21 қыркүйек. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 21 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
Қазақстанда аналар күні
Бұл мереке 2012 жылы ресми түрде қазақстандық аналарды құрметтеу күні ретінде бекітіліп, отбасы ошақтарының сақшысы ретінде әйелдердің рөлін атап өтті. Көп ұзамай Үкімет қаулысымен «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы № 3827 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, елімізде жаңа мереке — Аналар күні белгіленіп, оны тойлау күні қыркүйек айының үшінші жексенбісі болып белгіленді.
Халықаралық бейбітшілік күні
2002 жылдан бастап 21 қыркүйекте мерекеленеді. БҰҰ Бас Ассамблеясының 36-сессиясында бекітілді. Бұл күнді мерекелеу туралы шешім БҰҰ Бас Ассамблеясының 55-ші сессиясында қабылданды. Халықаралық бейбітшілік күні бүкіл әлемде зорлық-зомбылықсыз және атысты тоқтату күні болып жарияланды. Барлық елдер бұл күні әскери әрекеттерден бас тартуға шақырылады.
Халықаралық Альцгеймер ауруы туралы ақпарат тарату күні
Бұл атаулы күн — ауруды зерттеумен және оның дамуын бәсеңдету жолдарын іздеумен айналысатын ұйымдардың бастамасымен құрылған.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1989 жылы 11-ші шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің XIV сессиясы болып, онда «Республикадағы саяси реформаны одан әрі жүзеге асыру шаралары туралы» қаулы, «ҚазССР Конституциясына (Негізгі Заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «ҚазССР-дегі тілдер туралы» «ҚазССР депутаттарының сайлауы туралы», «ҚазССР халық депутаттарының жергілікті кеңестерінің депутаттарын сайлау туралы» заңдар қабылданды (8 депутат конституциялық өзгертулерге қарсы, 26 депутат тілдер туралы заңға қарсы дауыс берді)7 Депутаттарды сайлау және қайта шақыру үшін Орталық сайлау комиссиясы құрылды.
1993 жылы Қазақстан Республикасы мен Албания Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды орнату туралы нота алмасу өтті.
2011 жылы Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 66-сессиясы өз жұмысын бастады.
2012 жылы Мадридте «Қазақстан және кино: 1970-2011» циклы ашылды, оның аясында қазақстандық режиссерлердің жұмысы көрсетілді. Циклге «Қызғалдақ», «Қыз Жібек», «Көшпенділер», «Мұстафа Шоқай», «Қош бол, Гүлсары» және т. б. кірді.
2014 жылы Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы аумағындағы Тақсай қорғанынан 2012 жылы ақсүйек әйелдің қабірі табылған болатын. Оның бейнесі қалпына келтіріліп, «Алтын ханшайым» деп аталған көрме Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне қойылды. Сонымен қатар көрмеден біздің дәуірімізге дейінгі VI–V ғасырларға жататын ақсүйек әйелдің аса құнды әшекейлері және тұрмыстық бұйымдары да орын тапты.
2016 жылы Павлодарда облысы әкімдігі Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтына берген ескі ғимаратта археологиялық орталық ашылды. Оған белгілі археолог, әлемге әйгілі тарихшы Әлкей Марғұланның есімі берілді.
2017 жылы Қарағандыдағы Жұлдыздар аллеясы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов атындағы жұлдызбен толықты. Аллеяда ашылған сегізінші атаулы белгінің аты құрметті кітапқа енгізілген.
2017 жылы Қазақстан Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығына төрағалық етті. «Қазақстан осы жылы ТМД елдерінің әлеуметтік сақтандыру қорларын біріктіретін біздің серіктестік ұйымымыз — ХЗӘҚҚ-ны лайықты түрде басқарды. Қазақстанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі басшылығының әлеуметтік жүйені дамыту стратегиясын қалыптастыру кезінде басқа елдердің тәжірибесін ескеруге тырысатыны қуантады. Бұл қолдау қажет прогрессивті және заманауи тәсіл, өйткені әлеуметтік қорғау — бұл қазіргі жағдайда икемділікті талап ететін ең күрделі механизм», — деп атап өтті халықаралық әлеуметтік сақтандыру қауымдастығының Бас хатшысы Ханс-Хорст Конколевски.
