24 тамыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 24 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.

24  тамыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

24 тамыз. ЖҰМА.

Либерия байрағы күні.

Украина Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1991). 1991 жылғы тамыздың 24-індегі Украин КСР-і Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясы шешімімен тәуелсіз Украина мемлекеті құрылды. Украина - Шығыс Еуропада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Беларуспен, солтүстігі және шығысында Ресеймен, оңтүстік-батысында Румыния, Молдовамен, батысында Венгрия, Словакия, Польшамен, оңтүстігінде Азов және Қара теңіздермен шектеседі. Астанасы - Киев қаласы. Мемлекеттік тілі - украин тілі. Акша бірлігі - карбованец.
Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы шілденің 22-інде орнатылды. Қазақстанның Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Амангелді Жұмабаев.

Қырғыстан ІІМ Ішкі әскерінің күні. Қырғыз Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы шілденің 3-індегі  қаулысымен бекітілген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

14 жыл бұрын (1998) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен композитор Нұрғиса Тілендиевке «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

13 жыл бұрын (1999) Бішкек қаласында «Шанхай бестігі» саммитіне қатысушы мемлекеттер - Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы басшыларының кездесуі басталды. Кездесу барысында халықаралық және аймақтық мәселелер қаралып, есірткі тасымалдарына, сепаратизмге, діни экстремизмге қарсы шаралар талқыланды. Саммит қорытындысында мемлекет басшылары Бішкек декларациясына қол қойды. Сонымен қатар, Н.Назарбаев, Цзян Цзэминь және А.Ақаев мемлекет шекараларының шектесу нүктесі жөнінде үш жақты келісімге қол қойды.

159 жыл бұрын (1853) американдық Джордж Грам (George Crum) алғашқы рет картоп чипсиін дайындады. Мейрамхана келушілерінің бірі қуырылған картоп қабығының аздау күйдірілгеніне өкініш білдіргенін көрген соң Грам картопты өте жіңішке қылып кесіп қуыруды ойлап шығарды.

16 жыл бұрын (1996) Алматы облысы Жамбыл ауданның Қаракестек ауылында ақын Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалдық мұражайы ашылды.
7 жыл бұрын (2005) Қазақстанның көрнекті саясат қайраткері, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың «Кентавры Великой степи» кітабы Мәскеуде өткен ТМД-ға мүше мемлекеттердің «Кітап өнері» атты II халықаралық көрмесінде байқаудың бас жүлдесін - «Гран-при» жеңіп алды.

7 жыл бұрын (2005) Алматыда белгілі ғалым, Қазақстан аграрлық экономикасының ұйымдастырушысы Темірхан Жақыповтың тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.
Темірхан Жақыпов (1912-2002) мал шаруашылығы кешенін қалыптастыру және мал шаруашылығын индустриалды негізге аудару бойынша қызмет атқарған. Ұлы Отан соғысына қатысқан, Калинин атқыштар полкінің, сосын Прибалтика майданының комиссары болған. 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Қызыл Жұлдыз», үш медальмен марапатталған. Әскерден кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының ғылыми-зерттеу институтында, Экономика және ауыл шаруашылығын ұйымдастыратын ғылыми-зерттеу институтында қызметтер атқарған. 1967-1969 жылдары КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасымен Моңғолияда жұмыс істеген, оның қызметі Құрмет грамотасымен және «Достық» медалімен марапатталған. 1971 жылы оған «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген экономисі» атағы берілді.

3 жыл бұрын (2009) Алматыда «Эйр Астана» әуе компаниясы «Эйр Астана» - балаларға!» атты қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді.
Жәрмеңке әуе компаниясы кеңсесінің жанында өтті. Қайырымдылық шара республикалық ұлттық әуе тасымалдаушы қызметкерлерінің күшімен ұйымдастырылған.
Жәрмеңкеде «Эйр Астана» қатынайтын әр түрлі елдердің ұлттық сувенирлері, қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ыдыс-аяқтары, киім-кешектер, ұлттық тағамдары және тағы да басқа тауарлар қойылған 20 шатыр тігілген. Жәрмеңке аясында өткен аукционда балалар үйі мен зағиптар мектебінің тәрбиеленушілері жасаған бұйымдары сатылды. Әуе компаниясының қызметкерлері балаларға көмек ретінде балалар киімдерін, ойыншықтар, мектепке қажетті жабдықтарды берді.
Сатылымнан түскен қаражаттар №1 балалар үйіне және зағип және нашар көретін балалар мектебіне табысталды.

ЕСІМДЕР

65 жыл бұрын (1947) бразилиялық жазушы және ақын  Пауло КОЭЛЬО дүниеге келді.
Рио-де -Жанейрода туған.
48 жыл бұрын (1964) Ресей ұшқыш-ғарышкері, Қырғыз Республикасының батыры ШӘРІПОВ Сәлижан Шәкірүлы дүниеге келді.
50 жыл бұрын (1962) қазақстандық спорт журналисі, өз блогының веб-баспагері ЛЯХОВ Александр Егорович дүниеге келді. «Қазнеттің» үлкен энциклопедиясы» сайтының әкімшісі, «Қазақстанның интернет қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры.
 
63 жыл бұрын (1949) мемлекет қайраткері СӘРСЕМБЕКОВ Төлеген Тәжібайұлы дүниеге келді.
Тараз қаласында туған. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген. 1978-1985 жылдары - Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі. 1985-1990 жылдары - Қазақ КСР Су шаруашылығы министрлігінің жетекші инженері, басқарма бастығының орынбасары, Қазақ КСР Су ресурстары мемлекеттік комитетінің бөлім бастығы. 1991-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті және Министрлер Кабинеті Аппаратының сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1994-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы болған. 2000 жылдан бастап «Қазақстанның су ресурстары және қоршаған ортаны қоршау» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті қызметін атқарған.

63 жыл бұрын (1949) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі БАЯНОВ Ғани Балмұханұлы дүниеге келді.
Қостанай облысында туған. Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітірген.
«Жазушы Айымбетовтың портреті», «Қолшатыр астындағы екеу», «Қобызда ойнап отырған қыз» т.б. туындылардың авторы.
18 жыл бұрын (1992) Қарағанды облысының Ақадыр ауданында қазақ батыры, қолбасшы, Кенесары ханның кеңесшісі Қоңырбайұлы Ағыбайдың туғанына 190 жыл болуына орай мерекелік салтанат өтті.

99 жыл бұрын (1913-1983) кескіндемеші, Қазақ КСР-нің халық суретшісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері ЛЕОНТЬЕВ Леонид Павлович дүниеге келді.
Ресейдің Санкт-Петербор қаласында туған. 1939 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Алматы көркемсурет училищесінде сабақ берген. Қылқалам шеберінің «Колхоз базары», «Қазақстан кілемшілері», «Шопандар», «Ыбырай Жақаев сөз сөйлеп тұр», т.б. туындылары бар. Сонымен қатар ол бірқатар қазақ өнері қайраткерлерінің портретін салған.
«Еңбек Қызыл Ту» орденімен, медальдармен марапатталған. 

94 жыл бұрын (1918-1983) «Град», «Ураган», «Смерч» дүркін-дүркін оқ ату реактивті жүйесінің бас құрастырушысы, Социалистік Еңбек Ері ГАНИЧЕВ Александр Никитович дүниеге келді.

