22 ақпан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 22 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.
22 ақпан СЕНБІ
Қылмыс құрбандарына қолдау көрсету туралы халықаралық күні. 1990 жылғы ақпанның 22-інде Англияның үкіметі «Қылмыс құрбандарының хартиясын» жариялады. 1985 жылы қыркүйекте БҰҰ-ның жетінші конгресі қылмыс құрбандары мен билікті пайдаланғандар үшін Әділеттіліктің маңызды қағидалары декларациясын бекітті. Осы жылдың 29 қарашасында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы бұл Декларацияны қабылдады. Жыл сайын аталып өтеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1996) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Алматы облысы аумағында Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық паркі ұйымдастырылды. Парк Шамалған өзенінен Түрген өзеніне дейін созылып жатыр. Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарының аумағында орналасқан. Паркте өсімдіктің 1200-ден аса түрі өседі. Оның 36-сы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Омыртқасыздардың 1500, омыртқалы жануарлардың 213 түрі тіршілік етеді. Соның ішінде сүтқоректілердің 47, бауырымен жорғалаушылардың 8, қосмекенділердің 2, балықтың 8, құстың 148 түрі бар. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген сүтқоректілерден: Орта Азия тас сусары, барыс, сілеусін, Тянь Шань арқары, үнді жайрасы, сабаншы тіршілік етеді. Құстардан: бүркіт, сақалтай, жұртшы, ителгі, құмай, бидайық, орақтұмсық; балықтан: патшабалық (бақтақ) бар. 15 жыл бұрын (1999) Қазақстанда «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысының құрылғанына 10 жыл толуы аталып өтті. 1991 жылы тамыздың 29-ында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл әлемдегі ядролық қарусыздану жолындағы алғашқы нақты қадам еді. 9 жыл бұрын (2005) Қазақстанда жаңа аймақтық қоғамдық бірлестік - Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіптік одағы құрылды. Одақты құру туралы шешім ақпанның 22-сінде Атырауда өткен кәсіподақтық конференцияда қабылданды. Жаңа кәсіподақ «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен және мұнай саласында жұмыс істейтін басқа да республикалық шаруашылық құрылымдармен, атқарушы өкімет органдарымен өзара іс-қимылды басымдықты мәселе ретінде қарастырып, олармен тарифтік келісім жасады. Жаңа бірлестіктің қызметі Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қазақстанның басқа да облыстарындағы мұнай-газ кәсіпорындарының кәсіподақ ұйымдарын қамтиды. 9 жыл бұрын (2005) Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада «Қазақ мәдени-ағартушылық «Ұрпақ» орталығының тұсаукесер рәсімі өтті. Орталықтың ұйымдастырушылары мен белсенділері арасында - тарихшылар, өлкетанушылар, Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет және білім қызметкерлері. «Ұрпақ» орталығы қызметінің басты бағыттары, салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту, өсіп келе жатқан ұрпаққа патриоттық сезіммен тәрбиелеу. 8 жыл бұрын (2006) Астанада Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен әйелдердің бірінші Еуразиялық саммиті өтті. Оған АҚШ, Норвегия, Германия, Испания, Болгария, Оңтүстік Африка Республикасы, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан сияқты әлемнің 20-дан астам елдерінің қоғамдық, саяси және сауда ұйымдарының 400-ге жуық жетекшілері мен өкілдері қатысты Жиында әйелдердің қоғамдағы саяси мәселелерге ықпалы, жаһандану процесіндегі әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері, әйелдер мен отбасының әлеуметтік мәртебесі сияқты бірқатар маңызды мәселелер талқыланған. 8 жыл бұрын (2006) Павлодарда «ЭКО» баспасынан белгілі өлкетанушы, әдебиетші, публицист Бекболат Хазыровтың «В жизни всякое бывает» атты кітабы жарық көрді. Автор туындыға ықшамдалып жазылған, өмірде болған, қысқаша сатиралық әңгімелерін енгізген. 