23 СӘУІР . ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА.23 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 23 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

23 СӘУІР, СӘРСЕНБІ Бүкілдүниежүзілік кітап және автор құқығын қорғау күні. Бұл мерекені 1996 жылы ЮНЕСКО Уильям Шекспир (1564-1616), Мигель де Сервантес (1547-1616) және жазушы - тарихшы Инко Гарсиласо де ла Веганы (1539-1616) еске алу мақсатында бекітті. Бұл үш жазушыны біріктіріп тұрған олардың өмірден қайтқан күндері - 1616 жылғы сәуірдің 23-і. Қазір барлық өркениетті елдерде кітап жәрмеңкелері, көрмелер мен фестивальдар өткізіледі. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы - Бүкілдүниежүзілік кітап күнін өткізуді ұйымдастырушылардың бірі. Түркия Республикасының ұлттық мерекесі - Тәуелсіздік күні. Қазақстан Республикасы мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 2-де орнатылды. Бермуд аралдарында бұрыш күні. Бұл дәмдеуіш Бермуд аралдарының экономикасында үлкен рөлге ие. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 57 жыл бұрын (1957) Қостанай облысындағы Рудный елді мекені қала мәртебесін алды. 18 жыл бұрын (1996) Елбасы Н.Назарбаевтың «ХХI ғасыр табалдырығында» атты кітабының жарық көруіне орай баспасөз мәслихаты өтті. 9 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасының Президенті Н.А.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы «Қазақстан Республикасының сайлауы туралы», «Қазақстан Республикасының лицензиялау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық Заңдарына қол қойды. 5 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заң Наурыз мейрамын мерекелеу күндерін наурыздың 21-нен 23-не дейін ұлғайтуды және Қазақстан Республикасы күнін мерекелеуді алып тастауды көздейді. 5 жыл бұрын (2009) Польшадағы Великопольски аймағының астанасы Познань қаласында Адам Мицкевич атындағы университеттің Шығыстану және түркітану институтында қазақ бөлімі ашылды. Польшаның ең ірі оқу орындарының бірінде қазақ бөлімінің ашылуы поляк ғылыми-педагогикалық және студенттер қоғамының елімізге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне, тарихы мен тіліне деген қызығушылығын білдіреді. 4 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Елшілігі Тәжікстанның «Иттилоот ва муошират» деп аталатын республикалық баспасөз орталығында Елшіліктің жәрдемімен Парсы тілдес журналистер форумы «Афрузда» басылып, «Қазақстан - ХХІ ғасыр» деп аталатын парсы және орыс тілдерінде шығарылған журналдың тұсаукесері өтті. Аталған журналда еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірі жайында толыққанды ақпарат берілген. Сонымен бірге Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарына жеке тармақ арналған. Басылымның негізінен парсы тілдес оқырмандарға, бірінші кезекте масс-медиа өкілдеріне бағдарланғанын ескеретін болсақ, оның беттерінен қазақстандық радио, теледидар, Интернет-провайдерлер, баспасөз және электронды бұқаралық ақпарат құралдары туралы мәліметтерді табуға, сондай-ақ бұл саланы реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамалық базасының нормативті құжаттарымен танысуға болады. 434 жыл бұрын (1580) Ташкент билеушісі Баба сұлтан Ақназар (Хақназар) ханды опасыздықпен өлтірді. Мұның алдында Шарапхана маңында сол Баба сұлтанның қолынан Ақназардың екі ұлы қаза тапқан. Ақназар үш тарап - үш ұлысты ағалы-інілі үш туысқан бастаған Үш жүз деп жариялап, бастарын қайта қосқан болатын. 68 жыл бұрын (1946) Берлин қаласында «Нойес Дойчланд» атты күнделікті газет шыға бастады. ЕСІМДЕР 113 жыл бұрын (1901-1960) геолог-петролог, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒА-ның академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері СЕРГИЕВ Николай Григорьевич дүниеге келді. Ресейде туған. Ленинград политехника институтын бітірген. 1928-1931 жылдары Орталық Қазақстанды геологиялық картаға түсіру жұмыстарына араласып, Қоңырат кенін табуға қатысқан. 1931-1933 жылдары - Ленинград политехника институтының ассистенті. 1933-1936 жылдары - КСРО ҒА Геология ғылымдары институтының ғылыми қызметкері. 1936-1942 жылдары - Ленинград политехника институтының доценті. 1942-1947 жылдары КСРО ҒА Геология ғылымдары институтының сектор меңгерушісі және ғылыми хатшысы. 1947-1960 жылдары - Қазақ тау-кен институтында кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері эффузиялық тау жыныстарының петрологиясын зерттеу мәселелеріне арналған. Орталық Қазақстан өңіріндегі эффузиялық түзілімдерде терең петрологиялық зерттеулер жүргізген. Ұлы Отан соғысы жылдары қорғаныс өнеркәсібіне қажетті шикізаттар іздеп, осы мақсатқа жарайтын құмның ірі кенін тапқан. Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған. 104 жыл бұрын (1910-1986) ғалым-биохимик, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ВЕРБОЛОВИЧ Петр Алексеевич дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Украинаның Запорожье облысында туған. Днепропетровск медициналық институтын бітірген. 1946 жылдан Алматы мемлекеттік медицина институтында ассистент, доцент, кафедра меңгерушісі болған. Негізгі ғылыми еңбектері адам биохимиясына арналған. Миоглобин және басқа хромопротеидтер биохимиясын зерттеді. Миоглобиннің ет қызметіне, жануарлар жүйке жүйесіне тигізетін әсерін анықтады. Алматы мемлекеттік медицина институты жанында орталық ғылыми-зерттеу зертханасын ұйымдастырды. «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған. 96 жыл бұрын (1918-2006) Қазақстанның Халық қаһарманы, жазушы ҚАЙСЕНОВ Қасым дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Өскемен саяси-ағарту техникумын бітірген 1939-1940 жылдары Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспектор болған. 1940 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, арнаулы әскери мектептен өткен. Ұлы Отан соғысы жылдарында жау тылында партизандық қозғалысты ұйымдастыруға белсене қатысқан. Партизан қозғалысының алғашқы жетекшілері ретінде Закарпатья, Молдавия, Румыния, Чехословакия жерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысып, көптеген күрделі операцияларды жүзеге асыруға қатысқан. Қасым Қайсенов өзін өжет, тапқыр және ұйымдастыру қабілеті зор командир ретінде көрсеткен. Ол басшылық еткен отряд көптеген операцияларды сәтті жүзеге асырып, жауға соққы берген. 1945-1953 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасында, Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандық кеңестерінің атқару комитетінде жауапты қызметте болған. 1953-1970 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында, «Жазушы», «Қайнар» баспаларында редактор, директордың орынбасары қызметтерін атқарған. Ұлы Отан соғысы кезіндегі өзінің партизандық өмір жолы, қарулас достарының қаһармандық ерлік істері жайлы сыр шертетін «Жас партизандар», «Илько Витряк» «Переяслав партизандары», «Ажал аузында», «Партизан соқпақтары», т.б. әңгіме, очерк, повесть жинақтарын шығарған. Шығармалары орыс, украин, қырғыз, т.б. тілдерге аударылған. Көркем аударма саласында М.Муратовтың «Ломоносовтың жастық шағы», Николай Томанның «Сабылтқан сағым», Мамед Кулизаде Джалилдің «Почта жәшігі» кітаптарын қазақ тіліне тәржімалаған. 3-дәрежелі «Б.Хмельницкий», 2 мәрте 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальдармен, Сондай-ақ «Чехословакия партизаны» орденімен, есімі жазылған қарумен марапатталған. 96 жыл бұрын (1918-1985) жазушы ЧИРВА Федор дүниеге келді. Украинаның Черников қаласында туған. Театрдың суретшісі, жобалаушы, бетоншы, жүк тиеуші, радио мен газет тілшісі болып істеген. Алғашқы кітабы «Неміс» деген атпен 1954 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиеті баспасынан шыққан. Сол жылы Бетпақ даланы игерушілер жайында «Алтын жемісті жер» очерктер жинағы жарық көрген. Жазушының «Путь через ночь», «Утром небо голубое», «Черный идол», «Поезда туда идут», «Листья белой осени» «Хорошая погода на завтра» атты романдары жарық көрген. «Қызыл Жұлдыз» орденімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. 64 жыл бұрын (1950) әнші, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Абай атындағы опера және балет театрының әншісі ӘБІЛЕВ Шаһимардан Қайдарұлы дүниеге келді. Павлодар облысы Шарбақты ауданында туған. Алматы эстрада-цирк өнері студиясын, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын бітірген. 1973-1975 жылдары - Қазақ академиялық опера және балет театрының әншісі. 1981-1982 жылдары - Қазақ филармониясының, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясы жанындағы опера студиясының соло-әншісі болған. 1981-1997 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының аға оқытушысы, вокалдық өнер факультетінің деканы, доцент қызметтерін атқарған. 