23 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2017 жылғы 23 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

23 желтоқсан, СЕНБІ

Швеция корольдігінің Ұлттық мейрамы - Швеция королевасы Сильвияның дүниеге келген күні

Сильвия патшайым жұмысқа жарамсыз, мүгедектерге қол ұшын беру ісімен айналысып жүр. Ол - мүгедек балалар ойындары мен спорт саласын зерттеу ісін қолдайтын Корольдік қайырымдылық қорының төрайымы. Мүгедек балаларды спортпен айналысуға жетелейтін швед, ағылшын, неміс және испан тілінде жарық көрген «Дегеніңе жет» атты кітаптың шығуына тікелей басшылық жасады және демеушісі болды. Қазақстан Республикасы мен Швеция корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 7 сәуірде орнатылды.

Жапонияның мемлекеттік мейрамы - Императордың туған күні

84 жыл бұрын (1933) Жапонияның қазіргі, 125-ші императоры Акихито дүниеге келді. Оның туған күні өз елінде ұлттық мереке болып есептеледі. Акихито әкесі Хирохито қайтыс болғаннан кейін 1989 жылғы 7 қаңтарда таққа отырды. Сол кезден бастап, жапондықтардың Хэйсэй деп аталатын жаңа жыл санау кезеңі басталды. Акихито 30 жылға жуық ел басқару ісімен айналысып келеді. Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 26-ында орнатылды.

Блукас күні

Литваның көне дәстүрі бойынша, жылдың ең қараңғы мерзімі басталғанда аулаларда ескі ағаш түбірі - Блукас сүйретіледі. Ол уақыттың зымырауын, аяқталмаған жұмыстар мен орындалмаған армандарды білдірген. Осындай ағаш түбірін өртегенде, бұрынғы уайым-қайғы ұмытылып, жаңа әлемді құруға дайындық басталып кетеді. Түн ұзаруын қойып, бара-бара күннің көзі қайта бастайды. Мерекеге әдемі киінген, фольклорлық ансамбльдер мен театр ұжымдары қатысады.

Festivus мерекесі

Жазушы әрі редактор Дэниел О'Киф Festivus мерекесін 1966 жылы ойлап тапқан, алғашында оны желтоқсаннан наурыз айына дейін кез келген күні атап өтуге болған. 1997 жылы оның баласы Дэн, «Сайнфелд» сериалының сценарисі бұл мерекені оның бір сериясына енгізген.


ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1994 жылы Бішкекте Қазақстан Республикасының Елшілігі ресми ашылды.

1994 жылы Алматыдағы №12 қазақ орта мектебіне Шоқан Уәлихановтың есімі берілді.

1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың заң күші бар «Жекешелендіру туралы» Жарлығы жарық көрді.

1998 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «ҚР Президенті жанындағы отбасы және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссия туралы» Жарлығы шықты.

2002 жылы Қазақстан мен Қытай арасында көршілік қарым-қатынас, достастық және серіктестік туралы Келісімге қол қойылды.

2008 жылы «Қазақстан халқын рухани дамыту қоры» АҚ  құрылды. Оның негізгі мақсаты - Қазақстан халқының дәстүрі мен мәдени құндылықтарын дамытуды қолдау және тұрақты бақылау.

2009 жылы елордада Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен 240 балаға арналған «Қарлығаш» балабақшасы ашылды.

Балабақшада тәрбиелеу қазақ және орыс тілдерінде жүргізіліп, ағылшын тілін меңгеру үшін арнайы сабақтар өтеді. Ол орналасқан ғимарат екі қабатты төрт блоктан тұрады. Жалпы аумағы 11641 шаршы метрді құрайды, оның 4195 шаршы метрі техникалық ғимарат. Балабақшаның барлық бөлмелері қазіргі заманғы талаптарға сай жарақтандырылған.

2009 жылы Эр-Риядта ҚР Елшілігі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдауды ұйымдастырды.

Шараға қонақтар үшін ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандық жол» араб тілінде басылып шыққан кітабының тұсаукесері өтті.

2009 жылы Алматы облысындағы Ескелді ауданының Жетісу ауылында Мәдениет үйі ашылды.

Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу үшін республикалық бюджеттен 30 млн. теңге, облыстық бюджеттен - 35 млн. теңге бөлінген, соның ішінде 28 млн. теңгеге сахналық және техникалық жабдықтар сатып алынды. Мәдениет үйінде 150 адамға арналған көрермен залы, кітапхана бар.

2009 жылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетінің бас кеңсесіне барып, газеттің ұжымын басылымның 90 жылдығымен құттықтады. «Егемен Қазақстан - республикамызда қазақ тілінде шығатын көне газет. Әр жылдары оны Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сияқты танымал тұлғалар басқарған.