7 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің хатшылығы туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. 7 жыл бұрын (2007) Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде шахмат клубы ашылды. 7 жыл бұрын (2007) «Метакон ТК» ЖШС зауытында 35-1150 кВ электрөткізгіш желісі үшін мырышпен қапталған металды тіректердің барлық түрлерін шығаратын автоматтандырылған жаңа жүйе іске қосылды. Қазақстанда алғаш рет халықаралық сапа стандартына сай өнім шығару үрдісі жолға қойылды. Мырышпен қапталған металл тіректері темірбетонды тіректермен салыстырғанда электрөткізгіш желісінің қолданыс уақытын ұзаққа созып, қызмет ету қауіпсіздігін арттырады 4 жыл бұрын (2010) Алматыда патриоттық «Память» атты клуб құрылды. Оның мақсаты - өткен соғысты, маңызды қақтығыстарды, Қазақстанның жеңіске деген орасан зор үлесін еске түсіру. 4 жыл бұрын (2010) Алматыда Әлихан Бөкейханның 7-томдық толық шығармалар жинағының алғашқы 3 томының тұсаукесер рәсімі өтті. Әлихан Бөкейханның шығармалар жинағын құрастырған Сұлтанхан Аққұлұлы. 1995 жылы Қазақ энциклопедиясынан жарық көрген «Ә.Н. Бөкейхан. Таңдамалы - Избранное» жинағын да құрастырған да осы кісі болатын. Әлихан Бөкейхан - ғұлама ғалым, публицист әрі көрнекті мемлекет қайраткері - қазақтың ХХ ғасыр басындағы «Алаш» ұлттық қозғалысының көсемі, Алашорда ұлттық-территориялық автономиясы Ұлттық Кеңесінің төрағасы. Автордың айтуынша, алғашқы 3 томдыққа қайраткердің 1889 жылдан 1913 жылға дейін қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген мақалалары, ғылыми зерттеулері кірген. Олардың көбісі бұрын беймәлім болып келген. «Әлихан Бөкейханның публицистикасын ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы, тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Ресейдегі тарихи оқиғаға ұласатын шежіре деп айтуға болады», - дейді автор.
ЕСІМДЕР
76 жыл бұрын (1938-1992) ақын ӘЛІМҚҰЛОВ Совет Рақымбайұлы дүниеге келді. Жамбыл облысында туған. Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесін, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Меркі, Қордай аудандық газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып істеген. 1977-1991 жылдары - Жамбыл аудандық «Шұғыла» газеті редакторының орынбасары. 1991-1992 жылдары «Әулиеата» газетінің редакторы болған. Ақынның тырнақалды туындысы 1985 жылы Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде жарияланған. Оның «Тұңғыш кітап», «Жайсаң жер», «Күн көсем», «Қыран», «Еліктің лағы», «Өрімтал», «Қол айна», «Сыбызғы», «Ораласың ба, көктемім», «Ықылас» атты жыр жинақтары мен «Нұрлы дүние» пьесасы жарық көрген. 60 жыл бұрын (1954) ғалым, социология ғылымының докторы, профессор АЛДАШОВ Бақтияр Әбілхайырұлы дүниеге келді. Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын бітірген. 1976-1978 жылдары - «Жамбылқұрылыс» тресінің аға инженері. 1978-1985 жылдары - Жамбыл облыстық атқару комитеті құрылыс бөлімінің нұсқаушысы, аға референті, меңгерушісі. 1986-1991 жылдары - Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының аға инженері, проректоры, 1991-1996 жылдары - Тараз сыртқы экономика қауымдастығы бас директорының орынбасары. 1996 жылдан Жамбыл университетінің ғылыми жұмыстар мен халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, Экологиялық-экономикалық мәселелер ғылыми-зерттеу институтының директоры, Тараз мемлекеттік университетінің факультет деканы болған. Қазір Х.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Тараз институтының профессоры болып істейді. 40-қа жуық ғылыми жұмыстың, оның ішінде 1 монографияның авторы. 68 жыл бұрын (1946) биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы корреспондент мүшесі, Нью-Йорк Ғылым академиясының толық мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің, Биохимиктер және молекулалық биологтар халықаралық қоғамының мүшесі АЙТХОЖИНА Нағима Әбенқызы дүниеге келді. Петропавл қаласында туған. М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), КСРО Ғылым академиясы В.