23 жастағы қыздың өлімі: учаскелік инспектор емханадан шыққан соң жұмыстан қуылды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда 23 жастағы қыздың қазасына қатысты резонансты іске қатысы бар учаскелік инспектор стационардан шығарылған соң ішкі істер органдарынан босатылды. Қайғылы жағдайдың нақты себептері әлі де сараптама қорытындылары мен дәрігерлік құпияның көлеңкесінде қалып отыр.

23 жастағы қыздың өлімі: учаскелік инспектор емханадан шыққан соң жұмыстан қуылды
Фото: ІІМ

Қалалық тірек пунктінде ес-түссіз күйде табылған полиция майоры комадан шыққанымен, қызметіне қайта оралу мүмкіндігін жоғалтты — ол қызметтен шеттетілді, ал оның жұмыстан түпкілікті босатылуы емдеу аяқталған соң қаралатын болады. Майор табылған бөлмеге жақын жерден 23 жастағы қыздың денесі анықталған еді.

Қайғылы оқиға 29 қыркүйекке қараған түні болған. Тергеу деректеріне сәйкес, сол түні учаскелік инспектор танысын қызметтік үй-жайға әкелген. Келесі күні таңертең аға учаскелік инспектор әріптесін ауыр халде, ал қызды өлі күйінде тауып, дереу медицина қызметкерлерін шақырған.

Қыздың өлімінің мән-жайы мен майордың комаға түсуіне не себеп болғаны әлі жарияланбады. Дәрігерлер бұл ақпараттың дәрігерлік құпияға жататынын айтса, полиция сараптаманың толық нәтижесін күтуде. Сараптама қорытындысы оқиғаның көрінбей тұрған тұстарын ашуы тиіс.

Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі ведомствоның кез келген тәртіп бұзушылыққа қатысты «нөлдік төзімділік» қағидатын қатаң ұстанатынын мәлімдеді. Михайлов полиция бөлімінің тірек пунктінде болған оқиға бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп, тәртіптік комиссияның отырысы өткен.

Тексеру нәтижесінде бөлім бастығы мен оның орынбасары лауазымдарынан босатылды. Бұған қоса, Қарағанды қаласы Полиция басқармасының және облыстық Департаменттің бірқатар басшыларына қатысты қатаң тәртіптік шаралар қолданылды. 

Ведомство мәлім еткендей, азаматша денесінің табылуына байланысты барлық мән-жайды анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ал учаскелік инспектор тергеу мен емдеу кезеңінде уақытша қызметтен шеттетілген.

— Бұған дейін хабарланғандай, аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Ауруханадан шыққан бұрынғы учаскелік инспектор қызметтік этика мен тәртіп талаптарын өрескел бұзғаны үшін ішкі істер органдарынан теріс негіздер бойынша жұмыстан босатылды. Тергеудің мүддесіне сәйкес өзге мәліметтер жариялауға жатпайды, — деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінде.

Департамент қылмыстық істің ерекше бақылауда екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар