23 ақпан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 23 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.
23 АҚПАН, ЖЕКСЕНБІ
Ресей Федерациясының Отан қорғаушылар күні. Кеңес Одағы кезінде бұл мереке Кеңес Армиясының және Әскери-теңіз флотының күні ретінде атап өтілетін. Федаралдық заңмен 1995 жылғы наурыздың 13-інде белгіленген. Ақпанның 23-і Қызыл Армияның 1918 жылы Германияның кайзерлік әскерлерін жеңген күні құрметіне таңдап алынған.
Бруней Сұлтандығының Тәуелсіздік күні. Бруней мемлекеті 1888 жылдан Британ протектораты болып келді. 1984 жылы Бруней тәуелсіз мемлекет деп жарияланды. Қазақстан Республикасы мен Бруней Сұлтанаты арасында дипломатиялық қатынас 2000 жылы маусымның 14-інде орнады.
Тәжікстанда Отан қорғаушылар күні. Тәжікстанда Отан қорғаушылар күні 1993 жылы ақпанның 23-інде Тәжікстанның Ұлттық армиясын құру құрметіне белгіленген.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
21 жыл бұрын (1993) Алматыдағы Достық үйінде «Қазақстан-Венгрия» достық қоғамы құрылды.
19 жыл бұрын (1995) Лондонда Абай үйі ашылды.
14 жыл бұрын (2000) Маңғыстаудағы Доға мұнай кен орнын іске қосудың тұсаукесер рәсімі өтті.
9 жыл бұрын (2005) Алматыда Қазақстандағы және ТМД елдеріндегі жалғыз «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттердің негіздері» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапты «Транспаренси Казахстан» және «Интерлигал» саяси-құқықтық зерттеулер қоғамдық қорларының көмегімен және «Сыбайлас жемқорлықпен азаматтық білім арқылы күресу» жобасының аясында басып шығарылды. Кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шыққан. Сыбайлас жемқорлық қоғамдық қарым-қатынастың барлық саласына әсер етеді, деген мінездеме берілген.
Кітап авторлары Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңестің төрағасы Игорь Рогов, Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының төрағасы (қазір ҚР Парламенті Сенатының төрағасы) Қайрат Мәми.
9 жыл бұрын (2005) Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында (ҚМЭБИ) Қалалардың тұрақты даму орталығы құрылды. Басты мақсаты - қалаларды жоспарлау саласындағы мамандарды дайындау. Орталық қалаларды дамыту саласында саяси шешімдердің ақпараттандыруын жоғарылатады.
8 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ресейдің танымал балетмейстері Юрий Григорович «Достық» орденімен марапатталды.
Юрий Григорович Қазақстан мен Ресей халықтарының арасында достық қатынастарды нығайтуға қосқан елеулі еңбегі үшін марапатталды.
7 жыл бұрын (2007) Маңғыстау облысында Мұнайлы ауданы құрылды. Бұл шешім Маңғыстау облыстық маслихатының кезектен тыс сессиясында қабылдады. Жаңадан құрылған аудан аймақтың бесінші әкімшілік-территориялық ауданы. Мұнайлы ауданының әкімшілік-территориясы 492 мың 189 гектар жерді алып жатыр. Ақтау қаласына қарасты, және Маңғыстау, Қарақия, Түпқараған аудандарының территориясының бөліктері кірді.
5 жыл бұрын (2009) Семейдің ірі кәсіпкерлері қалалық ақсақалдар кеңесінің белсенді атсалысуымен Абыралы ауданының тұрғындарына қолдау көрсету қоғамдық қорын құрып отыр. Семей ядролық полигонындағы сынақтардан зардап шеккен халықты әлеуметтік қолдау бағдарламасына сәйкес, бұл коммерциялық емес ұйым Абыралы ауданы тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуды және ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметтермен қамтылуына қолдау көрсетуді мақсат етіп отыр.
