23 мамыр. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 23 мамыр күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform / Midjourney

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1941) мемлекет және қоғам қайраткері, елші-дипломат, филология ғылымдарының докторы Әділ Құрманжанұлы АХМЕТОВ дүниеге келді.

 Әділ Құрманжанұлы АХМЕТОВ
Фото: facebook.com / ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы

Алматы облысында туған. Алматы шет тілдері педагогикалық институтын бітірді. Орта мектептің ағылшын тілінің, қазақ тілінің мұғалімі. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі. Дипломаттық дәрежесі — I сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Уәкiл. Алматы шет тілдері педагогикалық институтында оқытушы, аға оқытушы, ағылшын тілі факультетінің деканы, оқу ісі жөніндегі проректоры, лексикология кафедрасының доценті, Халық депутаттары Алматы қалалық кеңесі атқару комитеті Сыртқы экономикалық байланыстар бөлімінің I санатты маманы, Алматы қалалық әкімшілігі басшылығы аппаратының бас маманы-Алматы қалалық әкімшілігінің Тусон қаласындағы (Аризона штаты, АҚШ) тұрақты өкілі, Халықаралық қатынастар және әлем тілдері Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры, Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің Білім комитетінің төрағасы, ҚР Сыртқы істер бірінші вице-министрі, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкiлеттi Елшісі сондай-ақ Швеция Корольдігінде, Норвегия және Ирландия Корольдіктерінде осы міндеттерді қоса атқарды, Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры болып қызмет істеген. 2007-2013 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комитет хатшысы және ЕҚЫҰ сол кездегі төрағасының Мұсылмандарды кемсіту және шеттетумен күрес жөніндегі жеке уәкілі болды.

«Құрмет» орденімен, бес медальмен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы бар.

58 жыл бұрын (1967) ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары Мұрат Қалибекұлы БАЙМҰҚАШЕВ дүниеге келді.

Мұрат Қалибекұлы БАЙМҰҚАШЕВ
Фото: Akorda

Құқық қорғау органдарында 1994 жылдан бастап жұмыс істейді. Ішкі істер органындағы жұмысын жол полициясының патрульдік қызметі батальонының инспекторы лауазымынан бастады. 1997 жылдан бастап ҚР ІІМ жол полициясы басқармасында жұмыс істеді, сонымен қатар министрліктің орталық аппаратының департаменттері мен бөлімдерін басқарды. 2009-2019 жылдары ҚР Премьер-министрі Кеңсесінде басшылық лауазымдарда, соның ішінде алты жылға жуық қорғаныс және құқық қорғау бөлімінің бастығы болды. 2019-2020 жылдары ҚР Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары. 2020-2021 жылдары ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы. 2021-2022 жылдары ҚР ішкі істер министрінің орынбасары, 2022-2023 жылдары ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының бірінші орынбасары болып қызмет атқарған.

2023 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.

47 жыл бұрын (1979) Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Шералыұлы СӘРСЕН дүниеге келді.

Жандос Шералыұлы СӘРСЕН
Фото: Gov.kz

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында туған. Халықаралық заңгер» мамандығы бойынша Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін (2001), «мемлекеттік басқару және менеджмент» мамандығы бойынша Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебін (2010) тәмамдаған.

2001-2011 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің аппаратында әртүрлі лауазымдарда қызмет еткен. 2011-2012 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болды. 2012-2014 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Орталық аппаратында басшылық лауазымдарда қызмет етті. 2014-2016 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары — Қарағанды облысындағы Тәртіптік кеңестің төрағасы, 2016 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы болды.

2016-2019 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы, 2019-2022 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы, 2022-2024 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мемлекеттік қызметке іріктеу департаменті директоры қызметінде болды.

2024 жылдың мамыр айында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы болып тағайындалды.

38 жыл бұрын (1988) Ақтөбе облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Болат Жарасұлы РАСҚАЛИЕВ дүниеге келді.

Болат Жарасұлы РАСҚАЛИЕВ
Фото: Gov.kz

Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласында туған. Қазақ гуманитарлық заң университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген (2009); Л. Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол академиясын экономика мамандығы бойынша бітірген (2017).

Еңбек жолы: Ақтөбе қаласы Әділет департаментінің жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бөлімінің жетекші маманы (2012); Ақтөбе қалалық Әділет басқармасының бас маманы (2014); Ақтөбе қалалық Әділет басқармасы басшысының орынбасары (2014-2018); Ақтөбе қаласы Астана ауданы Әділет басқармасының басшысы (2018-2020); Атқарушылық іс жүргізу бөлімінің бас маманы (2020 ж.).

2020 жылдың қарашасынан бері қазіргі қызметінде.

«Әділет органдарының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

102 жыл бұрын (1924-2003) қазақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Ғылым академиясы Ш. Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Кемал АҚЫШЕВ дүниеге келген.

Кемал АҚЫШЕВ
Фото: e-history.kz

Павлодар облысының Баянауыл кентінде туған. Қазақ мемлекттік университетін бітірген.

1950-1955 жылдары Қазақ Ғылым академиясының аспиранты, кіші, аға ғылыми қызметкері. 1955-1990 жылдары Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты археология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. 1991 жылдан Ә.Марғұлан атындағы Тарих, археология және этнография институтының бөлім меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері болып қызмет атқарған. К.Ақышев 1954 жылдан бастап Солтүстік, Оңтүстік және Жетісу археологиялық экспедицияларының ұйымдастырушысы және жетекшісі болды. Көне және орта ғасырлардағы Қазақстан ескерткіштерін, әлемдік маңызы зор Есік обасынан табылған «Алтын адам», Бесшатыр, Отырар жәдігерлерін зерттеген. Ғалым көне Қазақстан тарихының негізгі тұжырымдарын жасауға белсене қатысты. Орталық Азия өркениеті жүйесінде ежелгі Қазақстанның орнын айқындауға елеулі үлес қосты. Оның 220-ға жуық ғылыми еңбегі, соның ішінде 14 монографиясы бар. «Парасат» орденімен марапатталған.