23 желтоқсан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2015 жылғы 23 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.
23 желтоқсан, СӘРСЕНБІ
Швеция корольдігінің Ұлттық мейрамы - Швеция королевасы Сильвияның дүниеге келген күні. Сильвия патшайым жұмысқа жарамсыз, мүгедектерге қол ұшын беру ісімен айналысып жүр. Ол - мүгедек балалар ойындары мен спорты саласын зерттеу ісін қолдайтын Король қайырымдылық қорының төрайымы. Мүгедек балаларды спортпен айналысуға жетелейтін швед, ағылшын, неміс және испан тілінде жарық көрген «Дегеніңе жет» атты кітаптың шығуына тікелей басшылық жасады және демеушісі болды. Қазақстан Республикасы мен Швеция корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 7-інде орнатылды.
Жапонияның мемлекеттік мейрамы - Императордың туған күні. 80 жыл бұрын (1933) Жапонияның қазіргі, 125-ші императоры Акихито дүниеге келді. Оның туған күні өз елінде ұлттық мереке болып табылады. Акихито әкесі Хирохито қайтыс болғаннан кейін 1989 жылғы қаңтардың 7-інде таққа отырды. Сол кезден бастап, жапондықтардың Хэйсэй деп аталатын жаңа жыл санау кезеңі басталды. Акихито 23 жыл ел басқару ісімен айналысып келеді. Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 26-ында орнатылды.
Блукас күні. Литваның көне дәстүрі бойынша, жылдың ең қараңғы мерзімі басталғанда аулаларда ескі ағаш түбірі - Блукас сүйретіледі. Ол уақыттың зымырауын, аяқталмаған жұмыстар мен орындалмаған армандарды білдірген. Осындай ағаш түбірін өртегенде, бұрынғы уайым-қайғы ұмытылып, жаңа әлемді құруға дайындық басталып кетеді. Түн ұзаруын қойып, бара-бара күннің көзі қайта бастайды. Мерекеге әдемі киінген, фольклорлық ансамбльдер мен театралдық ұжымдар қатысады.
Festivus мерекесі. Жазушы әрі редактор Дэниел О'Киф Festivus мерекесін 1966 жылы ойлап тапқан, алғашында оны желтоқсаннан наурыз айына дейін кез келген күні атап өтуге болған. 1997 жылы оның баласы Дэн, «Сайнфелд» сериалының сценарисі бұл мерекені оның бір сериясына енгізген.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
22 жыл бұрын (1994) Бішкекте Қазақстан Республикасының Елшілігі ресми ашылды.
22 жыл бұрын (1994) Алматыдағы №12 қазақ орта мектебіне Шоқан Уәлихановтың есімі берілді.
21 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың заң күші бар «Жекешелендіру туралы» Жарлығы жарық көрді.
18 жыл бұрын (1998) Қазақстан Республикасы Президентінің «ҚР Президенті жанындағы отбасы және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссия туралы» Жарлығы шықты.
14 жыл бұрын (2002) Қазақстан мен Қытай арасында көршілік қарым-қатынас, достастық және серіктестік туралы Келісімшартқа қол қойылды.
11 жыл бұрын (2005) Байқоңыр қаласында «Байқоңыр» ғарыш айлағы жобасының алғашқы жетекшісі Алексей Ниточкинге мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті.
9 жыл бұрын (2007) Астанада Ресейдің «Лукойл» мұнай компаниясының мұрындық болуымен «Лукойл аймақтары» сериясы бойынша шыққан «Қазақстан әлемнің тоғызыншы мекені» атты кітаптың таныстырылымы болып өтті.
Бұл кітап кең байтақ даласы мен көгілдір айдын көлдері, шөлейт жерлері мен ну орманды таулары бар Қазақстанға арналған. Кітап беттерінен оқырман қауым Қазақстанда қолға алынған мәдени мұраның тамаша үлгілерімен, еліміздің әсем табиғатымен және қазіргі заманғы кәсіпорындарымен танысумен қатар, бүгінгі Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосып жатқан адамдардың қуат күші және дарындылығы жөнінде кең көлемде мағлұмат алады. «Лукойл» компаниясы 1995 жылдан бастап Қазақстандағы мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға қатысуда. Қазіргі таңда компания Қазақстан аумағындағы 8 мұнай-газ жобасын жүзеге асыруда. Сонымен қатар «Лукойл» Қазақстандағы ірі ресейлік инвестор болып табылады.
