21 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 21 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

21 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

21 қазан. СЕЙСЕНБІ

Әулие Маргарита Клитероу күні (іскер әйелдердің қолдаушысы).

1566-1586 жылдары өмір сүрген, англикандық шіркеу дәстүрінде тәрбие алған ол йорктік бай қасапшы Джон Клитероуға тұрмысқа шығады, сөйте тұра католиктік дінге ден қояды. Күйеуі қайтыс болған соң бүкіл шаруашылықты өзі жүргізіп, қаладағы белгілі көпестердің біріне айналады. Оны католиктік дін қызметшілеріне жасырын баспана беріп және өзінің үйінде католик дініне сиынуға рұқсат еткені үшін бірнеше мәрте тұтқынға алады.

Соңғы рет ол 1586 жылы тұтқындалып, өз діндестерін атап беруден бас тартқаны үшін өлім жазасына кесіледі. 1586 жылғы 25 наурызда Маргарита Клитероу дарға асылады. 1970 жылы Павел VI папа оны әулиелер қатарына қосып, іле-шала (өзінің іскер белсенділігіне байланысты болса керек) іскер әйелдердің қолдаушысына айналады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

14 6 жыл бұрын (1868) Ақмола облысы ұйымдастырылды.

18 жыл бұрын (1996) Ташкентте түркі тілдес мемлекеттер басшыларының кездесуі өтті.

1 7 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Жоғары тәртіптік кеңесі құрылды.

11 жыл бұрын (2003) Астанада Transport Tower атты жаңа әкімшілік-технологиялық кешен ашылды.

4 6 жыл бұрын (1968) Ташкентте Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің 1-ші халықаралық кинофестивалі ашылды.

10 жыл бұрын (2004) Мемлекет басшысы Алматыдағы резиденциясында Азиядағы Өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысушы елдердің Сыртқы істер министрлерімен кездесті.

10 жыл бұрын (2004) Павлодар облысы әкімшілігінде «Қазақпарат» ҰК» АҚ-ы тың және тыңайған жерлерді игерудің 50-жылдығына арнап басып шығарған «Тың жер: кеше, бүгін, ертең» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі болды. Басылымның бетінде алғаш рет қазақстандық тың игерушілердің деректі айғақтары, фототүсірімдер мен материалдар орын алған.

10 жыл бұрын (2004) Семейдегі «Роза» ЖШС әлемдегі ең үлкен байпақ жасап шығарды. Оның өлшемі - 106, қонышының биіктігі 178 сантиметр және салмағы 16,5 кг.

9 жыл бұрын (2005) Ақтау теңіз портында «Батыр» буксир-кантовщигінің таныстырылымы өтті. Құны үш миллион долларды құрайтын кеме Румынияның «Damen shipyard gorinchem» компаниясында жасалған. Ол кемелерді арқанмен байлауға, өрт сөндiруге және тасымалдауға қажетті барлық заманауи жабдықтармен жабдықталған. Порт мамандары Голландиядан оқып келді.

9 жыл бұрын (2005) Таразда жаңа өндірістің - Қазақстандағы бірден-бір керамзит бұйымдарын өндіретін зауыттың таныстырылымы болды. «Керамик-Инвест» ЖШС-іне Ресейде және басқа елдерде құрылыс материалдарын өндіретін зауыттар тобының - «Стройтех» ғылыми-өндірістік орталығы» Ресей компаниясы инвестиция салып отыр. Бұл Қазақстандағы теңдесі жоқ бірегей өндіріс. Ресейде осыған ұқсас 20 шақты кәсіпорын бар. Шет елдерде автоматтандыру деңгейі тап осындай құрылыс тақталарын шығаратын кәсіпорын жоқ. «Керамик-Инвест» ЖШС-інің негізгі өнімі - құрылыс индустриясында үлкен сұранысқа ие болып отырған беріктігі жоғары және жоғары сапалы төсем тақталары, сондай-ақ зауыт сәндік әрлеу тақталарын да шығарады

9 жыл бұрын (2005) Санкт-Петерборда Ұлттар үйі ашылды.

Бүгінгі күні Ұлттар үйі Петерборда тұратын 36 көркем өнерпаздар ұжымын, ғылыми орталықтарын және 130-ға тарта халықтардың өкілдерін біріктіріп отыр.

5 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ұйымдастырған Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы құрылымдық келісімнің отырысы барысында «2009-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Адам құқықтары саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспарының» таныстырылымы өтті.