122 жыл бұрын (1890-1985) акушер-гинеколог, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері МАЛИНИН Александр Иванович дүниеге келді.
Ресей Федерациясының Пенза облысында туған. Саратов университетін бітірген. 1916-1934 жылдары Кеңес Армиясы қатарында дәрігер, РКФСР-дің жоғары оқу орындарында оқытушы, ғылыми қызметкер. 1934 жылдан Қазақ медицина институтында акушерлік және әйел аурулары кафедрасының меңгерушісі. 1951 жылдан Ярославль, Саратов, Одесса медицина институттарында акушерлік және гинекология кафедрасын басқарды.
1 авторлық куәлік алған. Ол бедеу әйел денесіне жатыр түтігін ауыстырып салу әдісін, жаңа босанған және бала тастаған әйелдерді қағыну (сепсистік) ауруларынан сақтану жолдарын тауып, акушерлік және гинекология саласында қан құю мәселелерін зерттеді. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

62 жыл бұрын (1950) «Жұлдыз» балалардың қоғамдық ұйымы одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасының Құрметті білім беру қызметкері ДМИТРЕНКО Елена Александровна дүниеге келді.
Ақмола облысы Атбасар қаласында туған. Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын, Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасын бітірген.
1971-1972 жылдары - Целиноград қалалық орталықтандырылған кітапханасының кітапханашысы. 1972-1980 жылдары - орта мектептің шет тілі пәнінің мұғалімі, Целиноград педагогикалық институтының педагогикалық тәжірибенің меңгерушісі. 1980-1983 жылдары - Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспиранты. 1984-1994 жылдары - Целиноград педагогикалық институтының оқытушысы, педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі, шет тілдері факультетінің деканы, ғылыми-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры, аға ғылыми қызметкері. 1994-1995 жылдары -Ақмола мемлекеттік университетінің доценті, Л. Н.Гумилёва атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры. 1995-2005 жылдары - Ақмола облыстық білім беру басқармасының бастығы. 2005-2010 жылдары - Ақмола облыстық білім беру департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі балалар құқы жөніндегі комитетінің адамның адамгершілік-рухани дамуы басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Балалар қоғамдық бірлестігінің президенті, «Жұлдыз» балаларды әлеуметтік жағынан ынталандыру қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы. 2010 жылдан «Жұлдыз» қоғамдық балалар бірлестігі одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті. «ЖасStar», «Ребёнок и право» республикалық ғылыми-әдістемелік журналдарының бас редакторы, Мәскеу қаласындағы Халықаралық балалардың қоғамдық қозғалысын зерттеу қауымдастығының мүшесі, Қазақстанның Балалар ұйымдарының одағының эксперттік кеңесінің мүшесі.
«Құрмет» орденімен, «Астанаға 10 жыл», «Ыбырай Алтынсарин» медальдарымен марапатталған.
36 жыл бұрын (1976) ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыстар бөлімінің мемлекеттік инспекторы  МАМЕКОВ Дәулет Әбирбекұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ басқару академиясын бітірген. Еңбек жолын 1998 жылы «Еуро-Азия Эйр» авиакомпаниясы» АҚ коммерциялық басқармасының флейт-менеджері болып бастады. 2000-2006 жылдары осы компанияда коммерциялық басқарма бастығы, вице-президенті.
60 жыл бұрын (1952) тарих ғылымдарының докторы, Орыс географиялық қоғамының толық мүшесі, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры ЕРМЕКБАЕВ Жарас дүниеге келді.
Көкшетау қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
Қазақстан және онымен шектес Еуразия аумағындағы халықтардың ұлыстық тарихы,  Еуразия халықтарының этно-мәдени өзара ықпал етуі, Еуразия халықтарының этнопсихологиясы бағыттарындағы ғылыми зерттеулермен айналысады. «Қазақстанның мәдени мұрасы» бағдарламасы бойынша РФ орталық мұрағаттарынан материалдар жинап, қорытуға қатысады. «Еуразияшылдық - Қазақстанның және шекаралас елдердің жаһандану жағдайындағы дамуының негізі: тарихи-этнографиялық және теориялық қырлары» (2004-2006 жж.) халықаралық жобасының жетекшісі.
60-тан астам ғылыми жұмыстары жарияланған.