2010 жылы «ҚазАқпарат» ақпараттық агенттігі «Ең белсенді БАҚ» ретінде жыл сайынғы «Ньюсмейкер Интерфакс-Қазақстан 2010» аталымының жеңімпазы  атанды. Алматыда ұлттық  компанияның өкілдеріне арнайы диплом мен медаль табысталды.

2010 жылы Астанада бірегей 15 томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» тұсаукесері болып өтті. «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасы» ұлттық-стратегиялық жобасының аясында жарық көрген «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» 92 300 сөз бен 57 856 сөз тіркесі - барлығы 150 156 лексикалық бірлік қамтылған. Сөздікте 166 612 сөздің мағынасы ашып көрсетілген.

Сөздік 10 мың дана тиражбен шығарылып, еліміздің оқу мекемелері мен кітапханаларына таратылды.

2010 жылы Петропавлда Гуминатарлық колледж ғимаратына Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаевқа арналған ескерткіш тақта орнатылды.

2011 жылы Алматыда студент-дизайнер Айбек Алмасов әлемдік интернетті бір сәтте шулатқан велосипед үлгісін ойлап тапты. Оның «Бион-байк» жобасын Италияның бірқатар басылымдары өнеркәсіптік велодизайнның үздік үлгісі деп атады.

2011 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы Мағжан Жұмабаев ауданының Булаево қаласында тарихи-өлкетану мұражайы ашылды. Мұражай залдарында өлкенің XVIII  ғасырдан бастап тарихынан сыр шертетін 1,5 мыңға жуық экспонаттар мен құжаттар ұсынылды. Жаңа мұражайда қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған бөлек зал бар.

2011 жылы Астанада «Е-жедел жәрдем» инновациялық жобасының тұсаукесері болып өтті. Медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруға бағытталған бұл жоба жедел жәрдем топтарына ауруханалармен тікелей байланысқа шығуға мүм­кін­дік жасап, аурудың белгілері бо­йын­ша емдеу жолдарын қарас­ты­рып, қажетті дәрі-дәрмектерді таба білу сияқты іс-шараларды дер кезінде жүзеге асыра алады. Бұл жоба жедел жәрдем қызметінің деңгейін арттырып, оңтайландыруға, тез шешім қабылдауға, сырқат адамның мекенжайын іздестіру кезінде жүр­гізуші тарапынан қателікті болд­ыр­мауға, сондай-ақ уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді.

2013 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысу үшін Мәскеу қаласына келді. Отырыс аясында Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің өзара іс-қимылындағы басты аспектілер, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастыру төңірегіндегі бірқатар мәселелер талқыланды. 

2013 жылы Қазақстанда «Кітап мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін» атты жаңа награда жасалды. Медальді Қазақстанның Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы, Жазушылар одағы, Кітапхана, полиграфшылар, баспагерлер және кітап таратушылар қауымдастығы тағайындады. Алғашқы наградалар Алматы қаласында табысталды.

2013 жылы Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Бақты-Покиту» өткізу пунктерінде ауыл шаруашылығы өнімдерін жедел өткізетін «жасыл дәліз» ресми түрде жұмыс істей бастады. Бұл - «Жібек жолы экономикалық белдеуін» құру стратегиясының маңызды элементі.

2013 жылы Мәскеуде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың басшылығымен Еуразиялық экономикалық комиссиясы Кеңесінің (ЕЭК) кезекті отырысы болып өтті. Кездесу барысында ЕЭК қызметін жетілдірудің келешегі талқыланды.  Отырыста өзге мәселелер қатарында Мемлекеттік сатып алулар келісімін өзгерту ұсыныстары, құпия ақпаратты қорғау тәртібі мен бәскелестіктің бірыңғай ережелерін сақтауды бақылау бойынша ЕЭК өкілеттігін жүзеге асыру кезінде оны таратудағы жауапкершілігі бойынша келісімі талқыланды. 

2014 жылы Мәскеуде Қазақстан, Ресей, Беларусь, сондай-ақ Армения мен Қырғызстан президенттерінің қатысуымен мемлекет басшылары деңгейінде Жоғары Еуразиялық Экономикалық кеңес отырысы өтті.

2014 жылы Мәскеуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің кездесуі барысында 2013 жылғы 11 қарашадағы XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы ҚР мен РФ арасындағы Шартты ратификациялау туралы грамота алмасу туралы хаттамаға қол қойылды.

2014 жылы Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сесиясында ҰҚШҰ мүше мемлекеттер басшылары ұйымның ұжымдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі нығайту, оны қауіпсіздік, тәуелсіздік, аумақтық тұтастық және ұйымға мүше мемлекеттер егемендігін, оның жауапкершілік аймағында тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды құралдарының бірі ретінде қарауда ҰҚШҚ-ға мүше мемлекеттердің ниетін білдіретін мәлімдемеге қол қойды.