А.Энгельгардт атындағы молекулалық биология институтының аспирантурасын бітірген. 1974-1981 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Ботаника институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1983-1987 жылдары - Молекулалық биология және биохимия институтының жетекші ғылыми қызметкері, 1988-1996 жылдары - Мұрат Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институты директорының міндетін атқарушысы, директоры, 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым медицинасы - Ғылым академиясы Биологиялық және медициналық ғылым бөлімшесінің академик хатшысы. 1999-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті болды. . Оның негізгі ғылыми еңбектері жоғары сатыдағы организмдер геномының құрылымдық қызметі мен тұқым қуалаушылық ақпаратының молекулалық механизмдерін зерттеуге арналған. Қазақстанда алғаш рет «Ғарыштық биология және биотехнология» тақырыбын зерттеп, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевқа биотехнология бойынша ғылыми тәжірибелердің бағдарламасын, сондай-ақ бірнеше халықаралық конгрестер мен симпозиумдарда ғылыми бағдарламалар жасады. 92-ден астам ғылыми жарияланымдардың авторы. Парасат орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 48 жыл бұрын (1966) «Ерке-Нұр» кәсіпорнының президенті, Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі, «Үздік кәсіпкер әйел» МЕРХАМИТҚЫЗЫ Фарида дүниеге келді. Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында туған. Үрімжі қаласындағы педагогикалық университеттін бітірген. Университеттің ғылыми-техникалық баспаның жаратылыстану және география бөлімінде редактор болып қызмет істеген. 1993 жылы отбасымен бірге Атамекені Қазақстанға оралып, кәсіпкерлікпен айналысқан. 1997 жылы «Ерке-Нұр» кәсіпорнын, 2004 жылы «Ерке-Нұр» сән театрын құрып, 2007 жылы республикалық «Ерке-Нұр» сән журналын ашқан. 2007 жылы Халықаралық қазақ-қытай тіл академиясының колледжін құрды. Ол басқаратын кәсіпорын 150-дей адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Қазақтың ұлттық киімдері, ұлттық киім негізінде қазіргі заманауи киімдер, арнайы киімдер, оның ішінде әскери киім, шекарашылар киімдері, теміржолшылардың киімі, мектеп формасы, салтанатты кештерде киетін сәнді киімдер, сондай-ақ киімнің көптеген жаңа үлгісін құрастырып халыққа ұсынды. Өндірістік кәсіпорын жаңа заманғы ең үздік технологиялық үлгіде жабдықталған. «Ерке-Нұр» кәсіпорыны 2003 жылы Астанада дүниежүзілік сапа күні құрметіне өткен тауар көрмесінде «Қазақстанның ең үздік тауары» дипломымен, Алматы қаласы әкімінің ІІ-ІІІ-ші дәрежелі «Өнімнің жоғары сапасы үшін» дипломымен және Алматы облысы әкімінің мақтау хатымен марапатталған. 2008 жылы II-ші дәрежелі «Алтын сапа» белгісіне ие болды. 2007 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласы кәсіпкерлерінің арасында «Ең үздік кәсіпкер әйел» атағына және «Жыл таңдауы» байқауының қорытындысы бойынша «Ең үздік сән орталығы» марапатына ие болды. 2008 жылы әлемдегі ең сапалы бұйым шығаратын үздік сауда маркасын анықтайтын Францияның Other Ways менеджмент және консалтинг Халықаралық қауымдастығының «Кемелді, жоғары сапалы және таңғажайып жұмысы үшін» берілетін «Платиновая булавка» халықаралық сыйлығын жеңіп алған. Қазақтың ұлттық киімдері мен ұлттық киімдердің негізінде дүниеге келген бірнеше таңғажайып коллекциялары бар «Ерке-Нұр» театр ұжымы республикалық және Қытай, Түркия, Германия, Щвеция, Ресейде өткен байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» Астана қаласына 10 жыл» мерекелік медальдармен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің Алғыс хатымен марапатталған. Сонымен қоса 3-ші деңгейлі «Атамекен» медалінің иегері. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының мүшесі. 62 жыл бұрын (1952) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі АСАНҒАЗЫ Оразкүл Асанғазықызы дүниеге келді. Жамбыл облысы Шу ауданы Ақтөбе колхозында туған. 