2018 жылы Алматыда «Қазақ музыкасының антологиясы» таныстырылды. «Қазақ музыкасының антологиясы» — бұл Қазақстанда алғаш рет классикадан қазіргі заманғы композицияларға дейін 4K түсірілімін қолдана отырып жасалған 30 аспаптық шығарманың кәсіби бейне жазбалары.
2018 жылы Қазақстанда тұңғыш «Анаға тағзым» рухани-өнегелік тәрбиелеу орталығы ашылды. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында демеушілер мен облыс тұрғындары есебінен 350 миллион теңгелік бірегей жоба жүзеге асырылды.
2020 жылы түрік оқырмандарына қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» кітабы ұсынылды, онда қазақ мәдениеті мен дәстүріне сәйкес педагогикалық тәрбие туралы жазылған. Кітапты Ыстанбұл университетінің Түрік тілі және әдебиеті кафедрасының оқытушысы, доктор Угур Гурсу түрік тіліне аударып, басып шығарды.
2021 жылы Маскат қаласының Water Front кешенінде Қазақ мәдениетінің күні өтті. Іс-шарада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындаған еліміздің жетістіктері мен негізгі әлеуметтік-экономикалық реформалар атап өтілді.
Мәдени кеш аясында ақын Жамбыл Жабаевтің туғанына 175 жыл толуына орай оның шығармашылығы мен өмірбаянынан сыр шертетін көркем фильм көрсетілді. Шығармашылығы қарапайым халық өмірімен сабақтас, поэзиясы терең мағыналы, батылдықпен өрбіген ұлы ақынның тұлғасына ерекше назар аударылды.
2021 жылы Павлодар музыка колледжінде Қазақ КСР халық әртісі, күйші-домбырашы Рүстембек Бейсенұлы Омаровтың шығармашылық мұрасының кабинеті ашылды. Жобаның мақсаты — Р.Омаров қалдырған мәдени-рухани мұраны кеңінен насихаттау, тарихи деректердің сақталуын қамтамасыз ету және әртістің музыкалық шығармаларын тиімді пайдалану.
2021 жылы Лиссабонда (Португалия) Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қазақстан — тәуелсіздікке 30 жыл, тарихқа 556 жыл» көрмесі ашылды. Көрме қонақтары онда Қазақстан табиғаттың әсемдігі, шексіз кеңістігі, қорықтары мен тарихымен, астанасы — Нұр-Сұлтан қаласы, түркі әлемінің тарихи мәдени орталығы — Түркістан қаласы және Қожа Ахмет Йассауи кесенесі, сондай-ақ Қазақстан жайлы жазылған көптеген кітаптармен танысу мүмкіндігін алды. Қазақстандық экспозиция екі ел халықтары арасындағы өзара білім мен мәдени алмасудың игі дәстүрлерін жалғастырып, келушілерге Ұлы Дала Елі ашатын жаңа көкжиектерді көруге мүмкіндік берді.
2022 жылғы 20 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2022 жылғы 20 қарашаға белгілеу туралы жарлыққа қол қойды.
2022 жылы «Қазақфильм» АҚ екі картинасы Гатчинада өткен «Әдебиет және кино» халықаралық кинофестивалінде жүлделі орындарға ие болды. «Мұқағали» фильмі (режиссері Болат Қалымбетов) қоюшы-суретші Ермек Өтегеновтың үздік жұмысы үшін халықаралық қазылар алқасының арнайы дипломына ие болды. «Ақын» фильмі (режиссері Дәрежан Өмірбаев) үздік сценарий үшін сыйлық алды.
2024 жылы «Таза Қазақстан. Астана — тазалық пен тәртіп үлгісі» экологиялық акциясы мен Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day) аясында елордада ауқымды жалпықалалық сенбілік басталды. Экологиялық науқан аясында астаналықтар қаланы, нөсер және суару жүйелерін, көшелерді, тротуарларды, іргелес аумақтарды, қоғамдық орындарды, аулаларды тазарту және басқа да шараларды жүргізді. Экологиялық науқан барысында бес ауданда 2 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды.