22 ШІЛДЕ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 22 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.
22 шілде, ЖЕКСЕНБІ
Әзірбайжанның ұлттық баспасөз күні. Елдің алғашқы басылымы - «Экинчи» газетінің жарық көрген күніне орай атап өтіледі. Әзірбайжан жаһандық ақпараттық жүйеге кіріп үлгерді. Көптеген демократиялық елдерде сияқты Әзірбайжанда да Баспасөз жөніндегі кеңес құрылып, «БАҚ туралы» заң қабылданған.
Перуда «Писко сур» коктейлі күні. Перуда жыл сайын шілденің төртінші жексенбісінде атап өтіледі. Бұл күн 16 ғасырда перуандықтар жүзім арағы «писконың» негізінде дайындаған елдегі ең танымал коктейльдің құрметіне арналған. Мереке ресми түрде 1999 жылы мамырда бекітілді.
Ресейде сауда қызметкерлерінің күні. Ресейде бұл мереке екі рет атап өтіледі, біреулер оны ескі дата бойынша - наурызда, біреулер шілде айында тойлайды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
71 жыл бұрын (1941) қазақстандық генерал-майор Кузьма Александрович Семенченко соғыс басталғанына 1 ай өткеннен кейін Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
20 жыл бұрын (1992) Қазақстан мен Украина арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
13 жыл бұрын (1999) ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы авиациясын дамытудағы ерекше үлесі үшін» сыйлығы тапсырылды.
68 жыл бұрын (1941) қазақстандық генерал-майор Кузьма Александрович Семенченко соғыс басталғанына 1 ай өткеннен кейін Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
23 жыл бұрын (1989) Тәжікстанда тәжік тілі мемлекеттік тіл болып жарияланды.
17 жыл бұрын (1995) Қарақалпақ Республикасында Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толуы кеңінен аталып өтті.
7 жыл бұрын (2005) Алматыда Саин көшесінің және Райымбек даңғылының қиылысындағы ең ірі жол айырығы пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға Алматы қаласының әкімі қатысты.
Үш деңгейлі айрық көпір көлік қатынасын 3,5 есе жеңілдетіп, күніне 120000 автомобиль жүргізуде.
3 жыл бұрын (2009) Атырауда Жайық өзенінің үстімен өтетін жаңа екі көпірді пайдалануға беру салтанатты рәсімі өтті.
Жалпы ұзындығы 800 метр болатын бір көпір «Привокзальный» шағын ауданын әуежаймен жалғастырды. Көпірдің ұзындығы - 22 метр. Көпірдегі қозғалыс төрт жолақты, оның тәулігіне 5 мың автомобильді өткізу мүмкіндігі бар. Жолаушылар үшін ені 2,5 метрлік аяқжолдар көзделген.
Екінші көпір «Жилгородок» шағын ауданында қаланың еуропалық және азиялық бөліктерін қосты. Оның жалпы ұзындығы - 693 метр. Ол да тәулігіне кеміне 5 мың автомобильді өткізуге есептелген.
3 жыл бұрын (2009) Екібастұзда қуаты айына 300 тонна шикізат дайындап, құрым тері жартылай фабрикатын шығаратын зауыт іске қосылды.
Зауытқа заманауи итальяндық жабдықтар орнатылған. Өнімдерді Италия, Испания, Қытай, Үндістан нарықтарына шығарылады.
198 жыл бұрын (1814) Огайода бес үнді тайпасы АҚШ-пен бейбітшілік туралы келісім жасап, Англияға соғыс жариялады.
90 жыл бұрын (1992) Олимпиадада ойнауға тыйым салынуға байланысты Германия Лейпцигте баламалы ойындарды өткізді
71 жыл бұрын (1941) Германияның әскери-әуе күштері Мәскеуге алғашқы әуешабуылын жасады.
66 жыл бұрын (1946) еуропалық содырлар Иерусалимдегі «Царь Давид» отелін жарып жіберді, салдарынан 91 адам қаза болды.
53 жыл бұрын (1959) Ан-10 ұшағы алғаш рет көкке көтерілді.
52 жыл бұрын (1960) Куба АҚШ-қа тиесілі болып келген қант зауыттарын ұлттандырды. КСРО-ға қант келе бастады.
ЕСІМДЕР
69 жыл бұрын (1943) ақын, жазушы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі АҚПАНБЕТҰЛЫ Әлсейіт дүниеге келді.
Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. 1966-1973 жылдары - Сырдария аудандық орта мектептің мұғалімі, аудандық оқу бөлімінің әдіскері. 1973-1977 жылдары - «Мектеп» баспасының редакторы, 1977-1981 жылдары - Қазақ КСР Оқу министрлігінің инспекторы, Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері. 1981-1990 жылдары - Қазақ радиосының әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясының редакторы. 1991 жылдан «Балдырған» республикалық балалар журналында бөлім редакторы, редакцияның алқа мүшесі болған. Жазушының «Тұңғыш кітап», «Бал дәмі», «Нұр жауған күн» поэмалар мен өлеңдері, «Той үстінде», «Қатын қашқан» әңгімелер, хикаялар, ертегілері жарық көрген. «Түңгі көбелек» аталатын трагикомедиясы 1998 жылдан Қызылорданың Н.Бекежанов атындағы музыкалық-драма театрында, 2001 жылдан «Дүние-думан» комедиясы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қойылып келеді.
93 жыл бұрын (1919-1994) Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері ЖУАНЫШЕВ Дабыл дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Алматы заң институтын сырттай оқып бітірген. 1946-1951 жылдары Жамбыл облысы Талас ауданының судьясы, Жамбыл қаласындағы 2-ші учаскелік судья қызметтерін атқарған. 1952-1982 жылдары Жамбыл облыстық соты төрағасының орынбасары, Қызылорда, Жамбыл облыстық соттары төралқасының төрағасы болған.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Құрмет грамотасымен, бірнеше орден, медальдармен марапатталған.
73 жыл бұрын (1939) әнші, Қазақстанның халық әртісі, профессор КЕСОГЛУ Лаки Константинович дүниеге келді.
Грузияның Батуми қаласында туған. Алматы консерваториясын бітірген. 1967 жылдан осы консерватория жанындағы опера студиясында жұмыс істеген. 1972 жылдан Қазақстан теледидары мен радиосының әншісі болды. Осы жылдан бастап ол отандық және бүкілодақтық радио мен теледидар арқылы танылды. Қазір Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында дәріс береді.
103 жыл бұрын (1909-1984) техника ғылымының докторы, КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі ДОКУКИН Александр Викторович дүниеге келді.
Ресейде туған. Мәскеу тау-кен институтын бітірген. Бүкілодақтық көмір институтының, А.Скочинский атындағы тау-кен ісі институтының директоры болған.
А.Докукин Қазақстандағы кен қазу өнеркәсібін дамытудың негізгі бағыттарын белгілеуге және жоғары білікті кадрлар даярлау ісіне тікелей қатысты. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері жер астындағы пайдалы қабаттарды қазу технологиясы мен кешенді механикаландыруға арналған.
«Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
52 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты - Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, физика-математика ғылымдарының кандидаты ПЛОТНИКОВ Сергей Викторович дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Саратов политехникалық институтын бітірген.
Шығыс Қазақстан облысы Большенарым ауданының әкімі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2008 жылдан - Шығыс Қазақстан облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.
Екі медальмен марапатталған
91 жыл бұрын (1921) Ұлы Отан соғысының ардагері, партия және мемлекет қайраткері, құрметті теміржолшы, Тарихи ескерткіштер мен мәдениетті қорғау жөніндегі Қазақ қоғамының құрметті президенті ЖИЕНБАЕВ Сұлтан Сүлейменұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін, Алматыдағы саяси жетекшілердің орынбасарларын дайындайтын курсты бітірген. Алматыдағы «Қазақ мал дайындау» кеңсесінде, одан кейін Қазақстат басқармасында қызмет істейді. 1941 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласында жасақталып жатқан 100-ші дербес қазақ атқыштар бригадасының атқыштар ротасына старшина болып тағайындалады, кейін взвод командирі болады. 100-ші дербес атқыштар бригадасы 1942 жылы қарашада Калинин майданында 39-шы армия құрамында сұрапыл соғысқа кірісіп кетеді, сол ұрыста Сұлтан айрықша ерлік үлгісін көрсетеді. 100-ші дербес атқыштар бригадасының Великие Луки, Невель, Ржев маңындағы жерлерді және көптеген елді мекендерді неміс басқыншыларынан азат етудегі ерлік істері тарихтан белгілі. 1944-1950 жылдары Түркістан-Сібір темір жолы жұмысшы жабдықтау басқармасы жүйесінде әр түрлі басшы қызметтерде болды. 1950 жылы КСРО Сауда министрлігінің Мәскеу қаласындағы жоғары сауда курсына жіберіліп, оны үздік бітіреді. 1954 жылдың күзінде Алматы қалалық партия комитетінің әкімшілік, қаржы-сауда бөлімінің меңгерушісі болады. Ал одан бес жылдан соң Алматы қаласының Фрунзе аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. 