1997 жылдан - ән салу кафедрасының профессоры. Әнші репертуарларынан қазақ, орыс, тағы басқа елдердің композиторлары Абай Құнанбайұлының, Рахманиновтың, Чайковскийдің, Бизенің, Вердидің, Ахмет Жұбановтың музыкалық шығармалары елеулі орын алған. Гастрольдік сапармен Моңғол Халық Республикасында, Ресейде, тағы басқа көптеген елдерде болған. 1989 жылы Халықаралық «Алтын алма» фестиваліне қатысып өнер көрсеткен. Күләш Байсейітова атындағы 2-республикалық байқауының, Ереван қаласында өткен М.Глинка атындағы Бүкілодақтық әншілер байқауының жүлдегері. ҚР музыка қайраткерлері одағы төрағасының орынбасары (2005). ҚР Білім үздігі (2005). 58 жыл бұрын (1956) Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультеті, Әдеби шығармашылық және көркем аударма теориясы кафедрасының профессоры, ақын, филология ғылымының докторы, Қазақстан жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты ТАРАҚ Әнуар дүниеге келді. Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. 1980-1990 жылдары қазіргі «Жас алаш» газетінде, 1990-1992 жылдары «Парасат» журналында, 1992-2000 жылдары «Алматы ақшамы» газетінде істеген. 2000-2002 жылдары «Қазақстан-Заман» газетінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарған. 2002 жылдан бастап - қазіргі қызметінде. Ақынның өлеңдері «Баспалдақтар», «Атамекен» ұжымдық жинақтарға енген. Сондай-ақ бірнеше әнге сөз жазған. «Алаштың айбын-ардағы - Абылай хан», «Қазақ әдебиетіндегі тарихи тұлға проблемасы (Абылай хан бейнесінің көркемдік тағылымы)» монографияларының, «Аударма психологиясы мен мәдениеті», «Аударма әлемі», «Ауызша аударма» оқу құралдарының, 200-ден аса зерттеу мақалаларының авторы. 55 жыл бұрын (1959-2003) тарих ғылымының докторы БАТЫРБЕКОВ Ғазиз Оразайұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. 1989-2003 жылдары Қазақ КСР Орталық мемлекеттік мұрағатының жетекші ғылыми қызметкері, Қазақстан Ғылым академиясы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері болған. Ғалымның «Академик Қ.Сәтбаевтың қоғамдық ғылымдар бойынша мұрасы», «Академик Қ.Сәтбаев және оның замандастары» атты кітаптары жарық көрген. 52 жыл бұрын (1962) Қарағанды қаласының әкімі СМАҒҰЛОВ Мейрам Ахмедиянұлы дүниеге келді. Жезқазған облысында туған. Қарағанды политехникалық институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдаған (1984). Одан басқа Алматы экономика және статистика академиясында экономист мамандығы бойынша білім алған (2005). Еңбек өтілі: шебер, бас прораб, "Қарағандытұрғынқұрылыс" тресті құрылыс басқармасының прорабы (1984-1992); Саран қаласының бас сәулетшісі (1992-1995); Саран қаласы әкімінің бірінші орынбасары (1995-2003); Қарағанды облысы Саран қаласының әкімі (2003-2009); Қарағанды облысы құрылыс басқармасының басшысы (2009-2012). Қазіргі қызметінде 2012 жылдың қазан айынан бастап істеп келеді. 30 жыл бұрын (1984) жүзуші, ҚР чемпионаттарының жеңімпазы, ҚР Кубоктрының жеңімпазы, ҚР рекордшысы, 2004 жылғы Афиныдағы Олимпиадалық ойындарға қатысушы, І Ислам ойындарынң жеңімпазы, бүкіләлемдік универсиада финалшысы, І Азиялық ойындардың жеңімпазы, шағын сулардағы Әлем чемпионатының финалшысы ОСИНСКИЙ Станислав дүниеге келді. 156 жыл бұрын (1858-1947) неміс физик-теоретигі, кванттық теорияның негізін салушы, Берлин Ғылым академиясының мүшесі ПЛАНК Макс Карл Эрнст Людвиг дүниеге келді. Мюнхен, Берлин университеттерін бітірген. 21 жасында «Жылу теориясы механикасының екінші заңы туралы» докторлық диссертация қорғап, 22 жасында Мюнхен университетінің приват-доценті атағын алған. Ғалымның алғашқы зерттеулері энтропия ұғымын дәлірек анықтауға, термодинамиканың заңдарын физикалық-химиялық процестерге қолдануға арналған. 1984 жылдан бастап жылулық сәуле шығарудың термодинамикалық теориясы мен абсолюттік қара дененің электрмагниттік сәуле шығару спектріндегі энергияның таралу заңдылықтарын зерттеумен шұғылданған. «Әсер квантын» ашуы арқылы физиканың дамуына қосқан еңбегі үшін М.Планк 1918 жылы физика саласы бойынша Нобель сыйлығын алған. 96 жыл бұрын (1918-2001) кеңестік және ресейлік театр және кино актері, КСРО халық әртісі ВИЦИН Георгий Михайлович дүниеге келді. 75 жыл бұрын (1939) кеңестік және ресейлік театр және кино актері, Ресей халық әртісі ПРЫГУНОВ Лев Георгиевич дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар