22 СӘУІР . ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 22 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 22 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

22 СӘУІР, СЕЙСЕНБІ Бүкіләлемдік жер күні. Қоршаған ортаны қорғау ісіне бүкіл адамзатты біріктіру мақсатында өткізілетін халықаралық шара ретінде 1990 жылдан бастап атап өтіледі. Бұл атаулы күн 1970 жылдан бастап АҚШ-та дәстүрлі түрде өтеді. АҚШ-та ағаш отырғызу күні. Мектеп мерекесі. Көктемнің алғашқы күндерінде бастауыш мектеп оқушылары оқытушыларының басшылығымен ағаш отырғызумен айналысады. Мақсаты - қала балаларына табиғатты аялауды үйрету. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 43 жыл бұрын (1971) сол кездегі Қазақстанның астанасы Алматы қаласына бірінші рет Ту-154 әуе лайнері келіп қонды. Мәскеуден Алматыға дейінгі аралықтағы - 3 500 шақырымдық жолды лайнер не бәрі 3 сағат 45 минутта ұшып өткен. 29 жыл бұрын (1985) Ақтөбеде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалдық мұражайы ашылды. 20 жыл бұрын (1994) Украинаның Қазақстандағы Елшілігі ашылды. 17 жыл бұрын (1997) әкімшілік-аумақтық құрылымды оңтайландыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Талдықорған және Торғай облыстары таратылды. 6 жыл бұрын (2008) Мемлекет басшысы ҰҚШҰ мемлекеттері темір жолдарының бірыңғай жүйесін құру келісімін ратификациялау туралы заңға қол қойды. 6 жыл бұрын (2008) Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің қолдауымен жарық көрген «Саяси түсіндірме сөздіктің» тұсаукесері болып өтті. Төрт мың данамен басылып шыққан 616 беттік түсіндірме сөздікке екі мыңнан астам саясаттану, жаһандану, әлеуметтану, мәдениеттану салаларының терминдері мен анықтамалары енгізіліп, оларға ғылыми тұрғыдан түсініктеме берілген. Қазақ тілді орта және жоғары оқу орындарына, саясаттанушыларға, әлеуметтанушылар мен мәдениеттанушыларға арналған сөздікте сондай-ақ, әлемдік саясатта өзіндік мектеп қалыптастырған саясаттанушылар мен еліміздің саяси өміріне белсене араласқан тарихи тұлғалар да қамтылған. 5 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. 5 жыл бұрын (2009) БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы 32 серіктес ұйыммен бірлесе отырып, Әлемдік сандық нұсқадағы кітапхана ашты. Бұл кітапхананың қорын кез-келген оқырман пайдалана алады. www.wdl.org сайтында мәдениеттің бірегей туындыларымен, қолжазбалармен, карталармен, сирек кездесетін кітаптармен, фильмдермен, аудиожазбалармен және фотосуреттермен танысуға болады. Олардың ішінде ежелгі қытай мәтіндері, арабтың ғылыми трактаттары, 764 жылғы «Hyakumanto darani» жазбасы және басқа да мәдени құндылықтар бар. Әлемдік сандық нұсқадағы кітапхана ағылшын, араб, испан, қытай, португал, орыс және француз тілдерінде жұмыс істейді. 4 жыл бұрын (2010) Елордадағы «Қазақстан» спорт сарайында «Қазақстан хоккейі» журналының тұсауы кесілді. 4 жыл бұрын (2010) Алматыда Қазақстандық «BTIMES.KZ» іскерлік порталы - Орталық Азиядағы жаңа бірегей ұқсастығы жоқ ақпараттық бизнес-медиаресурстың тұсаукесері өтті. Оның негізгі мақсаты - қазақстандық компанияларға қозғалмалы дамуға жайлы жағдайлар жасау тиімді құралдар пайдалану арқылы елдегі және дүниежүзіндегі экономика, бизнес, даму үрдісі, беделді сарапшылардың пікірлері мен талдаулары жөніндегі уақытылы және сапалы ақпарат беру. ЕСІМДЕР 114 жыл бұрын (1900-1973) қазақтың атақты жазушысы, ақын, драматург, әдебиет зерттеушісі және сыншысы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі МҰҚАНОВ Сәбит дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында туған. Сәбит Мұқанов қазақ әдебиетінде роман жанрының дамуын биік шыңға көтерді. «Жұмбақ жалау» (кейіннен «Ботакөз») романында революциялық аласапыран кезді басынан өткерген қазақ әйелінің тағдыры бейнеленсе, «Сырдария» романында Ұлы Отан соғысы кезіндегі тылдағы еңбекшілердің қайсарлығы, халықтар достығы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан үндестік сөз етілген. «Аққан жұлдыз» дилогиясы әйгілі ғалым Шоқан Уәлихановқа арналған. «Өмір мектебі» трилогиясында автор өз ғұмырын кезең-кезеңмен әңгімелей отырып, қазақ халқының жарты ғасыр бойғы тарихының да шыншыл шежіресін жасайды. Шығармалары ТМД және шетелдің бірқатар тілдеріне аударылған. Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Екі рет Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған. 86 жыл бұрын (1928-1990) актер, Қазақстанның халық әртісі ЖАНТӨРИН Нұрмұхан дүниеге келді. Атырау облысының Махамбет ауданында туған. Ташкент театр өнері институтын бітірген. 1952-1967 жылдары және 1988 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ академиялық драма театрының сахнасында өнер көрсеткен. 1967-1988 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында актер болған. Актер көптеген сахналық спектакльдер мен фильмдерде ойнаған. Ол театрда С.Мұқановтың «Шоқан Уалихановында» Шоқан, Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш - Баян сұлуында» Қодар (осы шығармалар бойынша қойылған фильмдерде де ойнаған), М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пен «Қаракөзінде» Кебек пен Сырым, Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ерінде» Доктор, М.Каорудың «Шығыстағы бір бейбағында» Синтаро, М.Булгаковтың «Жендеттерінде» Мольер, сондай-ақ, У.Шекспирдің «Оттелосы» мен «Макбетінде» Яго және Макбет (соңғысы Қарағанды облысы қазақ драма театрында), А.Пушкиннің «Шағын трагедияларында» Сальери, Барон және Дон Жуан рольдерін ойнап, үздік актерлік шеберлігін танытқан. 1948 жылдан киноға түсе бастаған. Кинодағы алғашқы рөлі «Аласталған Алитет» фильміндегі чукча жігіті - Туматуге. Жантөрин 80-ге жуық фильмдерге түсе оның 30-дан астамында басты рөлде ойнаған. Олардың қатарында Ш.Уәлиханов («Оның уақыты келді»), Абылайханов («Атаманның ақыры»), Құрманғазы («Құрманғазы»), Сапар («Сапар құдығы»), Шал («Көлеңкесін қуған шал»), Бейбарыс сұлтан («Сұлтан Бейбарыс»), т.б. бейнелері бар. Режисер ретінде Цой Гук Инмен бірлесіп «Орман балладасы», Н.Жайнақовпен бірге «Медальдің үшінші жағы», «Қара маржан» фильмдерін қойған. Алматы қаласында Жантөрин атындағы көше бар. 65 жыл бұрын (1949-1997) әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңрген мәдениет қайраткері, Республикалық эстрада әртістері конкурсының және «Жігер» фестивалінің лауреаты СЕЙІЛОВ Жақсыкелді Уәлиұлы дүниеге келді. Қарағанды облысында туған. Ол «Қарагөз», «Жезкиік» ансамбльдерін ұйымдастырған. Композитордың «Жезкиік», «Айналайын, қанатым», «Әке туралы ой», «Ана туралы баллада», «Кездесу», «Ұлытау» сияқты танымал әндері бар. Жезқазған филармониясының шығармашылық ұжымы құрамында Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолияда болып, өнер көрсеткен. 63 жыл бұрын (1951) ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық «Жігер» шығармашылық фестивалінінің лауреаты, Абайдың 150 жылдығына орай өткен жыр мүшәйрасының жүлдегері ЖӘЛЕНОВА Қатира Сыздыққызы дүниеге келді. Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетін бітіріп, Қазақ радиосында 20 жылдан астам жемісті еңбек еткен. 1978 жылы «Кел, махаббат» атты жыр жинағы жарық көрген. Содан бері «Аңсаған менің әнімсің», «Ақ гүлдер» атты жинақтары шықты. Бір топ өлеңдері «Разбег» атты ұжымдық жинақта орыс тіліне аударылып басылған. 2009 жылы «Сырдария» жыр жинағы жарық көрген. Қазіргі кезде кәсіпкерлікпен айналысады, «Ай-мир» сауда үйінің директоры. Тәжік ақыны Г.Сүлейменованың «Қырық бұрым» өлеңдер жинағын аударған. Сондай-ақ ол Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық жас ақын-жазушылардың кеңесіне қатысқан. «Айрықша қызметі үшін» медалімен, Қызылорда облысының мерекелік медалімен марапатталған, екі мәрте облыс әкімі стипендианты. 54 жыл бұрын (1960) «Алматы» Әлеуеттік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы БИЖАНОВ Керімжан дүниеге келді. Талдықорған облысында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. Еңбек жолын ұжымшарда, кәсіпорындарда жұмысшы болып бастады, 1992-1997 жылдары - «Алтын» кәсіпорнының директоры, «Құлан» АҚ вице-президенті, «Жігер» АҚ басқарма төрағасы. 1997-1999 жылдары - Талдықорған қаласының әкімі. 1991-2001 жылдары - Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, 2001-2007 жылдары- «Мал өнімдері» корпорациясы» АҚ президенті болды. 2007-2010 жылдары - ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты. 52 жыл бұрын (1962) велошабандоз САТЫБАЛДИЕВ Марат дүниеге келді. 42 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппараты Ақпарат-талдау бөлімінің меңгерушісі ҚҰБАШ Асылбек дүниеге келді. Атырау облысының Новобогат ауданында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Саясаттанушы. 1997-2004 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі жүйесінде қызмет атқарды. 2004 жылғы қаңтардан - Солтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат департаменті бастығының орынбасары, бірінші орынбасары болды. 2008 жылдан бастап 2012 жыл аралығында - «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі, «Нұр Отан» ХДП Орталық Аппаратының Стратегиялық даму департаментінің, Саяси жоспарлау департаментінің директоры. 41 жыл бұрын (1973) боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының және ТМД-ның чемпионы ЖҰМАДІЛОВ Болат Нұретдинұлы дүниеге келді. Жамбыл облысында туған. Бокспен 12 жасынан бастап айналысқан. Ол Орта Азия ойындарының, 2-ші Шығыс Азия ойындарының чемпионы, Дүние жүзі чемпионаттарының қола, 26-шы Олимпия ойындарының күміс, Дүние жүзі чемпионатының алтын, 27-ші Олимпия ойындарының күміс жүлдегері болған. «Құрмет» орденімен марапатталған. 290 жыл бұрын (1724-1804) неміс философы, неміс классикалық философының негізін салушы, Петербор Ғылым академиясының шетелдік құрметті мүшесі КАНТ Иммануил дүниеге келді. Кенигсберг (қазір Ресей иелігіндегі Калининград) қаласында туған. Канттың гимназияға, кейін Кенигсберг университетіне түсіп, білім алуына Шульц деген пастор қол ұшын берген. Университетте Кант философиямен қатар жаратылыстану ғылымдарын (математиканы, физиканы, астрономияны, географияны және медицинаны) тиянақты оқып, меңгереді. Университетте географиядан сабақ беріп, «Физикалық география» атты үш томдық еңбек жазған. 1755-1796 жылдары университеттің доценті, профессоры болған. Ғалымның «Педагогика», «Аспанның жалпы табиғи тарихы және теориясы», «Таза зердеге сын», «Практикалық зердеге сын» және «Пікір кабілеттеріне сын» атты еңбектері бар.

Соңғы жаңалықтар