22 жасар қазақ конькиші Қытай ұлттық құрамасы қатарына қосылды

АСТАНА.KAZINFORM – Ұлты қазақ спортшы Ерқанат Айтнамаұлы конькимен жүгіру спортынан Қытай ұлттық құрамасы сапына қосылды.

22 жасар Қазақ конькиші Қытай ұлттық құрамасы қатарына қосылды
Фото: altxw.com

Жергілікті Алтай ақпарат порталының хабарлауынша, Қытай құрамасы қатарында өнер көрсететін 22 жасар қандасымыз АҚШ, Канада, Нидерланд және Норвегияда өтетін ISU конькимен жүгіру спортынан әлем кубогы жарысына қатысады.

Айта кетерлігі, әлем кубогы жарыстары 2026 жылы Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін ХХV Қысқы Олимпиада ойындары алдындағы іріктеу саналады.

Ерқанат Айтнамаұлы 2003 жылы 26 наурыз Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі, Алтай аймағындағы Көктоғай ауданында дүниеге келген. 11 жасында спорттық мансабын бастаған Ерқанат 2016 жылы Шыңжаң командасы сапына қосылды. 2022 жылы Бейжің спорт университеті түлегі атанып, 2024 жылғы Қытай чемпионатында бір күміс және бір қола медаль еншіледі.

Қандасымыз 16 қараша күні Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ) өтетін әлем кубогында жарыс алаңына шығады.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қысқы Олимпиаданың басталуына тура 100 күн қалды.

Соңғы жаңалықтар