22 бөлме, 28 күмбез: Көркембай мешітінің тарихы
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау табиғатының қайталанбас ландшафтары тарихи-мәдени мұра нысандарымен астасып жатыр. Соның бірі – «Қызылсай» мемлекеттік табиғи паркінің құрамындағы «Манашы» мемлекеттік табиғи қаумалы аумағында орналасқан Көркембай ахун мешіті. Көне ғимарат өңірдің діни-ағартушылық дәстүрінен сыр шертетін тарихи нысандардың бірі.
«Манашы» қаумалы аумағында Көркембай мешітінен бөлек Қызылтас қорғаны мен Сисем-Ата қорымы да орналасқан. Аталған нысандардың барлығы Маңғыстау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.
22 бөлмелі, 28 күмбезді мешіт
Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорығының мәліметінше, Көркембай ахун мешіті Бейнеу ауылынан шамамен 40 шақырым оңтүстік-батысқа қарай орналасқан. Тарихи деректерге сүйенсек, ол XIX ғасырда салынған Маңғыстаудағы ірі сәулет нысандарының бірі.
Мешіт жергілікті ауқатты азамат Ақбота Жеменейдің тапсырысымен бой көтерген. Ғимараттың жоспары тік төртбұрышты, 22 бөлмеден тұрады. Қам кесектен тұрғызылған қабырғалары сыртынан әктастармен қапталған, ал ішкі қабырғалары сыланған. Мешіттің төбесіне 28 күмбез орнатылған.
Ғимараттың ортасында төрт үлкен зал орналасқан. Олардың күмбездері шаршы негізді бағандарға сүйенеді. Қабырғалары мен қасбетінің бұрыштарында сәндік жалпақ бағандар салынған. Есіктері негізінен шығыс және батыс қасбеттерінде орналасқан, ал қабырғаларында терезе ойықтары бар.
Мешіттің маңында үш құдық болған. Бұрын олардың бірінен тұщы су алынған, қалған екеуі мал суаруға пайдаланылған. Қазір үш құдықтың екеуінің суы ішуге жарамды, бірінің суы ащы.
Мешіт – білім ордасы болған
Көркембай мешітінің тарихи маңызы оның сәулетімен ғана шектелмейді. Көнекөздердің айтуынша, бұл жерде діни білім беріліп, ел балалары мұсылманшылық негіздерін үйренген.
Тарихи мәліметтер бойынша, мешіт 1928 жылға дейін білім ордасы қызметін атқарған. Мұнда елге белгілі ахундар мен ишандар дәріс берген. Олардың қатарында Абдолла хазірет, Шәудір ишан, Қарақалпақ Мәткәрім сияқты діни ұстаздар болғаны айтылады.
Мешіт Көркембай ахунның есімімен байланысты. Бектұрлыұлы Көркембай ел арасында діни білімді, имандылықты насихаттаған тұлға ретінде танылған. Алайда кеңестік кезеңдегі қуғын-сүргін оның ағартушылық қызметіне де әсер етті.
1928 жылдан кейін мешіт жабылып, ондағы ұстаздар тарап кеткен. Көркембай ахунның өзі Тәжікстанға қоныс аударған. Оның нақты қай жылы қайтыс болғаны және қай жерде жерленгені туралы толық мәлімет сақталмаған.
Тарихи мұраны сақтау – ұрпаққа аманат
Көркембай мешіті 1991 жылы қайта жөндеуден өткен. Қабырғалары мен құлаған күмбездерінің бөліктері қалпына келтіріліп, мешіт аумағына жалпақ тастардан цемент-құм қоспасы негізінде қоршау тұрғызылған.
Бүгінде Көркембай мешіті Маңғыстаудың діни-ағартушылық тарихымен тығыз байланысты тарихи нысан ретінде ерекшеленеді. Оның сәулеттік құрылымы XIX ғасырдағы жергілікті құрылыс дәстүрінің өзіндік үлгісін көрсетсе, мешітте жүргізілген білім беру жұмыстары өңірдегі рухани-ағартушылық ортаның қалыптасқанын аңғартады.
Табиғаты мен тарихы астасқан «Манашы» қаумалы бүгінде Маңғыстаудың өткені мен бүгінін байланыстыратын маңызды аумақтардың бірі. Мұндағы әрбір ескерткіш өңірдің тарихынан сыр шертсе, Көркембай ахун мешіті – ғасырлар бойы қалыптасқан діни білім мен ағартушылық дәстүрдің өзіндік белгісі.
Бұған дейін, Маңғыстаудың жартасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген болатын.