2015 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде «Қазақстан - Ұлы Дала елі» мультимедиялық қосымшасын шығарды. Бұл қосымшада көптеген суреттер, роликтер, бейнесюжеттер, біздің тарихымыз, мәдениетіміз туралы ақпараттар бар.

ЕСІМДЕР

128 жыл бұрын (1889-1937) Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің мүшесі және белсенді қайраткері ЖАНҚАДАМОВ Бижан (Бижанғали) Әбілқасымұлы дүниеге келді.

Б.Жанқадамов 1916 жылы қазақтан майдандағы тыл жұмысына адам алуды тоқтату жөніндегі Жайық сырты қазақтары делегациясы құрамында Петроградқа барды. Сол жылы қазан айында Қазан қаласында оқитын бір топ қазақ студенттерінің қатарында майдандағы тыл жұмысына алынғандарға, олардың үй-ішіне көмектесу жөнінде «Қазақ» газетіне хат жазды. 1917 жылы наурыз айында Ә.Бөкейхановтың шақыруымен қазақ оқығандары тобында Батыс майданға келіп, жігіттерді елге жеткізу ісін ұйымдастырды. 1917 жылы күзде ел ішіндегі ықпалды адамдардың ұсынуымен Жымпиты уездік земство басқармасы төрағалығына Жәленовпен баламалы негізде шарға (сайлау) түсіп, басым дауыспен төраға болды. Ол Земство жүйесін бірден-бір жергілікті билік органы деп біліп, оның демократтық негізде жұмыс істеп, халық шаруашылығы міндеттерін толықтай атқаруына күш жұмсады. М.Шоқай, Х.Досмұхамедов, И.Қашқынбаев, Б.Қаратаевтармен тығыз байланыста жұмыс істеп, Алашорданың үкімет ретінде танылуына зор үлес қосты. 1937 жылы сәуірдің 10-ында «белсенді алашордашы, халық жауы» ретінде тұтқындалды. Жауап алу кезінде Ж.Досмұхамедовты құрметтейтінін, А.Байтұрсыновтың, М.Жұмабаевтың талантына бас иетінін тайсалмай айтып, Батыс Алашорда құрамында болғанын жасырмағаны үшін 1937 жылғы желтоқсанның 2-де атылды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты коллегиясының 1992 жылғы қыркүйектің 16-дағы ұйғарымымен ақталды.

113 жыл бұрын (1904-1945) композитор, домбырашы КӨШЕКБАЕВ Смағұл дүниеге келді.

Атырау облысы Теңіз ауданында туған. Құрманғазының күйлері мен Мұхиттың әндерін орындаушы. 1936 жылдан Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияда қызмет етті. Құрманғазының «Ертең кетем», «Лаушкен», «Повестка» күйлерін Е.Г. Брусиловскийге нотаға түсіртті. «Майданға», «Жас достар», «Май гүлі», т.б. ән-романстардың авторы. 1939 жылы Шымкент қорғасын зауытында, 1941 жылы Ащысайда (Оңтүстік Қазақстан облысы) халық аспаптар оркестрін құрды. Қызыл Жұлдыз, 2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған.

93 жыл бұрын (1924-2015) суретші, кескіндемеші, акварелші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ӘЖИЕВ Үкі Әжиұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Қаскелең ауданында туған. Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітірген. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Шығармашылығы Қазақстанның бейнелеу өнерінде елеулі орын алады. Республикадағы сурет көрмесінің бәріне белсене қатысты. Англия, Гана, Нигерияда болып, қала көрінісінің бірнеше картинасын жазды. Суретшінің «Бұқара», «Самарқан» серияларына енген «Хиуа көшесі», «Шайханада», «Хиуа 1968 жылы» деген шығармалары ерекше көзге түсті. Мұнда Әжиев Шығыс қалаларының көріністері мен халықтың жарқын тұрмысын шынайы бейнеледі. Туған жер табиғатын танытатын «Асы жайлауы», «Алатау бөктерінде» атты шығармалары шыншылдығымен, нақтылығымен құндылы. Портрет жанрында да көп еңбек етті. «М. Әуезовтің портреті», «Студент қыз», «Механизатор» сияқты портреттер суретші дарынының жан-жақтылығын танытады. Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері. Бірнеше медальмен марапатталған.