8 жыл бұрын (2008) Маңғыстау облысында «Өзен - Жетпісбай» кесіндіде орналасқан «Өзен - Ақтау» магистральді газ құбырының резервті тармағы ашылды. Жобаның мақсаты - тұтынушыларға үздіксіз «көгілдір» отынды жеткізу және аймақтағы газды өндірудің жоғарылауына байланысты тасымалдау жүйесін жақсарту. Жаңа тармақ басты құбырда техникалық ақаулар болған жағдайларда аймақты газбен қамтамасыз етеді.
8 жыл бұрын (2008) негізгі мақсаты Қазақстан халқының дәстүрі мен мәдени құндылықтарын дамытуды қолдау және тұрақты бақылау болып табылатын «Қазақстан халқын рухани дамыту қоры» АҚ құрылды.
7 жыл бұрын (2009) елордада Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен 240 балаға арналған «Қарлығаш» балабақшасы ашылды.
Балабақшада тәрбиелеу қазақ және орыс тілдерінде жүргізіліп, ағылшын тілін меңгеру үшін арнайы сабақтар өтеді. Ол орналасқан ғимарат екі қабатты төрт блоктан тұрады. Жалпы аумағы 11641 шаршы метрді құрайды, оның 4195 шаршы метрі техникалық ғимарат. Балабақшаның барлық бөлмелері қазіргі заманғы талаптарға сай жарақтандырылған.
7 жыл бұрын (2009) Эр-Риядта ҚР Елшілігі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдауды ұйымдастырды.
Шараға қонақтар үшін ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандық жол» араб тілінде басылып шыққан кітабының тұсаукесері өтті.
7 жыл бұрын (2009) Алматы облысындағы Ескелді ауданының Жетісу ауылында Мәдениет үйі ашылды.
Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу үшін республикалық бюджеттен 30 млн. теңге, облыстық бюджеттен - 35 млн. теңге бөлінген, соның ішінде 28 млн. теңгеге сахналық және техникалық жабдықтар сатып алынды. Мәдениет үйінде 150 адамға арналған көрермен залы, кітапхана бар.
7 жыл бұрын (2009) ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетінің бас кеңсесіне барып, газеттің ұжымын басылымның 90 жылдығымен құттықтады. «Егемен Қазақстан - республикамызда қазақ тілінде шығатын көне газет. Әр жылдары оны Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сияқты танымал тұлғалар басқарған.
6 жыл бұрын (2010) «ҚазАқпарат» ақпараттық агенттігі «Ең белсенді БАҚ» ретінде жыл сайынғы «Ньюсмейкер Интерфакс-Қазақстан 2010» аталымының жеңімпазы атанды. Алматыда ұлттық компанияның өкілдеріне арнайы диплом мен медаль табысталды.
6 жыл бұрын (2010) Астанада бірегей 15 томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» тұсаукесері болып өтті. Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасы» атты ұлттық-стратегиялық жобалардың аясында жарық көрген 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» 92 300 сөз бен 57 856 сөз тіркесі - барлығы 150 156 лексикалық бірлік қамтылған. Сөздікте 166 612 сөздің мағынасы ашып көрсетілген.
Сөздік 10 мың дана тиражбен шығарылып, еліміздің оқу мекемелері мен кітапханаларына таратылды.
6 жыл бұрын (2010) Петропавлда Гуминатарлық колледж ғимаратына Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаевқа арналған ескерткіш тақта орнатылды.
5 жыл бұрын (2011) Солтүстік Қазақстан облысындағы Мағжан Жұмабаев ауданының Булаево қаласында тарихи-өлкетану мұражайы ашылды. Мұражай залдарында өлкенің XVIII ғасырдан бастап тарихынан сыр шертетін 1,5 мыңға жуық экспонаттар мен құжаттар ұсынылды. Жаңа мұражайда қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған бөлек зал бар.
5 жыл бұрын (2011) Астанада «Е-жәдел жәрдем» инновациялық жобасының тұсаукесері болып өтті. Медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруға бағытталған «Е - жедел жәрдем» жобасы жедел жәрдем топтарына ауруханалармен тікелей байланысқа шығуға мүмкіндік жасап, аурудың белгілері бойынша емдеу жолдарын қарастырып, қажетті дәрі-дәрмектерді таба білу сияқты іс-шараларды дер кезінде жүзеге асыра алады. Бұл жоба жедел жәрдем қызметінің деңгейін арттырып, оңтайландыруға, тез шешім қабылдауға, сырқат адамның мекенжайын іздестіру кезінде жүргізуші тарапынан қателікті болдырмауға, сондай-ақ уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді.
5 жыл бұрын (2011) алматылық дизайнер студент Айбек Алмасов әлемдік Ғаламторды бір сәтте бағындырған велосипед концептін ойлап тапты. Бірқатар итальяндық басылымдар оның «Бион-байк» туындысын өнеркәсіптік велодизайнының соңғы сән үлгісі деп атады.
3 жыл бұрын (2013) ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысу үшін Мәскеу қаласына келді. Отырыс аясында Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің өзара әрекеттестігіндегі басты аспектілер, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастыру төңірегіндегі бірқатар мәселелер талқыланды.
3 жыл бұрын (2013) Қазақстанда «Кітап мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін» атты жаңа медаль жасалды. Оның негізін Қазақстанның Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы, Жазушылар одағы, Кітапхана, полиграфшылар, баспагерлер және кітап таратушылар қауымдастығы қалады. Награданың бірінші даналары Алматы қаласында табысталды.
3 жыл бұрын (2013) қазақстандық-қытайлық шекарасындағы «Бақты»-«Покиту» өткізу пунктерінде ауылшаруашылық өнімдерін жедел өткізетін «жасыл дәліз» ресми түрде жұмыс істей бастады. Қытай мен Қазақстанның шекарасындағы «жасыл дәліздің» эксперименталды ашылуының сыртқы саудада алатын мәні зор және екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тәжірибелік нұсқасы болып табылады. Бұл - «Жібек жолы экономикалық белдеуін» құру стратегиясының маңызды элементі.
3 жыл бұрын (2013) Мәскеуде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың басшылығымен Еуразиялық экономикалық комиссиясы Кеңесінің (ЕЭК) кезекті отырысы болып өтті. Кездесу барысында ЕЭК қызметін жетілдірудің келешегі талқыланды. Отырыста өзге мәселелер қатарында Мемлекеттік сатып алулар келісімін өзгерту ұсыныстары, құпия ақпаратты қорғау тәртібі мен бәскелестіктің бірыңғай ережелерін сақтауды бақылау бойынша ЕЭК өкілеттігін жүзеге асыру кезінде оны таратудағы жауапкершілігі бойынша келісімі талқыланды.
2 жыл бұрын (2014) Мәскеуде Қазақстан, Ресей, Беларусь, сондай-ақ Армения мен Қырғызстан президенттерінің қатысуымен мемлекеттер басшылары деңгейінде Жоғары Еуразиялық Экономикалық кеңес отырысы өтті.
2 жыл бұрын (2014) Мәскеуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің кездесуі барысында 2013 жылғы 11 қарашадағы XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы ҚР мен РФ арасындағы Шартты ратификациялау туралы грамота алмасу туралы хаттамаға қол қойды.
2 жыл бұрын (2014) С.Мұқанов атындағы солтүстікқазақстандық облыстық ғылыми әмбебап кітапхана кітап қорын толықтырғаны үшін 800 доллар сомасында грант ұтып алды.
