24 МАМЫР. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 24 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.
24 мамыр, СЕНБІ
Славян жазуы мен мәдениеті күні (Қасиеті Кирилл мен Мефодий күні). Бұл мейрам славян халқының алғашқы ұстаздарының қасиетті тең апостолы ағайындылар Кирилл мен Мефодий (ІХ ғ.) құрметіне арналған. Қазіргі ресей күнтізбесіндегі Екінші мемлекеттік-шіркеулік мейрамы (Рождестводан кейін). Мейрамның шығу тарихы шіркеу дәстүрлерінен тарайды, Х-ХІ ғасырларда Болгарияда болған. Қасиетті ағайындылар құрметіне арналған мейрамды атап өту, өткен заманда да барлық славян халықтарында өз орны болған, содан кейін тарихи және саяси жағдайлардың ықпалымен өзінің мағынасын жоғалтты. ХІХ ғасырдың басында славян халқының жаңғыртылуы мен славяндардың алғашқы ұстазының ойы да өзгерді. 1863 жылы мамырдың 11-і (мамырдың 24-і жаңа түрде) орыс жеріндегі қасиетті Кирилл мен Мефодийдің құрметіне арналған мейрамды тойлауға үкім шығарды.
Еуропалық Саябақтардың күні. Еуропалық ұлттық және табиғи саябақтар федерациясы жариялаған.Аталмыш еуропалық ұйым Еуропаның 36 еліндегі қорғалатын табиғи аймақты біріктіреді. Ең алғашқы рет 1999 жылы өткізілген бұл күн енді бүкіл Еуропада жыл сайын мамырдың 24-інде мерекеленеді.
Халықаралық қорықтар күні Жыл сайын Халықаралық табиғатты қорғау одағының бастамасымен аталып өтіледі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
8 1 жыл бұрын (1933) «Қазақтың көркем әдебиеті» баспасы құрылды. 1964 жылы атауы «Жазушы» болып өзгерді.
1 9 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекара жөніндегі мемлекеттік комитетін құру туралы» Жарлығы жарық көрді.
1 8 жыл бұрын (1996) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталығы құрылды.
9 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қол қойған «Сот сараптамасы туралы» Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы», «Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт Ұйымына мүше мемлекеттердiң аумақтарын жедел жабдықтау, әскери инфрақұрылым объектiлерiн бiрлесiп пайдалану туралы келiсiмдi бекiту туралы», «Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың заңнамасы негіздерінің мәртебесі, оларды әзірлеу, қабылдау және іске асыру тәртібі туралы шартты бекіту туралы» Заңдар басылым беттерінде жарияланды.
8 жыл бұрын (2006) қазақстандық мұнайдың алғашқы үлесі Қазақстан-Қытай мұнай құбыры арқылы қытайлық шекара бекетіне жетті. Мұнайдың Шынжаңның Душаньцзы қаласындағы мұнай өңдеу зауытына жеткізілуі - қазақстан-қытай мұнай құбырының ресми пайдалануға берілуінің бастамасы. Құны 700 миллион доллар, өткізу мүмкіндігі 20 миллион тонналық 962 шақырым құбырдың құрылысы 2004 жылдың қыркүйек айында басталып, 2005 жылдың желтоқсан айында аяқталған болатын. Онымен қатар, Қытай аумағында 252 шақырымдық Алашаңқай-Душаньцзы құбыры да төселіп біткен еді.
7 жыл бұрын (2007) Градец Кралове қаласындағы Конгресс-орталықта Қазақстан Республикасының Чехиядағы Құрметті консулдығының ашылу рәсімі өтті. Консулдық округ Чех Республикасының Краловоградецк және Пардубицск өлкелерін қамтиды.
7 жыл бұрын (2007) «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының орталық аппаратында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілінде басылып шыққан «Қазақстан жолы» атты кітабының таныстырылымы болып өтті.
7 жыл бұрын (2007) Profile books британ баспасы «В поиске Казахстана - земля, которая изчезла» атты кітабын сатуға шығарды.
Бұл Қазақстан туралы Батыстағы көлемі 320 беттік әдеби-әңгіме жанрында жазылған бірінші авторлық туынды.
Кiтаптың авторы батыстағы танымал жазушы және журналист Кристофер Роббинс.
Ұлыбританиядан басқа, бұл кітап 2008 жылдың көктемінде белгілі американдық «Атлас Букс» баспасынан да жарық көрген болатын. Сонымен қатар, британдық баспа кітаптың арнайы веб-сайтын (www.insearchofkazakhstan.co.uk) ашып, ол жерден оқырмандар тапсырыс беріп және кітап пен оның авторы туралы ақпарат алатын мүмкіндіктер қарастырған.
ЕСІМДЕР
9 3 жыл бұрын (1921) композитор, қазақ фортепьянолық аспаптық музыкасының негізін қалаушы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері МЕҢДІҒАЛИЕВ Нағым дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын фортепьяно және композиция кластары бойынша бітірген. Оның шығармалары негізінен фортепьяно аспабына арналған концерттер мен миниатюралар, симфониялық поэмалар, сюиталар, 300-ден астам аспаптық пьеса, ән-романстар, спектакльдерге арналған музыкалар. Оның «Домбыра туралы аңыз» атты концерттік пьесасы қазақтың фортепьянолық музыкасының танымал туындысы.
90 жыл бұрын (1924) геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты НИКИТИН Игорь Федорович дүниеге келді.
Ресейдің Мәскеу қаласында туған. Санкт-Петербор тау-кен институтын бітірген. 1946-1976 жылдары Қазақстан ғылым академиясы Геология ғылымдары институтының ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі болған.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанның геология, стратиграфия және палеонтология салаларын зерттеуге арналған. Ол Қазақстанның бірнеше орта масштабты мемлекеттік геологиялық карталарын жасаған. 100-ден астам ғылыми еңбектің авторы.
Медалдарьмен марапатталған.
90 жыл бұрын (1924-1974) Даңқ орденінің толық иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері ТАСТАНДИЕВ Тайыр Бүркітбайұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. 1942 жылы тамызда әскер қатарына алынған. Ол 1-ші және 2-ші Балтық бойы, 4-ші Украин майданының құрамында елді неміс басқыншыларынан азат ету ұрыстарына қатысқан. Донецк қаласының жанындағы кескілескен ұрыста өзінің бөлімшесімен жаудың күшті бекінісін алып, аса жауапты жауынгерлік тапсырманы орындағаны үшін 3-ші дәрежелі, жау ДЗОТ-ын гранатамен жарғаны үшін 2-ші дәрежелі, Днепр жағалауындағы кескілескен ұрыста көрсеткен ерлігі үшін 1-ші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған. Т.Тастандиевтің майдандағы ерлігі орыс жазушысы К.Симоновтың «Шел солдат» деректі фильмінде біршама ашылып көрсетілген. Жергілікті қаламгер Ә.Айтоқов ол туралы кітап жазған. Соғыстан кейінгі жырлары Т.Тастандиев өз ауылында халық шаруашылығы саласында еңбек етіп, 1953-1974 жылдары Ақтөбе аудандық кеңесінің төрағасы болды.
7 8 жыл бұрын (1936) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ҒА-ның корреспондент мүшесі ӘДІЛОВ Қайыржан Нәукебайұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында туған. Қарағанды политехникалық институтын, Мәскеу тау-кен институтының аспирантурасын бітірген. 1968-1983 және 1986-1987 жылдары - Қарағанды политехникалық институтының оқытушысы, доценті, профессоры. 1983-1986 жылдары - Кабул политехникалық институтының (Ауғанстан) оқытушысы. 1987-1994 жылдары - Қазақ ұлттық техникалық университетінің кафедра меңгерушісі. 1994 жылдан Қарағанды Жер қойнауын кешенді игеру институтының зертхана меңгерушісі. Негізгі ғылыми еңбектері көмір кендерінің өндірістік технологиясын жетілдіруге арналған. Ол жер астынан кен өндірудің ағынды технологиясын жобалау теориясын жасап, кен өндіру үдерісі мен жүйелерінің беріктігін және қарқындылығын зерттеді. Шахталар мен кеніштерді күкіртті газдардан арылту технологиясының физикалық-химиялық өлшемдерін анықтап, жер асты кен жұмыстарының экологиялық қауіпсіздігін негіздеді.
7 4 жыл бұрын (1940) медицина ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық психология ұжымының академигі, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің хирургиялық стоматология кафедрасының профессоры, докторлық, кандидаттық қорғайтын арнайы кеңес төрағасының орынбасары, апробациялық кеңестің төрағасы ТӨЛЕУОВ Қалдан Төлеуұлы дүниеге келді.
Қызылорда облысында туған. Пермь медициналық институтын, Алматы мемлекеттік медицина институтының хирургиялық стоматология кафедрасының клиникалық ординатурасын, Мәскеудегі Ленин Орденді орталық дәрігерлер білім жетілдіру институтының «Жақ-бет және пластикалық хирургия» кафедрасының аспирантурасын бітірген.
Алматы мемлекеттік медицина институтының хирургиялық стоматология кафедрасының ассистенті, доцент, стоматология факультеті деканының орынбасары, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің хирургиялық стоматологиялық пропедевтика кафедрасының меңгерушісі, Республикалық стоматологиялық емхананың бас дәрігері қызметтерін атқарған.
100-ден аса ғылыми еңбектердің, 20-дан астам авторлық куәліктердің, стоматологиялық факультет студенттеріне арналған оқулық пен монографияның авторы.
5 8 жыл бұрын (1956) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Домалақ ана» атындағы жыр байқауының бас жүлдегері ТҰРЛЫБЕК Сабырбек дүниеге келді.
Шымкент қаласында туған. Шымкент кооперативтік техникумын бітірген. Алғашқы «Жол азабы» атты туындысы 1967 жылы жарық көрген. Ақынның жырлары бірнеше ұжымдық жыр жинаққа енген. «Тайқазан» атты жеке жыр кітабы бар.
4 9 жыл бұрын (1965) ҚР Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры ҚОЖАХМЕТОВ Қанат Оспанұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. 1988 жылы КСРО ІІМ-нің Қарағанды жоғары мектебін бітірген, мамандығы заңгер.
Еңбек жолын 1987 жылы Шығыс Қазақстан облысының ІІБ-де ведомстволық емес күзет қызметінің милиционері болып бастады, кейіннен осы ІІБ-де қылмыстық іздестіру қызметінің жедел уәкілі, аға жедел уәкілі лауазымдарын атқарды. Одан арғы қызметін Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Қылмыстық іздестіру басқармасында жалғастырды. 1991 жылдан бастап Қазақстан Республикасы ІІМ-де, МТК-да (Мемлекеттік тергеу комитеті), Алматы қаласының ІІББ-де әр түрлі басшылық лауазымдарды атқарды.Алматы қаласының Әуезов АІІБ-нің бастығы, Алматы облысының ІІД бастығының бірінші орынбасары болып қызмет атқарған.
2005-2006 жылдары - Алматы облысының ІІД бастығы. 2006 жылғы тамыз - 2008 жылғы желтоқсан аралығында - Қарағанды облысы Ішкі істер департаментінің бастығы. 2009-2011 жылдары Есірткіге қарсы Орталық Азия өңірлік ақпараттық-үйлестіру орталығының Қазақстан Республикасындағы өкілетті өкілі (ОАӨАҮО).
2012 жылғы ақпаннан бастап - Қазақстан Республикасы ІІМ Криминалдық полиция комитетінің төрағасы.
Бірқатар ведомстоволық және үкіметтік наградалары бар.
3 8 жыл бұрын (1976) ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік және қатынас жолдары комитеті төрағасы МЕЙІРБЕКОВ Еркін Нұрмаханбетұлы дүниеге келді.
Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын «Автомобиль жолдары және аэродромдар құрылысы», Қазақстан-Ресей университетін Құқықтану мамандықтары бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2001 жылы "МТС Агротехсервис" өндірістік кооперативінің менеджері болып бастаған. 2003-2008 жылдар аралығында ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Қатынас жолдары комитетінің Темір жол көлігін дамыту басқармасының мекемелердің қызметін мемлекеттік реттеу бөлімінің және инфрақұрылымды дамыту бөлімінің бас маманы, инфрақұрылымды дамыту бөлімінің бастығы болып қызмет етті. 2009-2012 жылдар аралығында ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көлік және қатынас жолдары комитетінің инфрақұрылымдық жобалар басқармасының бастығы, Инфрақұрылымды дамыту басқармасының бастығы лауазымын атқарды. 2012 жылғы сәуірде ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көлік және қатынас жолдары комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.
2 6 жыл бұрын (1988) ауыр атлетикадан Бейжіңдегі ХХІХ Олимпиадалық ойындардың чемпионы, Лондон олимпиадасының чемпионы, әлемнің үш дүркін чемпионы ИЛЬИН Илья Александрович дүниеге келді.
2001 жылғы желтоқсанда Семейде өткен ел чемпионатында Қызылордаа қаласының мектеп оқушысы 13 жасар ауыр атлетші арнайы жүлдеге ие болды.
2005 жылы 17 жасында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы болды.Осы жылғы 15 қарашада Катардың Доха қаласында 2005 жылғы чемпионаттың таңдаулы құлтеміршісі атанды.
