Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

21 шілдеде Қазақстанның орман қоры аумағында 19 өрт сөндірілді

АСТАНА. KAZINFORM – 21 шілдеде Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында тіркелген 19 орман өрті толық сөндірілді.

Баянауыл ұлттық паркінде орман өрті шықты
Фото: Kazinform

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, өрттердің төртеуі Шығыс Қазақстан облысында, біреуі «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде, біреуі «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында және 13-і «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында болған.

– Өрт ошақтары ерте анықтау жүйесі және «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының әуе патрульдеуі арқылы анықталып, орман қызметкерлеріне жедел хабар берілді. Өрт тіркелген сәттен бастап мемлекеттік орман күзеті мен «Қазавиаорманқорғау» әуе өрт сөндіру десанттары дереу жұмылдырылып, өртті оқшаулау және сөндіру жұмыстары жүргізілді, – делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, найзағай салдарынан тұтанған орман өрттерінің кең аумаққа таралуына жол берілмей, барлығы қысқа мерзімде толық сөндірілген.

Қазіргі уақытта өрт қауіпті кезеңге байланысты өңірлерде мемлекеттік орман күзеті мен «Қазавиаорманқорғау» күштері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Әуе патрульдеуі мен орман алқаптарын бақылау үздіксіз жүргізілуде.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті азаматтарды аптап ыстық кезеңінде табиғат аясында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Айта кетейік, Қазақстанда биыл 536 орман өрті тіркелді.