2 жыл бұрын (2014) Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сесиясында ҰҚШҰ мүше мемлекеттер басшылары ұйымның ұжымдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі нығайту, оны қауіпсіздік, тәуелсіздік, аумақтық тұтастық, және ұйымға мүше мемлекеттер егемендігін, оның жауапкершілік аймағында тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды құралдарының бірі ретінде қарауда ҰҚШҚ-ға мүше мемлекеттердің ниетін білдіретін мәлімдемеге қол қойылды.
96 жыл бұрын (1920) британдық парламент Ирландия келешегі туралы заңға қол қойды. Ел өз парламенттері бар Оңтүстік Ирландия (26 графтылық) және Солтүстік Ирландия (6 графтылық) болып бөлінеді.
69 жыл бұрын (1947) КСРО ҚК Президиумының Жарлығымен 1 қаңтар мереке күні және демалыс болып белгіленді.
30 жыл бұрын (1986) Дик Рутан мен Джеана Йегер басқарған «Voyager» ұшағы Калифорниядағы (АҚШ) Эдвардс авиабазасына қонды. Сөйтіп ол нон-стоп режімінде күллі жер шарын аралап шыққан әлемдегі алғашқы ұшақ болды.
21 жыл бұрын (1994) Молдова Республикасы құрамында Гагаузияны автономиялық аумақтық құру туралы Жарлық ресми шықты.
ЕСІМДЕР
127 жыл бұрын (1889-1937) Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің мүшесі және белсенді қайраткері ЖАНҚАДАМОВ Бижан (Бижанғали) Әбілқасымұлы дүниеге келді. Б.Жанқадамов 1916 жылы қазақтан майдандағы тыл жұмысына адам алуды тоқтату жөніндегі Жайық сырты қазақтары делегациясы құрамында Петроградқа барды. Сол жылы қазан айында Қазан қаласында оқитын бір топ қазақ студенттерінің қатарында майдандағы тыл жұмысына алынғандарға, олардың үй-ішіне көмектесу жөнінде «Қазақ» газетіне хат жазды. 1917 жылы наурыз айында Ә.Бөкейхановтың шақыруымен қазақ оқығандары тобында Батыс майданға келіп, жігіттерді елге жеткізу ісін ұйымдастырды. 1917 жылы күзде ел ішіндегі ықпалды адамдардың ұсынуымен Жымпиты уездік земство басқармасы төрағалығына Жәленовпен баламалы негізде шарға (сайлау) түсіп, басым дауыспен төраға болды. Ол Земство жүйесін бірден-бір жергілікті билік органы деп біліп, оның демократтық негізде жұмыс істеп, халық шаруашылығы міндеттерін толықтай атқаруына күш жұмсады. М.Шоқай, Х.Досмұхамедов, И.Қашқынбаев, Б.Қаратаевтармен тығыз байланыста жұмыс істеп, Алашорданың үкімет ретінде танылуына зор үлес қосты. 1937 жылы сәуірдің 10-ында «белсенді алашордашы, халық жауы» ретінде тұтқындалды. Жауап алу кезінде Ж.Досмұхамедовты құрметтейтінін, А.Байтұрсыновтың, М.Жұмабаевтың талантына бас иетінін тайсалмай айтып, Батыс Алашорда құрамында болғанын жасырмағаны үшін 1937 жылғы желтоқсанның 2-де атылды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты коллегиясының 1992 жылғы қыркүйектің 16-дағы ұйғарымымен ақталды.
112 жыл бұрын (1904-1945) композитор, домбырашы КӨШЕКБАЕВ Смағұл дүниеге келді. Атырау облысы Теңіз ауданында туған. Құрманғазының күйлері мен Мұхиттың әндерін орындаушы. 1936 жылдан Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияда қызмет етті. Құрманғазының «Ертең кетем», «Лаушкен», «Повестка» күйлерін Е.Г. Брусиловскийге нотаға түсіртті. «Майданға», «Жас достар», «Май гүлі», т.б. ән-романстардың авторы. 1939 жылы Шымкент қорғасын зауытында, 1941 жылы Ащысайда (Оңтүстік Қазақстан облысы) халық аспаптар оркестрін құрды. Қызыл Жұлдыз, 2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған.
96 жыл бұрын (1920-1987) жазушы, Қазақ КСР-нің еңбегі сіңірген мәдениет қайраткері ЛАРИН Вениамин Иванович дүниеге келді.
Алтай аймағында туған. Томск медициналық техникумын, педагогикалық институтты, КОКП жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. Еңбек жолын Предгорненский мекетбінде мұғалім болып бастаған. 1942-1949 жылдары журналистік жұмыста, комсомол, партия ұйымдарында басшылық қызметтер атқарды. 1949-1974 жылдары - «Ленинская смена» газеті редакторының орынбасары, Қазақ КСР ЛКЖО Орталық Комитеті Үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, «Білім» республикалық қоғамының жауапты хатшысы, Қазақ КСР Теледидар и радио тарату комитеті төрағасының бірінші орынбасары, «Огни Алатау», «Вечерняя Алма-Ата» газеттерінің редакторы. 1974-1985 жылдары - «Простор» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. Өмірінің соңғы жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы болды.
Алғашқы очерктер жинағы 1956 жылы басылып шыққан. «Спроси у своего сердца», «Земле нужны звезды», «Век прожить» (бірлесіп шығарған), «Баллада о первой палатке», «Все остается нам» атты еңбектері жарық көрген.
Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарымен марапатталған.
92 жыл бұрын (1924-2015) суретші, кескіндемеші, акварелші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ӘЖИЕВ Үкі Әжиұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Алматы облысы Қаскелең ауданында туған. Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітірген. Шығармашылығы Қазақстанның бейнелеу өнерінде елеулі орын алады. Республикадағы сурет көрмесінің бәріне белсене қатысты. Англия, Гана, Нигерияда болып, қала көрінісінің бірнеше картиналарын жазды. Суретшінің «Бұқара», «Самарқан» серияларына енген «Хиуа көшесі», «Шайханада», «Хиуа 1968 жылы» деген шығармалары ерекше көзге түсті. Мұнда Әжиев Шығыс қалаларының көріністері мен халықтың жарқын тұрмысын шынайы бейнеледі. Туған жер табиғатын танытатын «Асы жайлауы», «Алатау бөктерінде» атты шығармалары шыншылдығымен, нақтылығымен құндылы. Портрет жанрында да көп еңбек етті. «М. Әуезовтың портреті», «Студент қыз», «Механизатор» сияқты портреттер суретші дарынының жан-жақтылығын танытады. Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері. Бірнеше медальдармен марапатталған.
79 жыл бұрын (1937-2011) композитор, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты МАҢҒЫТАЕВ Мыңжасар дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын профессор К. Х. Қожамьяровтың класы бойынша бітірген. Маңғытаевтың шығармашылығының жанры әрқилы, ашық әуезділігімен айрықшаланады, оның ұлттық - бояулы мәнеріне вокалдық және халықтық - аспаптық ерекшеліктерді біріктіру тән. Маңғытаевтың мәнері әсіресе, "Қозы мен Баян" балетінде, "Арман", "Құлагер" симфониялық поэмаларында "Шексіз махаббат" ораториясында, "Ақсақ құлан", "Жайлауда", "Қаратау әуендері" сияқты хорға арналған поэмаларында, әндерінде анық із салған. Ұлы Абайдыңөлеңіне жазылған "Не іздейсің көңілім", "Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп", "Өлсе өлер табиғат, адам өлмес..." өлеңдеріне ән-романстар жазды. Сазгер жалпы саны үш жүзге таяу ән шығарды. Оның вокалдық-хор, аспаптық, симфониялық оратория-кантаталары, оркестрлік поэма-сюиталары, кинофильмдер мен спектакльдерге жазған шығармалары заман тынысын, өмір шындығын, дүние сұлулығын жырлайды. Ақан серінің "Қараторғай" әніне жазған вариациялары мен "Арман" атты симфониялық поэмасында, І.Жансүгіровтің "Құлагер" поэмасының желісіне жазған симфониясы мен "До-мажор" симфониясында, "Қозы Көрпеш-Баян сұлу", "Ақтолғай" симфониялық сюиталарында халық әуендерін шебер пайдаланған. Ал халық оркестріне арнап жазған "Көктем" поэмасы мен "Концерттік күй", "Ырғақты", "Төгілмелі" атты күйлері, төрт бөлімді "Аққудың айрылуы" деген топтамасы оның композиторлық мүмкіндігінің жаңа қырын ашты. "Қаратау әуендері", "Дала дауысы", "Жайлауда"хор поэмалары мен хор сюиталары, "Ауыл тойы", "Елім менің" вокалдық-хореографиялық композициясын тыңдаушы қауым жылы қабылдады. "Ақан сері - Ақтоқты", "Сталинге хат", "Неке қияр", "Біздің үйдің жұлдыздары" спектакльдеріне, "Бәйшешек", "Көкжиек" кинофильмдері мен Қ.Сәтбаев туралы деректі фильмге, "Қожанасыр сәулетші", "Әулие есек", "Үш түлек" т.б. мультфильмдерге музыка жазды. «Құрмет» орденімен марапатталған.
