227 мыңнан астам атыраулық спортпен тұрақты шұғылданады

Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Дастанбек Қоспановтың айтуынша, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,3%-ға өскен.
«Облыста 2025 жылға дейін бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысушылар санын 50%-ға арттыру жоспарланып отыр. Қазір кәсіби мақсатта ашылған 9 спорт клубы жұмыс істейді. Ұлттық спорт, баскетбол, волейбол, су спорты клубтары жекешелендірілді. Ал хоккей мен футбол, бокс клубтары сенімгерлікпен басқаруға берілді», - деп хабарлады Дастанбек Қоспанов.
Оның мәліметінше, спорттық клубтарда жаттығушылар саны 4 276-ға жеткен.
«Жыл басынан бері бұқаралық спортты дамыту мақсатында 800-ден аса спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Оған 150 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде 560 іс-шара ауылдарда өтіп, 110 мыңнан астам тұрғынды қамтыды. Облыста 1000 адамға шаққанда тұрғындарды спорт инфрақұрылымымен қамту деңгейі 38,2% болып отыр.
2027 жылға дейін 26 спорт кешені салынып, бұл көрсеткішті 40%-дан асыру жоспарланып отыр», - деді Дастанбек Қоспанов.
Атырау облысында 1 217 спорт нысаны бар. Биыл Исатай ауданының Тұщықұдық ауылында спорт кешені пайдалануға берілген.
«Қазір 8 спорт нысанының құрылысы салынып жатыр. Ал 4 нысанды қайта жаңғырту қолға алынды. Тағы екі спорт нысанын салу жоспарланып отыр. Оның бірі – дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты. Екіншісі – Жаңаталап ауылындағы спорт кешенінің құрылысы», - деп мәлім етті басқарма басшысы.
Еске сала кетелік, бұған дейін Айболат Ыстыбай Хорватиядағы Гран-при турнирінің қола жүлдегері атанғанын жазған едік.