5 жыл бұрын (2009) Бішкекте Орталық Азияның жазушы-әйелдерінің «Тордағы бұлбұл» атты жинағының таныстырылымы өтті.

Жинаққа Орталық Азия республикаларының жазушы-әйелдерінің жұмыстары енген. Қазақстаннан жинаққа Мадина Омарова мен Зарина Жандосованың жұмыстары кірді. Кітап қырғызстан мен финдік ПЕН-орталықтарының ынтымақтастығымен қазақстандық «Ескендір» баспасынан шығарылды. Жинақтың таралымы бір жарым мың дана.

5 жыл бұрын (2009) Астанада Қазақстанның тұңғыш жел атласының таныстырылымы өтті.

Аталмыш жел атласы Қазақстан аумағындағы кез келген нүктедегі желдің жылдық орташа жылдамдығы жайында хабардар ететін интерактивті карта болып табылады. Атласты жасаушылардың айтуынша, Қазақстан жерінің 50 мың шаршы километрі жел энергетикасын дамытуға қолайлы. Ал осы әлеует пайдаға жаратылып жататын болса, жылына 900 мың ГВт /сағ. электр энергиясы алынады деп болжануда. Атлас - жел энергиясын алудың тиімді, басымдықты аймақтарын оңай анықтауға мүмкіндік беріп, осы салаға инвестициялар тартуға, жел энергиясын өндіру көрсеткіштерін арттыруға жол ашады.

9 3 жыл бұрын (1921) Армения, Әзербайжан, Грузия кеңестік социалистік республикалары мен Түркия арасында Карс келісімшарты жасалды. Осы келісімшарт бойынша Кавказ республикаларына Мәскеу шартының (сол жылғы наурыз айында жасалған кеңес-түрік арасындағы достық жөніндегі келісімшарт) негізгі қағидалары жүктелді және шекара аймағы тұрғындарының шекарадан өтуін жеңілдету, оларға шекараның арғы, бергі жағындағы жайылымдарды пайдалануға ерік беру, сауда қатынасын орнату және қаржы-қаражат, экономика, т.б. мәселерді реттеу жөнінде комиссия құру туралы баптар белгіленді.

ЕСІМДЕР

11 6 жыл бұрын (1898-1927) мемлекет қайраткері БӘРІБАЕВ Жұбаныш дүниеге келді.

Верный ер балалар гимназиясын бітірген. 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан. Ол Нарын уездік (қазіргі Қырғыз Респубикасында) әскери ревкомның төрағасы, мұсылман коммунистерінің Жетісу облыстық бюросы төралқасының хатшысы, Пішпек уездік атқару комитетінің төрағасы, Түркістан Орталық атқару комитеті Жетісу облыстық қазақ және қырғыз босқындарын орналастыру жөніндегі ерекше комиссиясының төрағасы, Жетісу облыстық атқару комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған.

1 81 жыл бұрын (1833-1896) швед өнертапқышы әрі кәсіпкері, Лондон корольдік қоғамының және Швед ғылым академиясының мүшесі НОБЕЛЬ Альфред Бернхард дүниеге келді.

Швецияның Стокгольм қаласында туған. Ғалым 1864 жылы күркіреуік сынапты капсюль-детонатор жасайды, ал 1867 жылы динамит жасау жұмысына патент алып, оны көптеп шығаруға кіріседі. Сөйтіп орасан зор байлыққа ие болады. Өзі қайтыс боларының алдында өсиет қалдырып, артындағы мұрасының өсімінен жыл сайын ғылым мен мәдениеттің аса зор жаңалықтарына сыйлық тағайындауды өтінеді. Осылайша Нобель атындағы халықаралық сыйлық пайда болды.

11 5 жыл бұрын (1899-1983) кеңес режиссері, КСРО халық артисі РОШАЛЬ Григорий Львович дүниеге келді.

Смоленск губерниясының Новозыбков қаласында туған.

В.Мейерхольдтың Мемлекеттік Жоғары Режиссерлар шеберханасында оқыған.

1918-1919 жылдары - Украин және Қырым халық ағарту комитетінің қызметкері. 1919-1921 жылдары - Әзірбайжан халых ағарту комитетінің нұсқаушысы, Железноводск балалар қалашығының көркемөнер және тәрбие бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1925-1931 жылдары - Мемлекеттік киноның 3-ші фабрикасының режиссері, «Белгоскино» киностудиясының режиссері, «Межрабпомфильм» бүкілукраиндық фотокино басқармасының режиссері. 1931-1947 жылдары - «Мосфильм» киностудиясының режиссері. 1947-1954 жылдары «Ленфильм» киностудиясының режиссері қызметін атқарған.