4 жыл бұрын Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде 2009-2010 оқу жылына арналған «Шеврон» компаниясы стипендиялық бағдарлдамасының жеңімпаздарына сертификаттар тапсыру салтанаты өтті.
4 жыл бұрын (2010) Мемлекет тарихы институты Қазақстанның тәуелсіздік кезіндегі ішкі және сыртқы саясатының жүзеге асырылу тәжірибесін жинақтаған алты ғылыми еңбекті шығарды. Олардың таныстырылымы ҚР Ұлттық мұрағатында өтті.
3 жыл бұрын (2011) Минскінің Якуб Колас атындағы мұражайында қазақ поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 165 жыл толуына арналған салтанатты әдеби кеш өтті.
3 жыл бұрын (2011) Астанада 20-30 жылдардағы жаппай саяси- қуғын-сүргін және ашарлық жайында баяндайтын басылым таныстырылды.
2 жыл бұрын (2012) Қазақстан «Сегіздік тобы» жаппай қырып-жоятын қарулардың таратылуына қарсмы жаһандық әріптестіктің 24-ші мүшесі болды.
95 жыл бұрын (1919) Латыш драма театры құрылды. Алғаш рет Кеңестік Латвияның жұмысшы театры деген атпен Ригада құрылған болатын. Театр Л.Паэгленің «Қайта туу» пьесасымен тұңғыш рет шымылдығын ашты. 1919 жылдың аяғында театр қайта ұйымдастырылып, Ұлттық театр деген атпен 1940 жылға дейін жұмыс істеді. 1949 жылы академиялық театр мәртебесін иеленді. Ал 1971 жылы жазушы А.Упиттің есімі берілді.
80 жыл бұрын (1934) Мәскеуде Н.Зелинский атындағы Органикалық химия институты құрылды.
70 жыл бұрын (1944) Шешен-Ингуш автономиялық республикасы таратылды. Шешендер мен ингуштар Қазақстанға, Орталық Азияға жер аударылды.
ЕСІМДЕР
153 жыл бұрын (1861-1943) қазақ ауыз әдебиетін жинаушы, миссионер ВАСИЛЬЕВ Александр Васильевич дүниеге келді.
Чебоксары діни училищесінде, Қазан діни академиясында оқыған. 1889-1894 жылдары Торғай облыстық халық мектептерінің Ыбырай Алтынсариннен кейінгі инспекторы болған. 1894 жылдан Орынбордағы Торғай облыстық басқармасының кеңесшісі қызметін атқарып, 10 жыл бойы «Торғай» газетінің редакторы болды. Ол қазақ халқының ауыз әдебиеті, тілі жөнінде көптеген зерттеулер жүргізіп, жинаған ауыз әдебиеті үлгілерін «Торғай» газетінде жариялаған. Торғайдағы ағарту ісінің тарихымен, өмірінің соңғы жылдары нумизматикамен шұғылданды. Қазақ мектептерінде пайдаланылатын орыс тілі оқулықтарын жазды. Онда қазақ балаларын орыстандыру мақсаты айқын көрініс тапқан. «Исторический очерк русского образования в Тургайской области» (1896), «Материалы к характеристике взаимных отношений татар и киргизов» (1898), «Образцы киргизской народной словесности. Выпуск второй - «Киргизские загадки» (1900), «Народные способы врачевания у киргизов Тургайской области» (1902) атты еңбектері жарық көрген. 1906 жылы «Киргизская хрестоматия» басылымын шығаруға қатысып, «Қырғыздарға арналған әліппе» кітабының екінші шығарылымының авторы болған.
121 жыл бұрын (1893-1970) тарих ғылымының кандидаты, «Қазақстанның археологиялық картасы» кітабы авторларының бірі ПАЦЕВИЧ Героним Иосифович дүниеге келді.
Беларус Республикасында туған. Мәскеу археология институтын бітірген. А.Бернштам жетекшілік еткен Жетісу археологиялық экспедиция жұмыстарына белсене қатысып, 1938 жылы құрылған Жамбыл археологиялық пунктінде ғылыми қызметкер, директор болған. 1947-1951 жылдары Оңтүстік, Орталық және Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясына қатысып, Қостанай облысында экспедиция басқарған. Оның ежелгі Қазақстанның топографиясы, сәулеті, құрылыс ісі мен шаруашылығына байланысты 50-ге жуық ғылыми еңбегі бар.
96 жыл бұрын (1918-1995) кинооператор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Кинематографистер одағының мүшесі, Ұлы Отан соғысының ардагері КОЛЕСНИКОВ Андрей Андреевич дүниеге келді.
Қырғызстанда туған. 1937 жылдан Алматы киношежіре студиясында (қазіргі «Қазақфильм») оператор болып, шежірелік-деректі фильмдер түсірген. Оның таңдаулы операторлық еңбектері қатарында «Қазақстан миллиарды үшін күрес», «Мәскеудегі қазақ өнерінің апталығы», «Жеңіс күні», «Армениядағы әдебиет пен өнер онкүндігі», «Үлкен Қапшағай», «Медеу», «Ерлікке толы күн мен түн» фильмдері бар. Ол шежірелік-деректі кино саласында оператор-режиссер әрі сценарийші ретінде еңбек етіп, «Үлкен химия», «Жетісу маржандары», «Қазақстанның қой шаруашылығы», «Үндістанмен кездесу» таспаларын жасаған.
1 және 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
93 жыл бұрын (1921-1995) әскери қайраткер, генерал-майор БАЙТАСОВ Баһадүрбек дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Ленинград әскери-шекара училищесін, КСРО ІІМ Әскери институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1946-1950 жылдары - Тәжік шекара округі Термез шекара отрядының кіші офицері. 1954-1960 жылдары - Қырғызстандағы шекара отрядының аға офицері, штаб бастығының орынбасары. 1960-1962 жылдары - Семей облысындағы Бақты шекара отрядының штаб бастығы. 1962-1968 жылдары - Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан шекара отрядының бастығы. 1968-1971 жылдары - Шығыс шекара округі штабы бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 1971-1987 жылдары - Республикалық ДОСААФ Орталық комитетінің төрағасы. Ол халқымыздың қаһармандық ерлік салты мен дәстүрін насихаттауда, жастарды отан сүйгіштік рухта тәрбиелеуде үлкен еңбек сіңірген. 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.
Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, 1-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
84 жыл бұрын (1930) ардагер ұстаз, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Журналистер Одағының бірнеше дүркін лауреаты ЫДЫРЫСОВ Әбілфайыз Ыдырысұлы дүниеге келді.
Қостанай облысында туған.
Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
1953-1965 жылдары «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттерінде, Қазақ республикалық радио комитетінде редактор, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. 1965 жылдан қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұстаздық етті..
Елімізге еңбектері сіңген журналистер даярлау ісіне сүбелі үлесін қосқан.
«Әуезовке - іңкәрлік», «Біртуарлар болмысы», эсселер жинақтары, «Таңшолпан» роман-хикаясы, «Аңсаған менің әнімсің», «Берік», «Мұхамеди» повестері жарық көрген. Әр жылдары басылып шыққан «Газетті безендіру сыры», «Редактор мен корректорға көмекші құрал», «Фототерім», «Полиграфия өндірісі негіздері» оқулықтары мен оқу құралдары күні бүгінге дейін сұранысқа ие.
Медальдармен марапатталған.
