22 қазан. Туған күн иелері.

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 22 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

22 қазан. Туған күн иелері.


null
ЕСІМДЕР

140 жыл бұрын (1878-1924) ақын Омар ШОРАЯҚҰЛЫ  дүниеге келді.
Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Ауыл молдасынан сауат ашып, кейін өз бетінше білімін толықтырған. Он алты жасынан өлең шығара бастаған. Ал алғашқы өлеңдерінде («Сөйле, тілім, жосылып», «Шығарған сөзім шырайлы», «Өмір өрнектері», т.б.) ақындық пен сөз өнерін жырға қосты. «Аталық кеңес», «Жастарға өсиет» өлеңдерінен ұлттық тәлім-тәрбие тағылымы танылады. Діни тақырыптағы «Барамыз байтақ орынға», «Әмманың ажал тағдыр мұрасындай», «Айналайын атыңнан», «Әуелі аспан менен жер жараттың», «Жәрдемші Жаппар атты жалғыз елге», т.б. жырлары мұсылмандықты насихаттап, адамгершілікті уағыздайды. Оның адалдықты үлгі ететін («Жарлы Тәліп», «Қара шекпен»), әйел махаббатының құдіретін ұлықтайтын, зұлымдықтың зардабын сөз еткен («Үш күлше») дастандарымен қатар ислам дінінің қалыптасуы мен таралуын қамтитын, діни-ағартушылық бағыттағы «Мұхаммед», «Мағауия», «Хақ Сүлеймен», «Калимулла», «Әбу Шахыма» сияқты жыр дастандары сақталған. «Тау еліне» атты тарихи хат-дастаны - қазақтың мәдени дәстүрінің өркендеуін мазмұндаған эпикалық шығарма. Ақынның Таубайдың Жүсібімен, Нұрмақанмен, Қарасақал Ерімбетпен жазбаша айтыстары, сондай-ақ, әдебиет тарихында «Алты ақынның өмір туралы айтысы», «Шәкей сал мен алты ақын» деген атпен белгілі сөз сайыстары сақталған. Оның шығармалары туралы алғаш рет М.Байділдаев «Ақындар творчествосы» атты кітабын жазды. Ақын өлеңдері «ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармалары», «Үш ғасыр жырлайды», «Айтыс», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай, заман-ай, заман-ай», «Қазақ поэзиясының антологиясы» атты жинақтарда жарияланған.  

94 жыл бұрын (1924) әйгілі қазақ жазушысы, публицист, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әбдіжәміл Кәрімұлы НҰРПЕЙІСОВ  дүниеге келді.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.

Қызылорда облысы Арал ауданында туған. Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтын бітірген. 1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болған. 1992-2000 жылдары Қазақ ПЕН-клубының президенті қызметін атқарған. 2000 жылдан «Таң-Шолпан» журналы редакторлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. Тұңғыш шығармасы - Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. «Курляндия» романы кейіннен өңделіп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жарияланды. «Қан мен тер» трилогиясы және «Сең», «Соңғы парыз» романдары дүниежүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. «Қан мен тер» трилогиясы орыс, француз, испан, чех, румын және түрік тілдеріне аударылған. Осы роман бойынша жасалған инсценировкасы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының репертуарынан тұрақты орын алып, экранға шығарылған. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шыққан. 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрген. А.Чеховтың, М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған.

1974 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достойнство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанған.
Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

57 жыл бұрын (1961) қоғам қайраткері Ромин Ризаұлы МӘДИНОВ дүниеге келді.

Бұрынғы Көкшетау облысының Қызыл Ту селосында туған. Омбы мемлекеттік университетін (1988 ж.) Ресей Үкіметінің жанындағы Халық шаруашылығы Академиясын, МВА (2008 ж.) бітірген, заңгер. 1985-1987 жылдары «Омскгидропривод» зауытының БЛКЖО Комитетінің хатшысы. 1987-1989 жылдары - БЛКЖО Омбы обкомының нұсқаушысы. 1989-1996 жылдары - Омбы қаласындағы «Контакт» коммерциялық орталығының директоры. 1996-1997 жылдары Алматы қаласындағы «Агроцентр» компаниясының директоры. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі кеңесшісі. 1999 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Аграрлық партиясының төрағасы. 1999 жылдың желтоқсан айынан бастап - екінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, Қазақстан Аграрлық партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі. 2004 жылғы қарашадан - үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, Аграрлық және Азаматтық партиялары депутаттық фракциясының жетекшісі. 2007 жылдың қырқүйегінен - төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мєжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы. 2012-2016 жылдары - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы. «Нұр Отан» партиясының мүшесі. 
«Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған.

48 жыл бұрын (1970) «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Бауыржан Пазылбекұлы ОРЫНБАСАРОВ дүниеге келген.