78 жыл бұрын (1938) актер, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ЗҰЛҚАШЕВ Шапай дүниеге келді. Атырау облысының Исатай ауданында туған. Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) актерлік бөлімін, Алматы театр-көркемсурет институтының режиссерлік бөлімін бітірген. 1965-1975 жылдары - Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актеры. 1975-1989 жылдары - Атырау облыстық драма театрының режиссеры. 1989-1997 жылдары - Семей музыкалық драма театрының бас режиссеры. 1997 жылдары М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық драма театрының бас режиссеры әрі көркемдік жетекшісі қызметін атқарды.
58 жыл бұрын (1958) Қазақстан Республикасы көрнекті композиторы ТОҚСАНБАЕВ Артық Жарылқасынұлы дүниеге келді. Алматы облысының Қаскелең қаласында туған. К.Байсейітова атындағы Республикалық орта мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатты; Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген (1983).
Симфониялық, камералық шығармалардың, балалар мен жасөспірімдерге арналған музыканың, әндердің, романстардың, «Дикий Восток», «Сардар», «Секер» кинофильмдерінің, «Мүсінші Наурызбаев» деректі фильмі музыкасының және т.б. авторы. Қазақ және орыс тілдерін біледі. 1984 жылдан - қазақ телевизиясының музыкалық бағдарламалар бас редакциясының редакторы. 1985 жылдан -«Гүлдер» Республикалық эстрадалық ансамблінің бас дирижері және музыкалық жетекшісі. 1988 жылдан - Қазақстан Композиторлар одағы насихат және ақпарат бөлімінің меңгерушісі. 1996 жылдан - қазақ радиосы продюсерлік орталығының жетекшісі. 2003 жылдан - Қазақстан Композиторлар ассоциациясының вице-президенті.
48 жыл бұрын (1968) жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ШИШИГИНА Ольга Васильевна дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ туризм және спорт академиясын бітірген. Спортшы Қазақстан және КСРО жасөспірімдері арасындағы чемпионы, 100 метрге кедергілі жүгіруден Азияның қола жүлдегері, Азия чемпионы, 12-13-ші Азия ойындарының жеңімпазы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, әлем чемпионы, жабық залда 60 метрге кедергілі жүгіруден әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Олимпиадалық ойындардың чемпионы атанған. 2013 жылғы 22 қаңтардан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі.
І дәрежелі «Барыс», «Құрмет», ІІ дәрежелі «Достық» ордендерімен марапатталған, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.
85 жыл бұрын (1931-2015) кеңестік және ресейлік театр және кино актері, театр режиссері, педагог, КСРО халық әртісі ДУРОВ Лев Константинович дүниеге келді.
83 жыл бұрын (1933) Жапонияның биліктегі императоры, әулеттегі 125-ші билеуші император АКИХИТО дүниеге келді.
82 жыл бұрын (1934) кеңестік және ресейлік театр және кино актрисасы, РСФСР халық әртісі ФАТЕЕВА Наталья Николаевна дүниеге келді.