2006 жылы Қытайда жастар арасындағы әлем чемпионы атанды. Осы жылы Санто-Домингода 94 келі салмақ санатында әлем чемпионы болды. 2006 жылдың желтоқсанында Катардағы Азия ойындарында 94 келі салмақта 401 келі нәтижемен чемпион атанды. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында жеңімпаз болып, алтын медальды жеңіп алды. 2010 жылы Қазақстанның және Азия ойындарының чемпионы.
2011 жылы Парижде үш дүркін әлем чемпионы атанды.
«Құрмет» және «Барыс» ордендерімен марапатталған.
10 9 жыл бұрын (1905-1984) кеңестік жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты ШОЛОХОВ Михаил Александрович дүниеге келді.
Қазіргі Ростов облысы Вешенск ауданында туған. Орыс жазушысы, КСРО ҒА-ның академигі (1939), Социалистік Еңбек Ері (1967). Ауқатты шаруа отбасында дүниеге келген. Шіркеу-приход мектебінде және гимназияда оқыған. Азамат соғысы жылдары азық-түлік мекемелерінде істеді. 1922 ж. Мәскеуге келіп, әр түрлі жұмыстар атқарды. 1923 - 24 жылдары алғашқы әңгімелері мен фельетондары баспасөз бетіне жарияланып, кейіннен 1926 жылда шыққан "Дон әңгімелері" және "Мұнарлы дала" жинақтарына енді. Бұл әңгімелердің тақырыбы - Дондағы азамат соғысы, орыс деревнясындағы әлеуметтік өзгерістер, адам санасының өзгеруі, т.б. мәселелер болды. 1925 жылы ол туған жеріне қайтып оралып, қалған өмірін сонда өткізді. Сол жерде Шолохов "Тынық Дон" романын (1 - 2 кітаптар, 1928; 3 кітап, 1929 - 32; 4 кітап 1937 - 40.) жаза бастады. Бұл роман авторды дүние жүзіне танытты. Романда бүкіл бір революциялық дәуірдің тарихи оқиғалары кең қамтылып, орыс әдебиеті жаңа биікке көтерілді. Мұнда адам факторы мен тарих мәселесі қатар өрілген. Романдағы Г. Мелехов образы - дүние жүзі әдебиетіне үлкен жаңалық болып енді. Ол әр жағынан толық, терең және барлық қыр-сырымен ашылды. Келесі романы "Көтерілген тың" (1 кітап, 1932; 2 кітап, 1960) 1920 - 30 жылдары болған орыс деревнясы өміріндегі өзгерістерді көркем баяндап берді. 2-дүниежүзілік соғысжылдарында Шолохов "Правда" газетінің майдандағы тілшісі болды. Ол газетте көптеген әңгімелер, очерктер жарияланды. Соғыс жылдары "Олар Отан үшін шайқасты" романының кейбір тараулары (1943 - 44) жарияланды. 1949 - 69 жылдары қалған тараулары жазылғанмен бұл роман толық аяқталмай қалды. Шолоховтың соғыс тақырыбына жазған "Адам тағдыры" әңгімесі дүние жүзі әдебиетіндегі елеулі құбылыс саналады. Онда соғыс кезіндегі жеке адамның трагедиялы тарихы баяндалады. Әңгіменің идеясы - соғыстың сұрапыл сұмдығын көрсетумен бірге жақсылыққа сендіру, ерлікті паш ету. Кеңес өкіметі жылдарында және онан кейінгі кезеңде де оның шығармашылығы жөнінде көптеген монографиялар, кітаптар шығарылды. Шолоховтың шығармалары сахнаға және киноға көп шықты әрі КСРО мен шет ел халықтарының барлық негізгі тілдеріне аударылды. Соның ішінде қазақ тілінде де жазушының көптеген шығармалары аударылып, жарық көрген: "Дон әңгімелері", "Тынық Дон", "Адам тағдыры", т.б. Шолохов 40 жылдан аса уақыт Қазақстанмен, қазақ жазушыларымен достық қарым-қатынаста болды. Ол М. Әуезовтің шығармаларын өте жоғары бағалады, С. Мұқановпен жақын дос болды. 1954 жылы Қазақстан жазушыларының 3-съезіне қатысып, қазақ халқына және қазақ әдебиетіне өзінің бауырмалдық көңілін білдірді. Әдебиеттегі жетістіктері үшін Шолоховқа КСРО Мемлекеттік сыйлылық (1941) және Лениндік сыйлық (1960), ал 1965 жылы Нобель сыйлығы берілген. Көптеген орден-медальдармен марапатталды.