1969 жылы Жамбыл облысы Шу ауданы Төле би селосындағы қазақ орта мектеп-интернатын бітірген. 1973 жылы Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны үздік бітірген. Институтта оқып жүрген кезінде Лениндік степендиат атанып, факультетте комсомол комитетінің хатшысы болды, сол кезде партия қатарына өтті. Еңбек жолын 1973 жылы Шымкент облысы Сарыағаш ауданы Жамбыл атындағы орта мектепте мұғалімдік қызметтен бастаған. 1979-1982 жж. - К. Маркс атындағы орта мектептің директоры. 1982-1985 жж. - Сарыағаш қаласындағы Қ. Сәтбаев атындағы № 10 мектеп-интернаттың директоры. 1985ж-Алғабас аудандық партия комитетінің хатшысы. 1987 ж. - аудандық партия комитетінің екінші хатшысы. 1988 ж. - халық депутаттары Алғабас аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрайымы болып сайланды. 1990-1992 жж. - идеология бөлімінің меңгерушісі, халық депутаттары облыстық Кеңесінің тіл, мәдениет және ұлтаралық қатынастар бөлімінің бастығы. 1992-1993 жж. - Сарыағаш ауданының әкімі. 1993-1995 жж. - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 1995 ж. - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты. 1995-1996 жж. - Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі. 1997 ж. - Шымкент қаласы әкімінің орынбасары. 1998-2006 жж. - Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары. 2006-2012 жж. - Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы. 2012 жылғы қаңтардан бастап бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.
«Құрмет» орденімен, «Еңбектегі Ерлігі үшін», «Белсенді қызметі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған, «Қазақ КСР оқу ісінің үздігі» белгісі, Астана қаласы әкімінің Алғыс хаты, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш және Бәйдібек аудандарының және Жамбыл облысы Шу ауданының «Құрметті азаматы» атақтары бар. 39 жыл бұрын (1975) Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының жетекші балет солисі, педагог-тәлімгер САРҚЫТБАЕВА Құралай Серікханқызы дүниеге келді. Талдықорғанда туған. А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесін, Қазақ мемлекеттік қыздар институтының хореография факультетін бітірген. "Аққу көлі», «Жизель», «Бақшасарай фонтаны», «Сильфида», «Спартак», «Корсар», «Щелкунчик», «Ұйқыдағы ару», «Дон Кихот», «Фауст» , «Кармен» және басқа да операларда жетекші партияларды орындады. Мәскеуде, Бейжіңде, Санкт-Петерборда, Украинада, Египетте, Түркияда, Үндістанда және басқа да көптеген елдерде гастрольде болды. 36 жыл бұрын (1978) ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жауапты хатшысы АХМЕТОВ Рүстем Нұрланұлы дүниеге келді. Теміртау қаласында туған, қазақ. Қазақ мемлекеттік заң университетін аяқтаған (1999), заңгер. Еңбек жолын 1999 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кіріс министрлігінің кінә-талап қою жұмысы бөлімінің жетекші, бас маманы лауазымынан бастаған. 2001-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқықтық бөлімінде әртүрлі қызмет атқарған. 2007 жылғы қаңтар - қазан аралығында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі болған. 2007 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасы хатшылығының меңгерушісі, 2008 жылғы қарашадан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Құқықтық бөлім меңгерушісінің орынбасары болып қызмет атқарды. 2011 жылғы 5 мамырда Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жауапты хатшысы болып тағайындалды 61 жыл бұрын (1953) Павлодар облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің редакторы ПОМИНОВ Юрий Дмитриевич дүниеге келді. 282 жыл бұрын (1732-1799) АҚШ-тың тұңғыш президенті (1789-1897), АҚШ-тың негізін қалаушы Джордж ВАШИНГТОН дүниеге келді. 204 жыл бұрын (1810-1849) поляк композиторы және пианист, көрнекті музыка данышпандарының бірі Фредерик Францишек ШОПЕН дүниеге келді.