76 жыл бұрын (1938-1985) ақын-аудармашы, филология ғылымының кандидаты, доцент, Гете мұрасын зерттеу жөніндегі халықаралық қоғамның мүшесі ҚҰРМАНОВ Медеубай Шаяхмедұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Панфилов ауданында туған. Алматы шет тілдер институтын бітірген. 1962-1974 жылдары - Алматы медицина институтының оқытушысы, шет тілдер кафедрасының меңгерушісі. 1974-1978 жылдары - Алматы шет тілдер институты шет тілдер кафедрасының доценті. 1978 жылдан бастап Қазақ КСР Ғылым академиясы шет тілдер кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған. Ғалым әдебиеттердің бір-біріне әсері және аударма мәселесімен шұғылданған. 20-дан астам ғылыми мақаланың, «Алтын арқау», «Өмір қандай тәтті едің» кітаптарының авторы. И.Гетенің «Фауст» трагедиясын қазақшаға аударған.
71 жыл бұрын (1943) Алматы технологиялық университетінің ректоры, химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының, Инженерлік академияның, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының, Халықаралық инженерлік академияның академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ҚҰЛАЖАНОВ Құралбек Сәдібайұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген. 1972-1980 жылдары - Қазақ автомобиль көлігі ғылыми-зерттеу жобалау институтының бөлім меңгерушісі. 1980-1996 жылдары - Жамбыл технология институтының сектор меңгерушісі, директордың ғылыми істер жөніндегі орынбасары, кафедра меңгерушісі, директоры. 1999 жылдан бастап Алматы технология университетінің ректоры болып істейді. Ғалымның жоғары оқу орындарына арналған «Аналитикалық химия», «Физколлоидтық химия», «Астық өнімдерін шығару барысындағы ионозоналық технология», т.б. оқулықтары жарық көрген. 250-ден астам ғылыми еңбегі, 29 авторлық куәлігі мен патенттері бар. Оның жетекшілігімен 5 ғылым кандидаты және 1 докторы диссертация қорғаған. "Құрмет" орденімен, медальдармен марапатталған.
61 жыл бұрын (1953) ақын, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының, Кинематографистер одағының мүшесі ҚАЙЫРБЕКОВ Бақыт Ғафуұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтын, Абай атындағы Қазақ педагогика институтының аспирантурасын, КСРО Мемлекеттік кино жанындағы сценарийшілер мен режиссерлер жоғары курсын бітірген. «Жазушы» баспасында, «Қазақфильм» киностудиясы Көркем және теледидарлық фильмдер шығармашылық бірлестігінде, Қазақ КСР Мәдениет Министрлігінің репертуарлық-редакциялық алқасында, «Қазақтелефильмде», Мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру институтының баспа орталығында жауапты қызметтер атқарған. Отызға жуық фильмдердің жасалуына ат салысқан. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев жөніндегі деректі үш фильмі теледидардан көрсетілген. Асан қайғы, Бұқар, Ақтамберді жыраулардың, Шәкәрімнің өлеңдерін, сондай-ақ көптеген қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аударған. Тегерандағы (Иран), Дьердегі (Венгрия), Штутгарттегі (Германия) халықаралық кинофестивальдерге қатысқан. Мәскеудегі ТМД елдері І Халықаралық телефорумның дипломанты болған. Өлеңдерін орыс тілінде жазады.
59 жыл бұрын (1955) ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының бас директоры ДИҚАНБАЕВА Сәуле Әлкейқызы дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған. Қарағанды медицина институтын үздік бітірген. 1979 жылдан - Қарағанды қаласындағы №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі, 1982 жылдан КСРО Медициналық ғылымдар академиясының ҒЗИ-да ординатурада және аспирантурада оқыды. 1986 жылдан Қарағанды медицина институтында госпитальдық педиатрия кафедрасының ассистенті. 1994 жылдан - Қазақ ұлттық медицина институтының докторантурасында. 2001 жылдан ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің педиатрия және балалар хирургиясы ҒЗИ директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 2003 жылдан - ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі. 2006 жылдан ҚР Денсаулық сақтау министрілігінің педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдан бері. «Ерен еңбегі үшін», «Астанананың 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған. Денсаулық сақтау қызметінің үздігі. Профессор.
59 жыл бұрын (1955) «Қазанат» журналының шеф-редакторы, ҚР Ұлттық спорт түрлері федерациясының вице-президенті Түгел СӘДІБЕК дүниеге келді.
Шығыс-Қазақстан облысының Ұлан ауданының Аманкелді ауылында жарық дүниеге келді. Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетін бітірген. 1977-1978 жылдары аудандық «Өркен-Расцвет» газетінде аудармашы, 1978-1979 жылдары Ұлан аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, 1979-1984 жылдары аудандық комсомол комитетінің 1-ші хатшысы, 1984-1988 жылдары аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді. 1988-1990 жылдары Жоғары партия мектебінде екі жыл күндізгі бөлімінде оқып, «политолог», «социолог» деген мамандықтарға ие болды. 1990-1992 жылдары аудандық бақылау комитетінің төрағасы және басқа да жауапты қызметтерде болды. 1992-1994 жылдары «Ұлан Таңы-Уланские Зори» газетінің бас редакторы болып жұмыс істеді. 1994-1998 жылға дейін Алматы қаласында «Қазақстан Телевидениесі мен Радиосы» корпорациясында жауапты қызметтерді атқарды. 1998 жылдың басында Жаңа Елордамыздың тұңғыш баспасөз хатшысы болып тағайындалды. 2001 жылдан 2002 жылға дейін Республикалық Халықтық-патриоттық «Менің Қазақстаным» қозғалысының төрағасы болды.2002 жылдан 2004 жылға дейін Халықаралық Баспасөз Орталығының басшысы болып жұмыс істеді. 2004 жылдан 2005 жылдар арасында Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының бөлім меңгерушісі болды. 2004 жылдан бері ҚР Ұлттық Спорт Түрлері қауымдастығының 1-ші вице-президенті, Ұлттық Ат Спорты Федерациясының президенті. Елбасының Алғыс хатымен, Президенттік Грантымен және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» жоғары атағымен, «Астана» медалімен марапатталды. Астана радиосы ұйымдастырған үлкен Акцияда «Астананың 10 жылдығының қаһарманы» атағына ие болды. Ол ҚР Жазушылар Одағы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі. ҚР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының Академигі. Шығыс-Қазақстан облысы Ұлан ауданының құрметті азаматы. ҚР мәдениет қайраткері, ҚР еңбек сінірген жаттықтырушісі
58 жыл бұрын (1956) скрипкашы, Қазақстанның халық әртісі, профессор, Қазақстан жастар сыйлығының, Парижде өткен Халықаралық камералық ансамбльдер байқауының лауреаты, «Қазақстан камератасы» мемлекеттік оркестрінің көркемдік жетекшісі МЫРЗАБЕКОВА Гаухар Кұрманбекқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік консерваториясын бітірген.
1986-1998 жылдары - Қазақ мемлекеттік филармониясының солисі. 1982 жылдан Алматы мемлекеттік консерваториясының кафедра меңгерушісі. Оның репертарында Л.В.Бетховеннің, И.Брамстың, С.С.Прокофьевтің сонаталары, О.Мессианның Вариациялық тақырыбы, сондай-ақ Қазақстан композиторларының шығармалары бар. 1981 жылы Италияда (Рим, Флоренция, Милан, Пиза) Халықаралық музыка фестивалінде жеке концерттер берген.