90 жыл бұрын (1924-1995) молдавия кескіндемешісі, Молдавия КСР-нің халық суретшісі, МКСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Суретшілер академиясының корреспондент мүшесі ГРИГОРАШЕНКО Леонид Павлович дүниеге келді.

Украинаның Котовск қаласында туған.

Кескіндеме және сурет студиясын, Кишинев көркем сурет училищесін бітірген.

Тарихи картиналар салумен, станокпен және кітаптарға кескіндемелер жасаумен айналысқан. 1951-1965 жылдары - МКСР Суретшілер одағының төрағасы.

Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы ордендерімен марапатталған.

Кишинев қаласының құрметті азаматы.

8 4 жыл бұрын (1930-1986) қоғам қайраткері, биология ғылымдарының кандидаты МАШЕЕВ Тәңірберген Сыздықұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында туған. Алматы зооветеринарлық институтын (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлы университеті) бітірген.

1959-1960 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Алматы облыстық комитетінің бірінші хатшысы, 1960-1961 жылдары - Қазақстан ЛКЖО ОК-тың бірінші хатшысы. 1961-1966 жылдары - Кеген ауданды «Қарқара» кеңшарының директоры. 1966-1968 жылдары - «Дегерес» кеңшарының директоры. 1968-1970 жылдары - Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы. 1970-1973 жылдары - Алматы облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі. 1973-1977 жылдары - Жамбыл ауданы «Рославльский» кеңшарының директоры қызметтерін атқарған. 1977-1986 жылдары Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігі басқармасында жұмыс істеді.

Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.

6 9 жыл бұрын (1945) актер, режиссер, сценарийші, продюсер, Ресей Федерациясының Халық әртісі МИХАЛКОВ Никита Сергеевич дүниеге келді.

Мәскеу қаласында туған. Б.В.Щукин атындағы театр училищесін, Бүкілодақтық мемлекеттік кинематографистер институтын бітірген.

«Тендер арасында өзі, өздері арасында бөтен», «Махаббат құлы», «Бес кеш бойында» сияқты фильмдердің режиссері. «Урга», «Сібір шаштаразы», «Күннен қалжырағандар» фильмдері үшін үш рет РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. 1991 жылы Венецияда өткен Халықаралық кинофестивальда «Урга» фильмі үшін «Алтын арыстан» сыйлығын, «Күннен қалжырағандар» фильмі үшін «Оскар» сыйлығын иеленген. Ол қазақ киносына да өз үлесін қосып, «Мәншүк туралы ән» фильміне түсіп, «Транссібір жүрдек пойызы» фильмінің сценарийін жазуға қатысқан.

1992 жылдан - Ресей мәдениет қорының төрағасы, 1998 жылдан - Ресей кинематографистер Одағының төрағасы, «ТРИТЭ студиясының» президенті қызметтерін атқарады.

Еңбек Қызыл Ту, «Отан алдында сіңірген еңбегі үшін» ордендерімен марапатталған. Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

10 8 жыл бұрын (1906-1978) ботаник, биология ғылымының докторы СУШКОВ Константин Лукич дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1935-1976 жылдары Қазақ КСР ҒА Бас ботаника бағының гүл өсіру бөлімін басқарған. Негізгі ғылыми еңбектері әсемдік бақ өсіру мәселелеріне арналған. Ол әсемдік пен гүлді өсімдіктер интродукциясын зерттеп, раушан гүлінің 11 сұрыпын шығарған. 12 авторлық куәлігі бар.

«Құрмет белгісі», 2-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.

10 3 жыл бұрын (1911-1974) гидробиолог, биология ғылымының докторы, профессор ХҰСАИНОВА Нағима дүниеге келді.

Қазан қаласында туған. Қазан университетін бітірген. 1935 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік университетінде зоология кафедрасының доценті, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректордың көмекшісі, биология факультетінің деканы, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор, гидробиология және ихтиология кафедрасының доценті, меңгерушісі болған. Негізгі ғылыми еңбектері гидробиология мәселелеріне арналған. Ол Арал теңізі мен Талас өзені бассейніндегі көлдердің фаунасын зерттеп, оларда азық қорын жақсарту жолдарын белгіледі және Іле өзені алабындағы көлдердің биологиялық өнімділігін анықтады.

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.