null 80 жыл бұрын (1937-2011) композитор, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты МАҢҒЫТАЕВ Мыңжасар дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын профессор К. Х. Қожамьяровтың класы бойынша бітірген. Маңғытаевтың шығармашылығының жанры әрқилы, ашық әуезділігімен айрықшаланады, оның ұлттық - бояулы мәнеріне вокалдық және халық-аспаптық ерекшеліктерді біріктіру тән. Маңғытаевтың мәнері әсіресе, "Қозы мен Баян" балетінде, "Арман", "Құлагер" симфониялық поэмаларында "Шексіз махаббат" ораториясында, "Ақсақ құлан", "Жайлауда", "Қаратау әуендері" сияқты хорға арналған поэмаларында, әндерінде анық із салған. Ұлы Абайдың өлеңіне жазылған "Не іздейсің көңілім", "Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп", "Өлсе өлер табиғат, адам өлмес..." өлеңдеріне ән-романстар жазды. Сазгер жалпы саны үш жүзге таяу ән шығарды. Оның вокалдық-хор, аспаптық, симфониялық оратория-кантаталары, оркестрлік поэма-сюиталары, кинофильмдер мен спектакльдерге жазған шығармалары заман тынысын, өмір шындығын, дүние сұлулығын жырлайды. Ақан серінің "Қараторғай" әніне жазған вариациялары мен "Арман" атты симфониялық поэмасында, І.Жансүгіровтің "Құлагер" поэмасының желісіне жазған симфониясы мен "До-мажор" симфониясында, "Қозы Көрпеш-Баян сұлу", "Ақтолғай" симфониялық сюиталарында халық әуендерін шебер пайдаланған. Ал халық оркестріне арнап жазған "Көктем" поэмасы мен "Концерттік күй", "Ырғақты", "Төгілмелі" атты күйлері, төрт бөлімді "Аққудың айрылуы" деген топтамасы оның композиторлық мүмкіндігінің жаңа қырын ашты. "Қаратау әуендері", "Дала дауысы", "Жайлауда" хор поэмалары мен хор сюиталары, "Ауыл тойы", "Елім менің" вокалдық-хореографиялық композициясын тыңдаушы қауым жылы қабылдады. "Ақан сері - Ақтоқты", "Сталинге хат", "Неке қияр", "Біздің үйдің жұлдыздары" спектакльдеріне, "Бәйшешек", "Көкжиек" кинофильмдері мен Қ.Сәтбаев туралы деректі фильмге, "Қожанасыр сәулетші", "Әулие есек", "Үш түлек" т.б. мультфильмдерге музыка жазды. «Құрмет» орденімен марапатталған.

null 59 жыл бұрын (1958) Қазақстан Республикасы көрнекті композиторы ТОҚСАНБАЕВ Артық Жарылқасынұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Қаскелең қаласында туған.  К.Байсейітова атындағы Республикалық орта мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатты; Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген (1983).

Симфониялық, камералық шығармалардың, балалар мен жасөспірімдерге арналған музыканың, әндердің, романстардың, «Дикий Восток», «Сардар», «Секер» кинофильмдерінің, «Мүсінші Наурызбаев» деректі фильмі музыкасының және т.б. авторы. 1984 жылдан - қазақ телевизиясының музыкалық бағдарламалар бас редакциясының редакторы. 1985 жылдан -«Гүлдер» Республикалық эстрадалық ансамблінің бас дирижері және музыкалық жетекшісі. 1988 жылдан - Қазақстан Композиторлар одағы насихат және ақпарат бөлімінің меңгерушісі. 1996 жылдан - қазақ радиосы продюсерлік орталығының жетекшісі. 2003 жылдан - Қазақстан Композиторлар ассоциациясының вице-президенті.

null 56 жыл бұрын (1961) Батыс Қазақстан облыстық консультативтік-диагностикалық орталығының басшысы ИРМЕНОВ Қамидолла Мутиголлаұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1985 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған.

1986 жылы Орал қалалық №3 перзентханасында анестезиолог дәрігер, анестезиология бөлімінің меңгерушісі, 1992-1999 жылдары Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, 1999-2004 жылдары «Облыстық балалар ауруханасы» МКҚК директоры, 2004-2007 жылдары облыстық клиникалық аурухананың директоры, 2007-2017 жылдары БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болған.

Қазіргі қызметінде - 2017 жылдың ақпанынан.




null 49 жыл
 бұрын (1968) жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ШИШИГИНА Ольга Васильевна дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ туризм және спорт академиясын бітірген. Спортшы Қазақстан және КСРО жасөспірімдері арасындағы чемпионы, 100 метрге кедергілі жүгіруден Азияның қола жүлдегері, Азия чемпионы, 12-13-ші Азия ойындарының жеңімпазы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, әлем чемпионы, жабық залда 60 метрге кедергілер арқылы жүгіруден әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Олимпиада ойындарының чемпионы атанған. 2013 жылғы 22 қаңтардан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі.

І дәрежелі «Барыс», «Құрмет», ІІ дәрежелі «Достық» ордендерімен марапатталған, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.

Соңғы жаңалықтар