Қызылорда облысында туған.  Алматы темір жол көлігі инженерлері институтын «Тасымалдау процесін басқару» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Алматы темір жолының Алматы бөлімшесінде пойыз диспетчерлігінен бастады. Одан кейін Алматы қаласындағы «Қазақстан темір жолы» РМК-ның  Темір жол басқармасының жетекші инженері, Өндірістік техникалық бөлімінің бастығы болды. 2007-2008 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы - «Қарағанды жол бөлімшесін» басқарды.  2009-2010 жылдары- «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы - «Тасымалдау процесінің дирекциясын», «Алматы жол бөлімшесін» басқарды. 2011 - 2012 жылдары Басқарушы директор - бас инженер қызметін атқарды. 2012 жылдың сәуірінен «ҚТЖ» ҰК» АҚ Пайдалану жұмыстары жөніндегі басқарушы директоры. 2014 жылдың ақпанынан сәуіріне дейін «Қазтеміртранс» АҚ Басқарма төрағасы (Президентінің міндетін атқарушы). 2014 жылдың сәуірінен бастап «Қазақстан темір жолы»ҰК» АҚ вице-президенті. 2016 - 2017 жылдары «Қазақстан темір жолы»ҰК» АҚ Бас инженері қызметін атқарды.

Қазіргі лауазымын 2017 жылдың наурызынан бері атқарып келеді.

29  жыл  бұрын  (1989) VI  шақырылымындағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі Геннадий Геннадьевич ШИПОВСКИХ дүниеге келді. 

Қызылорда облысы, Арал ауданының Сексеуіл кентінде туған. Әкесі Шиповских Геннадий Павлович пен анасы Куликова Лидия Николаевна қайтыс болғаннан кейін 2004 жылы Макаренко атындағы Қызылорда қалалық балалар үйіне түскен. Сол жылы қазақ отбасы асырап алады. 2009 жылы Қызылорда қаласындағы №6 кешкі мектепті бітіргеннен кейін Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде №5 кәсіптік лицейіне «Машинист көмекшісі» мамандығы бойынша оқуға түседі. 2010 жылы оқуды үздік бітіріп, Қызылорда Локомотив жөндеу депосына жылжымалы құрам слесарі ретінде жұмысқа орналасады. 2013 жылы Қызылорда Локомотив пайдалану депосына «машинист көмекшісі» лауазымына ауыстырылды. 2014 жылы Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда агротехникалық колледжіне оқуға түседі. Облыстық және қалалық бірнеше қоғамдық шараларға белсене қатысқан. «Қазақстан темір жолы» АҚ «Evolution» атты «Көңілді тапқыштар клубының» мүшесі. 2016 жылғы наурыздан бастап - алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі.

217 жыл бұрын (1811-1886) венгр композиторы, пианиношы, дирижер, педагог, қоғам қайраткері ЛИСТ Ференц дүниеге келді.

Венгрияның Шопрон қаласында туған. Композитор 70-тен астам музыкалық мұра қалдырған. Олардың ішіндегі ең танымалдылары: «Фауст», «Данте», «Тассо» симфониялары, «Венгр рапсодиялары». Ол әлемге әйгілі көптеген композиторлардың шығармаларының фортепианоға арналған транскрипциясын жасаған. Лист венгр музыканттарының орындаушылық және композиторлық шығармаларының дамуына, сондай-ақ басқа халықтардың ұлттық музыка мәдениетінің қалыптасуына игі ықпал етті.


148 жыл бұрын (1870-1953) орыс жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты БУНИН Иван Алексеевич дүниеге келді.

Ресейдің Воронеж қаласында туған. Ол әдеби қауымға 1887 жылы жарыққа шыққан алғашқы көркем дүниелерімен-ақ таныла бастаған. «Күзгі жапырақтар» жинағы үшін 1901 жылы Ресей Ғылым Академиясының А.С. Пушкин атындағы сыйлығын алды. «Антонов алмасы», «Қарағайлар», «Жаңа жол» атты шығармалар жинағын да оқырман қауым жылы қабылдаған. Өмірінің соңғы сәттерінде жазылған естеліктер мен мақалалары 1990 жылы Мәскеуде «Советский писатель» баспасынан «Окаянные дни» деген атпен жарық көрді. Кеңес өкіметін, большевиктер билігін өмір бойы мойындамай өткен Бунин кеңес жазушылары, кеңес қоғамы туралы өзінің шынайы ойларын аталмыш кітапта жан-жақты жазып қалдырған.

Оның «Не пугай меня грозой» деген өлеңін Абай «Қорқытпа мені дауылдан» деген атпен қазақ тіліне аударған. Жазушының «Антонов алмасы» жинағы Ғафу Қайырбеков аудармасымен қазақ тілінде жарық көрді.

117 жыл бұрын (1901-1978) белгілі түрколог, филология ғылымының докторы, профессор, Түрік лингвистика қоғамының корреспондент мүшесі СЕВОРТЯН Эрванд Владимирович дүниеге келді.

Негізгі еңбектері түркология мәселелеріне арналған. «Түрік әдеби тілінің фонетикасы», «Түркі тілдерінің этимологиялық сөздігіне арналған мақалалар жобасы» атты монографияларында түркі тілдеріндегі фономорфологиялық және семантикалық мәселелерді салыстырмалы түрде зерттеген. «Түркі тілдерінің этимологиялық сөздігі» түркология ғылымына қосылған зор үлес болып табылады, бұл еңбекте түркі тілдерінің этимологиясы фонемика, морфемика, семантика негізінде қарастырылған.

«Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.

75  жыл бұрын (1943) француздың ең танымал актрисаларының бірі Катрин ДЕНЕВ (шын тегі - Дорлеак) дүниеге келді.