24 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 24 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.
24 маусым, ЖЕКСЕНБІ
Шотландияның тәуелсіздік күні. 1314 жылғы маусымның 24-де шотландияның королі Роберт Брюс Баннокберндегі шайқаста ағылшын королі ІІ Эдуардтың әскерін жеңіп, өз елінің тәуелсіздігін орнатты.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
74 жыл бұрын (1938) 1937 жылы наурыздың 26-ында қабылданған Қазақ КСР Конституциясына сәйкес алғаш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі сайланды. Кеңес мемлекеттік биліктің ең жоғары органы болып табылып, республикаға қатысты кез-келген мәселені шешуге және өз қарауына алуға өкілетті болды. 1995 жылы тамыздың 30-ында жүргізілген референдумның нәтижесінде бұрынғы мемлекеттік құрылыстың кемшіліктерін жойған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып, Қазақстан Республикасының Парламенті бекітілді..
20 жыл бұрын (1992) Түркістан қаласында Қазақстан мен Өзбекстан Республикалары арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылды.
12 жыл бұрын (2000) Алматыда Қазақстан Республикасы жоғары діні басқармасының үшінші құрылтайы болып, онда бас мүфти қызметіне белгілі шығыстанушы, филология ғылымының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлиев сайланды.
7 жыл бұрын (2005) Өскемендегі «АЗИЯ АВТО» көлік жинау зауытында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен «SKODA OKTAVIA» автокөлігін жинау жөніндегі конвейер желісін іске қосу салтанаты болып өтті.
3 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін әрі қарай жақсарту туралы» Жарлыққа қол қойды.
3 жыл бұрын (2009) «Қазақмыс» тобы Балқаш металлургия өндірісінің бағалы металдар цехында құйма күмістерді құю бойынша жаңа желіні іске қосты.
Бұл жоба «Қазақмыс» тобы инновациялық бағдарламалары аясында іске асырылды. Жаңа желіні орнатуға 625 мың АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция тартылды. Бір құйманың салмағы халықаралық стандартқа сәйкес 1 000 унцийді немесе 31,1 килоны құрайды. Құйма күмістерді құю бойынша қондырғының өндірістік қуаты жылына 500-600 тоннаны құрайды.
2 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңға қол қойды. Заң жер пайдалану саласындағы қатынастарды реттейтін заңнаманы жүйелеуге және одан әрі жетілдіруге бағытталған.
2 жыл бұрын (2010) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысында Қазақстан электролиз зауытының екінші кезегінің іске қосылу рәсіміне қатысты. Салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы зауыттың екінші кезегінің іске қосылуына арнайы келгендігін атап көрсетті.
2 жыл бұрын (2010 Минскіде БМУ Халықаралық зерттеулер орталығының директоры, беларусь саясаттанушысы Владимир Улаховичтің жалпы редакциясымен «ЕҚЫҰ-ның көкейкесті проблемалары. Қазақстан төрағалығының нұсқасы» кітабы жарық көрді.
Беларусь сарапшылар қоғамдастығының арасында зор қызығушылық туғызған шараға БР Сыртқы істер министрлігі, талдаушы құрылымдар өкілдері, ғалымдар мен журналистер қатысты.
Бұл кітап Беларус, Қазақстан, Ресей, Польша, Германия, Украина және Эстония ғалымдарының ЕҚЫҰ проблемаларын зерделеу жөніндегі ынтымақтастығының белгілі бір қорытындысы іспетті және сарапшылар қоғамдастығының Қазақстанның осы Ұйымға ойдағыдай төрағалығын жүзеге асыруға өзіндік үлесі болды.
ЕСІМДЕР
74 жыл бұрын (1938) заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі ХАЛЫҚОВ Қалимолла дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. еңбек жолын Қазақстан Ғылым академиясы Философия және құқық институтының кіші ғылыми қызметкері болып бастаған. 1971-1996 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің доценті,заң факультеті деканының орынбасары, деканы, оқу ісі жөніндегі проректоры, кафедра меңгерушісі. 1996-2001 жылдары - Қазақ мемлекеттік заң университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары аттестациялық комитетінде қызмет істеген. Қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері сот билігі мәселелеріне арналған. Бірнеше оқулықтары жарық көрген. Оның жетекшілігімен 10-ға тарта ғылым кандидаты диссертация қорғаған.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
113 жыл бұрын (1899-1968) геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері АВРОВ Петр Яковлевич дүниеге келді.
Жамбыл облысының Мерке ауданында туған. Ленинград (Санкт-Петербор) тау-кен институтын бітірген. 1928-1932 жылдары - Геологиялық барлау партиясының бастығы, цех бастығы. 1932-1942 жылдары - «Ембімұнай» геологиялық барлау тресінің бас геологы. 1942-1956 жылдары - «Қазмұнайбарлау» тресінің бас геологы. 1956-1959 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі. 1959-1968 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы Қ.Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтының сектор меңгерушісі қызметін атқарған.
П.Авров Каспий маңы ойпатының геологиясын, мұнай мен газ қорларын зерттеді. Атырау облысындағы Қосшағыл, Құлсары, Қошқар, Ақтөбе облысындағы Кеңқияқ, Бозой мұнай-газ кендерін ашуға қатысты. Негізгі ғылыми еңбектері мұнай және газ геологиясы мен кендерді іздестіру-барлау әдістеріне арналған.
«Ленин» орденімен және медальдармен марапатталған.
88 жыл бұрын (1924) ақын, жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері СКАЛКОВСКИЙ Леонид Васильевич дүниеге келді.
Ресейдің Алтай өлкесінде туған. Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген. «Казахстанская правда» газетінің әдеби қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, «Простор» журналы поэзия бөлімінің редакторы, «Қазақстан» баспасы бас редакторының орынбасары, республикалық радио хабарының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы көркем әдебиетті насихаттау бюросы директорының орынбасары қызметтерін атқарған.
Қаламгер көркем аударма саласында көптеген қазақ ақындарының өлеңдерін орыс тіліне тәржімалаған. Бірнеше жинақтың авторы.
«Александр Невский» орденімен, «Берлинді алғаш алу», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», тағы басқа медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
72 жыл бұрын (1940) ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі ҚАСҚАБАСОВ Сейіт Асқарұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Әдебиет жөне өнер институтының ғылыми қызметкері, Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғылыми хатшысы, КСРО Ғылым Академиясы Әлем әдебиеті институтының аға ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы Президенті Аппаратының қызметкері, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғары аттестация комиссиясының төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығыстану факультетінің деканы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметтерін атқарған.
Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ фольклорының теориясы мен тарихына, әдебиет пен өнер мәселелеріне, этнография мен ауыз әдебиеті мұраларының текстологиясына арналған. Қасқабасовтың мифология мен прозалық фольклордың шығу тегі мен даму жолдары, фольклордағы әр заман болмысының сипатталу ерекшеліктері, фольклордың көркемдік әдісі туралы теориялық ой-пікірлері мен тұжырымдары өзбек, татар, түрікмен, карақалпақ, башқұрт ғалымдарының зерттеулерінде қолдау тауып, негізге алынды. В.Радлов жинаған қазақ фольклоры үлгілері мен ақын-жыраулар шығармалары енген «Алтын сандық», «Ел қазынасы - ескі сөз» жинақтарын құрастырушылардың бірі. Жамбылдың орыс тіліндегі таңдамалы жинағының алғы сөзі мен түсініктерін жазып, құрастырған.
300 аса еңбектің, соның ішінде фольклор, әдебиет пен өнер бойынша 9 монографияның авторы.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың, Жамбыл атындағы, Махамбет атындағы сыйлықтардың лауреаты.
72 жыл бұрын (1940) жазушы, драматург ИСМАИЛОВ Ораз дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Талдықорған телерадио басқармасында, аудандық «Жетісу шұғыласы» газетінде редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. 2004 жылдан - Қазақ гуманитарлық заң университеті ректорының кеңесшісі және айрықша тапсырмалар жөніндегі көмекшісі, мемлекеттік тілді ендіру және дамыту тобының жетекшісі.
«Наркескен», «Жетісуым - жаннатым менің», «Тарланбоз», «Ел жүрегіндегі Ескелді би», «Бақтыбайдың балалық шағы» туындылардың авторы.
«Астанаға 10 жыл» медалімен марапатталған.
76 жыл бұрын (1936-2006) мемлекет қайраткері ШТОПЕЛЬ Александр Андреевич дүниеге келді.
Ресей Федерациясында туған. Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын мектеп мұғалімдігінен бастап, директордың орынбасары, мектеп инспекторы қызметтерін атқарған. 1969-1982 жылдары - Саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, Ленгер аудандық партия комитетінің меңгерушісі, Шымкент облыстық комитеті партиясының нұсқаушысы. 1982-1988 жылдары - Жетісай партия аудандық комитетінің екінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы. 1988-1989 жылдары - Пахтаарал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1989-1991 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитеті идеология бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ұлтаралық қатынастар бөлімі меңгерушісінің орынбасары, сектор меңгерушісі. 1991-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті және Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің референті, аға референті, аға сарапшысы, сектор меңгерушісі. 1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің ұлтаралық қарым қатынас жөніндегі кеңесшісі. 1996 жылдың қаңтарынан зейнеткерлікте болған.
Медальмен, Қазақ КСР-і Жоғарғы кеңесі Құрмет грамотасымен марапатталған.