24 маусымда Қазақстанның бірқатар өңірінде аптап ыстық сақталады

АСТАНА.KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК синоптиктері 24 маусымға арналған ауа райы болжамын жариялап, қолайсыз метеорологиялық құбылыстар туралы ескертті.

24 маусымда Қазақстанның бірқатар өңірінде аптап ыстық сақталады
Фото: romatomorrow.it

Метеорологтардың мәліметінше, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде нөсер жаңбыр, бұршақ және екпінді жел күтіледі.

Елдің оңтүстік-батысында, солтүстігінде және шығысында шаңды дауыл соғуы мүмкін. Ал солтүстік өңірлерде түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі ықтимал.

Алматы, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарында аптап ыстық сақталып, ауа температурасы +35...+38 градусқа дейін көтеріледі. Алматы облысының солтүстігінде күндіз ауа температурасы +40 градусқа дейін жетуі мүмкін.

Сонымен қатар бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Әсіресе Қызылорда, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарында жағдай күрделі болуы ықтимал.

Осыған байланысты тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтап, ауа райының қолайсыз құбылыстарына байланысты сақтық шараларын күшейту ұсынылады.

Айта кетейік, Францияда аптап ыстықтан үш адам көз жұмды.