1962 жылы Сұлтан Жиенбаев республиканың Сауда министрі болып тағайындалады. Министрлікті басқару барысында 1962-1970 жылдары Сұлтан Сүлейменұлы сауда және көпшілік тамақтандыруды дамыту мен сала қызметін жетілдіруге көп күш-жігерін жұмсайды. Саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, сауда қызметін көрсетудің прогресшіл түрлерін енгізуге зор үлесін қосады. Сұлтан Жиенбаевтың өміріндегі белесті кезеңнің бірі оның 1970 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалуымен байланысты. Ол бұл қызметте 15 жылға жуық еңбек етті. Бұл ретте сауда, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларымен қоса республиканың Қарулы Күштеріне қамқорлық жасаумен айналысты. Орта Азия әскери округінің құрылуына белсенді көмек көрсетті. Округ әскерлерінің оқуы мен тәрбиесіне көп көңіл бөлді. Ол 1985 жылы Республиканың тарихи және мәдени ескертіштерін қорғау қоғамы Орталық кеңесі президиумының төрағасы болып сайланды және 1988 жылға дейін осы қызметті атқарды. Сұлтан Жиенбаевтың жеке бастамасымен және ғылыми, мәдени және қоғамдық мекемелердің тілектерін ескере отырып, 1992 жылы Дінмұхаммед Қонаев атындағы Халықаралық қор құрылды. Қордың бірінші президенті болып Сұлтан Сүлейменұлы сайланды, қазіргі таңда ол Қордың құрметті президенті болып қызмет атқарады.
Октябрь революциясы, үш Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы және «Құрмет» ордендерімен, екі «Бірінші дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, сондай-ақ Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірнеше құрмет грамоталарымен марапатталған.
86 жыл бұрын (1926) тарихшы-ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор, Ресей Әскери ғылым академиясының академигі, отставкадағы полковник, Қазақстанның бірінші әскери академигі, Зайсан ауданының құрметті азаматы АМАНЖОЛОВ Керейхан Рахымжанұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында туған. Ленинград жоғары әскери-саяси училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1975-1995 жылдары - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының тарих кафедрасында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі болған. 1995 жылдан - аталмыш институттың Қазақстан тарихы және саясаттану кафедрасының профессоры. Қазіргі кезде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Қазақ тарихы кафедрасының профессоры болып үздіксіз қызмет етіп келеді.
Ол әскери ғылым саласында 400-ден астам мақаланың, 20-дан астам монография мен оқулықтың, бес әскери іс туралы сөздіктің және өзге де кітаптардың авторы.
Парасат орденімен, «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Армиясына 30 жыл», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері», «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.
66 жыл бұрын (1946-1999) жазушы, ақын МҰХТАРҰЛЫ Сейсен дүниеге келді.
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 1971-1982 жылдары - Қазақ Совет энциклопедиясының аға ғылыми қызметкері. 1982-1986 жылдары - «Өнер» баспасының редакторы, редакция меңгерушісі. 1992-1995 жылдары «Жалын» баспасының аға редакторы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық мұрағаты ғылыми басылымдар бөлімінің бастығы болған. Өмірінің соңғы жылдары Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетінің аға оқытушысы болған.
Ақынның «Құм кескен керуен», «Саптағы сарбаз», «Тағы бір көктем», «Нұр тағысы» өлеңдер жинағы, «500 сұраққа жауап» атты өнертану, зерттеу кітабы, «Шоқан және өнер» атты ғылыми-публицистикалық кітабы және халық суретшісі Қанапия Телжанов туралы тарихи-библиографиялық «Атамекен» повесі жарық көрген.
33 жыл бұрын (1979) ҚР Статистика агенттігінің жауапты хатшысы АЙДАПКЕЛОВ Нұрболат Серғалиұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген, мамандығы - «бухгалтерлік есеп және аудит». 2002 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін аяқтады.
2009 жылы ҚР Статистика агенттігі төрағасының орынбасары, аталмыш қызметінде - 2011 жылдың мамырынан бастап.
62 жыл бұрын (1950) К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының бас балетмейстері НҰРҚАЛИЕВ Тұрсынбек Әбдібайұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Қаскелең қаласында туған. Алматы мемлекеттік хореографиялық училищесін, балет әртісі; Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Балетмейстерлік шеберлік» факультетін, режиссер-хореограф мамандығы бойынша бітірген. «Нұр Отан» ХДП мүшесі (2008 жылдан). 1970 жылдан - Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры балетінің жеке орындаушысы. 2000 жылдан бері - К. Байсейітова атындағы ¥лттық опера және балет театрының бас балетмейстері. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.