгертетін және жұмыс істеудің жаңа әдістерін енгізуге мәжбүр ететін үрдістердің әсерінен Қазақстанның әлемдік экономикадағы рөлі міндетті түрде өзгеретін болады» - деді ол өз сөзінде.

Бұған төмендегідей факторлар негіз қаламақ:

Бірінші фактор - бұл әлемдік экономика қызметі мен серпінінің Қытай сияқты дамушы елдерге және олардың қалаларына ауысуы. Әлемдік экономикадағы күштер теңгерімі шығыстағы және оңтүстіктегі елдер пайдасына қайта бөлінуде. Әлемдік экономиканың «ауырлық орталығы» шамамен 2050 жылға қарай Қазақстанға ауысатын болады. Ғаламшардағы қалалық тұрғындар саны жыл сайын 65 млн адамға артуда, бұл ретте әлемдік жалпы ішкі өнім 2010 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі кезең аралығында дамушы елдердегі әзірге белгісіз 440 қаланың үлесіне тиеді. Екінші фактор - технологияларды пайдалану ауқымының кеңеюі және оларды қолданудан болатын экономикалық әсердің артуы. Цифрлық технологияларды және ауқымды деректерді өңдеу технологияларын енгізу жаңа бизнес модельдерінің пайда болуына, сондай-ақ ірі және шағын компаниялар үшін дамушы және дамыған нарықта тең бәсекелестікке жағдай құруға ықпалын тигізеді. Үшінші фактор - әлемде болып жатқан өзгерістерге әсер ететін демографиялық сипаттамалар. Туу азаюда, ал ғаламшар тұрғындары тез қартаюда. Бұл адамзаттың пайда болуы тарихында тұңғыш рет әлемнің көптеген елдерінде тұрғындар саны өсуінің күрт тоқтауына әкеліп соқтыруы ықтимал. Осы орайда Қазақстан - білім деңгейі жоғары, экономикалық белсенді тұрғындар саны көп, өнімді жұмыс күші мол және басқа дамыған елдермен салыстырғанда зейнеткерлік міндеттемелері анағұрлым төмен мемлекет екендігін атап өткен жөн. Төртінші фактор - сауда-саттыққа және капитал, адам, ақпарат қозғалысына байланысты әртүрлі елдер арасындағы байланыстардың кеңеюі әрі күшеюі. Егер бұрын әлемдік экономика Еуропадағы және Солтүстік Америкадағы бірқатар ірі сауда тораптарының еншісінде болса, қазіргі кезеңде экономикалық белсенділік орталығы біртіндеп Азияға ауысуда, бұл Қазақстанның әлемдік экономикадағы рөлі міндетті түрде өзгереді деген сөз.

Осы орайда Ричард Доббстың айтуынша, Қазақстан экономикасы серпінді дамып келе жатқан ел болғандықтан, жаңа экономикалық жағдайларға бейімделу үшін мемлекеттік билік және бизнес органдарының қызмет ету тәртібіне бірқатар түбегейлі өзгерістер енгізу қажет.

Қазақстан, мемлекет ретінде басқа елдермен капитал үшін күрес жүргізуі, халықаралық аренада жетекші серіктестердің мүддесін өзіне қаратуы тиіс. Егер аталған шаралар қабылданбаса, онда елге келетін инвестициялардың жылдық көлемін 30 млрд. доллардан 120 млрд.долларға дейін арттыруға қол жеткізу мүмкін болмайды.

«Қазақстан ұлттық экономика тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды қабылдауда. 2014 жылы Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша анағұрлым жоғары орын алған 50 ел тізіміне енді. Ендігі жоспар - инвестициялық климатты жақсарту және мемлекеттік компаниялардың әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру сияқты бірқатар өзгерістер жүргізу» - дейді Ричард Доббс.

Көзі қарақты оқырманға әлемдік экономиканың ұңғыл-шұңғылын жетік білетін сұңғылы сарапшы ойының арғы түкпірінде Қазақстанның әлемдегі отыз озық елдің қатарына қосылатындығына сенімді екендігі жатқандай. Жаһандық институт директоры Ричард Доббстың ғылыми негізделген ұсыныс-пікірлерінде елімізді осынау биіктерге жеткізетін аршынды қадамдардың ізі бар екендігі анық.

Ерлан Қожакелдиев

Соңғы жаңалықтар