Гаухар Мұрзабекованың бастамасымен «Қазақстан камератасы» мемлекеттік оркестрі 1997 жылы құрылды. Оркестрдің құрамы қазіргі таңның өзінде республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары болып табылатын жас музыкант иелерінен тұрады. «Қазақстан камератасы» оркестрі гастролдік сапармен Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Чех Республикасы, Венгрия, Словакия, Түркия, Македония, тағы басқа шет мемлекеттерде өнер көрсеткен. Өнер ұжымының шет елдердегі концерттік сапараның басты мақсаты - қазақ өнерінің, Қазақстан композиторларының шығармашылығын таныстыру, насихаттау, сонымен қатар шет елдік өнер иелерімен бірге өнер көрсету, халықаралық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерге қатысу болып табылады. Сонымен қатар, оркестрдің басты мақсаттарының бірі - қазақ жерінде классикалық музыка туындыларын таныту болса, аталған өнер ұжымы жыл сайын Қазақстанның түкпір-түкпір жерлеріндегі қалаларында концерттік сапармен өнер көрсетіп отырады. 2006 жылы «Қазақстан камератасы» оркестрінің А. Вивальди- А.Пьяцолланың. «Времена года» бағдарламасымен компакт-дискісі жарыққа шыққан.
39 жыл бұрын (1975) Ақмола облысы әкімінің орынбасары ҚАЙНАРБЕКОВ Асхат Қанатұлы дүниеге келді.
1997 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген, мамандығы бойынша - халықаралық-заңгер.
Еңбек жолын 1998 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі Екінші департаментінде маман болып бастады.
2001-2002 жылдары Алматы облысы, Талғар ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды. 2002 жылдың қыркүйегінен бастап 2007 жылдың қарашасы аралығында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жүйесінде, 2003-2005 жылдары ENI (Италия) компаниясында машықтанудан өтті, 2005-2008 жылдары ChevronTexaco компаниясымен келісім бойынша Ұлыбританияда осы компанияның Лондон кеңсесінде жұмыс істеді.
Облыс әкімі орынбасарының лауазымына тағайындалғанға дейін, «HSBC Казахстан» АҚ банк директорлары кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директоры, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ еншілес кәсіпорны «ҚамқорМенджмент» ЖШС бақылаушы кеңесінде, Қазақстан Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті болып қызмет атқарды.
Қазіргі қызметінде - 2010 жылғы сәуірден бері.
60 жыл бұрын (1954) Еуразиялық өнеркәсіп қауыцмдастығының президенті, «Eurasian Natural Resources Corporation PLS» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы МАШКЕВИЧ Александр Антонович дүниеге келді.
Фрунзе қаласында (Қырғызстан) туған. Қырғыз мемлекеттік университетін бітірген, философ. 1981-1986 жылдары Қырғыз педагогикалық институтының доценті, деканы. 1986-1993 жылдары - әртүрлі коммерциялық құрылымдардың, «Сиабеко» (Қырғыстан) компаниясының қызметкер. 1995-1999 жылдары - «Kazakhstan Mineral Resources Corporation» ( компаниясының тең құрылтайшысы, вице-президенті. 1999-2000 жылдары - «Херсон мұнай өңдеу кешені» АҚ директорлар кеңесі төрвағасының орынбасары. 2002 жылғы наурыздан - Еура-азиялық еврей конгресінің президенті,.
«Құрмет» (2001), 3-дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған, «Бостандық алауы» сыйлығының, Біріккен еврей федерациясы сыйлығының лауреаты.
83 жыл бұрын (1931-2004) ресейлік театр режиссері, ғалым, педагог ХАЛАДЖАН Николай Николаевич дүниеге келді.
140 жыл бұрын (1874-1956) Эстонияның бірінші Президенті Константин ПЯТС дүниеге келді.
85 жыл бұрын (1929-2008) Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы (1990-2008 жылдары) АЛЕКСИЙ II (Алексей Михайлович Ридигер) дүниеге келді.
70 жыл бұрын (1944-2009) кеңестік және ресей театр және кино актері, режиссер, КСРО халық әртісі ЯНКОВСКИЙ Олег Иванович дүниеге келді.
60 жыл бұрын (1954) Украинаның 2005-2010 жылдардағы үшінші президенті ЮЩЕНКО Виктор Андреевич дүниеге келді.