22 шілдеде Жерге магниттік дауыл жетеді
АСТАНА. KAZINFORM – 22 шілдеде Күндегі тәждік тесіктен тараған жылдам күн желінің әсерінен Жерде G1–G2 деңгейіндегі магниттік дауыл күтіледі, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
ТАСС мәліметінше, Ресей ғылым академиясының Ғарыштық зерттеулер институты мен Сібір бөлімшесінің Күн-жер физикасы институтының Күн астрономиясы зертханасы 22 шілдеде Жерде G1–G2 деңгейіндегі магниттік дауыл болатынын мәлімдеді. Оған Күндегі кезекті тәждік тесіктен шыққан жылдам күн желі себеп болады.
– Биылғы жазда геомагниттік белсенділік өте төмен болып тұрған жағдайда, екі күннен кейін Жерге кезекті тәждік тесіктен шыққан жылдам күн желі жетіп, аз да болса геомагниттік белсенділік байқалады, – делінген зертхана хабарламасында.
Мамандардың айтуынша, геомагниттік белсенділіктің күшеюі 21 шілдеден 22 шілдеге қараған түні басталып, кемінде бір тәулікке созылады. Ең жоғары кезеңінде G1–G2 деңгейіндегі магниттік дауыл болуы мүмкін.
Ал G3 және одан жоғары деңгейдегі күшті магниттік дауылдардың ықтималдығы шамамен 5 пайызды құрайды.
Еске сала кетсек, кеше Күнде қуатты жарқыл тіркелгенін жаздық.