24 тамыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

24 тамыз. ЖЕКСЕНБІ Либерия байрағы күні. Либерия Республикасы - Батыс Африкадағы мемлекет. Жер аумағы 111,4 мың км². Халқының 95%-ын жергілікті тайпалар (кпелле, басса, гио, кру) құрайды. Астанасы - Монровия қаласы. Ресми тілі -ағылшын тілі. Конституциясы 1847 ж. қабылданған. Мемлекет басшысы - президент. Жоғарғы заң шығарушы органы - қос палаталы парламент, (Сенат пен Ұлттық Ассамблея). Жоғарғы атқарушы органы - үкімет. Ақша бірлігі - Либерияның доллары. Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (26 шілде), Қырғызстан ІІМ Ішкі әскерінің күні. Қырғыз Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы шілденің 3-індегі қаулысымен бекітілген. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 20 жыл бұрын (1992) Қарағанды облысының Ақадыр ауданында қазақ батыры, қолбасшы, Кенесары ханның кеңесшісі Қоңырбайұлы Ағыбайдың туғанына 190 жыл болуына орай мерекелік салтанат өтті. 18 жыл бұрын (1996) Алматы облысы Жамбыл ауданның Қаракестек ауылында ақын Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалдық мұражайы ашылды. 16 жыл бұрын (1998) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен композитор Нұрғиса Тілендиевке «Халық Қаһарманы» атағы берілді. 15 жыл бұрын (1999) Бішкек қаласында «Шанхай бестігі» саммитіне қатысушы мемлекеттер - Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы басшыларының кездесуі басталды. Кездесу барысында халықаралық және аймақтық мәселелер қаралып, есірткі тасымалдарына, сепаратизмге, діни экстремизмге қарсы шаралар талқыланды. Саммит қорытындысында мемлекет басшылары Бішкек декларациясына қол қойды. Сонымен қатар, Н.Назарбаев, Цзян Цзэминь және А.Ақаев мемлекет шекараларының шектесу нүктесі жөнінде үш жақты келісімге қол қойды. 9 жыл бұрын (2005) Қазақстанның көрнекті саясат қайраткері, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың «Кентавры Великой степи» кітабы Мәскеуде өткен ТМД-ға мүше мемлекеттердің «Кітап өнері» атты II халықаралық көрмесінде байқаудың бас жүлдесін - «Гран при» жеңіп алды. 9 жыл бұрын (2005) Алматыда белгілі ғалым, Қазақстан аграрлық экономикасының ұйымдастырушысы Темірхан Жақыповтың тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Темірхан Жақыпов (1912-2002) мал шаруашылығы кешенін қалыптастыру және мал шаруашылығын индустриалды негізге аудару бойынша қызмет атқарған. Ұлы Отан соғысына қатысқан, Калинин атқыштар полкінің, сосын Прибалтика майданының комиссары болған. 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Қызыл Жұлдыз», үш медальмен марапатталған. Әскерден кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының ғылыми-зерттеу институтында, Экономика және ауыл шаруашылығын ұйымдастыратын ғылыми-зерттеу институтында қызметтер атқарған. 1967-1969 жылдары КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасымен Моңғолияда жұмыс істеген, оның қызметі Құрмет грамотасымен және «Достық» медалімен марапатталған. 1971 жылы оған «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген экономисі» атағы берілді. 161 жыл бұрын (1853) американдық Джордж Грам (George Crum) алғашқы рет картоп чипсиін дайындады. Мейрамхана келушілерінің бірі қуырылған картоп қабығының аздау күйдірілгеніне өкініш білдіргенін көрген соң Грам картопты өте жіңішке қылып кесіп қуыруды ойлап шығарды. ЕСІМДЕР 124 жыл бұрын (1890-1985) акушер-гинеколог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері МАЛИНИН Александр Иванович дүниеге келді. Ресей Федерациясының Пенза облысында туған. Саратов университетін бітірген. 1916-1934 жылдары Кеңес Армиясы қатарында дәрігер, РКФСР-дің жоғары оқу орындарында оқытушы, ғылыми қызметкер. 1934 жылдан Қазақ медицина институтында акушерлік және әйелдер аурулары кафедрасының меңгерушісі. 1951 жылдан Ярославль, Саратов, Одесса медицина институттарында акушерлік және гинекология кафедрасын басқарды. Бір авторлық куәлік алған. Ол бедеу әйел ағзасына жатыр түтігін ауыстырып салу әдісін, жаңа босанған және бала тастаған әйелдерді қабыну ауруларынан сақтану жолдарын тауып, акушерлік және гинекология саласында қан құю мәселелерін зерттеді. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған. 101 жыл бұрын (1913-1983) кескіндемеші, Қазақ КСР-нің халық суретшісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері ЛЕОНТЬЕВ Леонид Павлович дүниеге келді.Ресейдің Санкт-Петербор қаласында туған. 1939 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Алматы көркемсурет училищесінде сабақ берген. Қылқалам шеберінің «Колхоз базары», «Қазақстан кілемшілері», «Шопандар», «Ыбырай Жақаев сөз сөйлеп тұр», т.б. туындылары бар. Сонымен қатар ол бірқатар қазақ өнері қайраткерлерінің портретін салған. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, медальдармен марапатталған. 68 жыл бұрын (1946-2004) 2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, ҚР құрметті прокуратура қызметкері, Әділет генерал-лейтенанты ХИТРИН Юрий Александрович дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1964 жылы еңбек жолын Алматы жиһаз фабрикасының жұмысшысы болып бастады, Алматы қаласы Ленин аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі болды. 1969-1977 жылдары - Алматы қаласы Калинин аудандық прокуратурасының тергеушісі, қалалық прокуратураның аса маңызды істер бойынша тергеушісі, тергеу бөлімінің бастығы. 1977-1990 жылдары - Қазақ КСР прокуратурасы тергеу басқармасы бастығының орынбасары, Целиноград облысы прокуроры, түзету-еңбек колонияларында заңдардың сақталуын қадағалау бөлімінің бастығы. 1990-1992 жылдары - Мемлекеттік-құқықтық мәселелер жөніндегі мемлекеттік кеңесші. 1992-2004 жылдары - ҚР Бас прокурорының орынбасары, ҚР әскери прокуроры, ҚР Бас әскери прокуроры, ҚР Бас прокуроры, ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы, Республикалық ұлан қолбасшысының бірінші орынбасары, ҚР Қауіпсіздік Кеңесінде конституциялық құрылысты қорғау комитетінің төрағасы болды. «Парасат» орденімен марапатталған. 65 жыл бұрын (1949) мемлекет қайраткері СӘРСЕМБЕКОВ Төлеген Тәжібайұлы дүниеге келді. Тараз қаласында туған. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген. 1978-1985 жылдары - Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі. 1985-1990 жылдары - Қазақ КСР Су шаруашылығы министрлігінің жетекші инженері, басқарма бастығының орынбасары, Қазақ КСР Су ресурстары мемлекеттік комитетінің бөлім бастығы. 1991-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті және Министрлер Кабинеті Аппаратының сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1994-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы болған. 2000 жылдан бастап «Қазақстанның су ресурстары және қоршаған ортаны қоршау» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті қызметін атқарған. 65 жыл бұрын (1949) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі БАЯНОВ Ғани Балмұханұлы дүниеге келді. Қостанай облысында туған. Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітірген. «Жазушы Айымбетовтің портреті», «Қолшатыр астындағы екеу», «Қобызда ойнап отырған қыз» т.б. туындылардың авторы. 64 жыл бұрын (1950) педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасының Құрметті білім беру қызметкері ДМИТРЕНКО Елена Александровна дүниеге келді. Ақмола облысы Атбасар қаласында туған. Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын, Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасын бітірген. 1971-1972 жылдары - Целиноград қалалық орталықтандырылған кітапханасының кітапханашысы. 1972-1980 жылдары - орта мектептің шет тілі пәнінің мұғалімі, Целиноград педагогикалық институтының педагогикалық тәжірибенің меңгерушісі. 1980-1983 жылдары - Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспиранты. 1984-1994 жылдары - Целиноград педагогикалық институтының оқытушысы, педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі, шет тілдері факультетінің деканы, ғылыми-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры, аға ғылыми қызметкері. 1994-1995 жылдары - Ақмола мемлекеттік университетінің доценті, Л. Н.Гумилёва атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры. 1995-2005 жылдары - Ақмола облыстық білім беру басқармасының бастығы. 2005-2010 жылдары - Ақмола облыстық білім беру департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі балалар құқы жөніндегі комитетінің адамның адамгершілік-рухани дамуы басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Балалар қоғамдық бірлестігінің президенті, «Жұлдыз» балаларды әлеуметтік жағынан ынталандыру қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы. 2010 жылдан «Жұлдыз» қоғамдық балалар бірлестігі одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті. «ЖасStar», «Ребёнок и право» республикалық ғылыми-әдістемелік журналдарының бас редакторы, Мәскеу қаласындағы Халықаралық балалардың қоғамдық қозғалысын зерттеу қауымдастығының мүшесі, Қазақстанның Балалар ұйымдарының одағының эксперттік кеңесінің мүшесі. «Құрмет» орденімен, «Астанаға - 10 жыл», «Ыбырай Алтынсарин» медальдарымен марапатталған.
62 жыл бұрын (1952) тарих ғылымдарының докторы, Орыс географиялық қоғамының толық мүшесі, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры ЕРМЕКБАЕВ Жарас дүниеге келді. Көкшетау қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Қазақстан және онымен шектес Еуразия аумағындағы халықтардың ұлыстық тарихы, Еуразия халықтарының этно-мәдени өзара ықпал етуі, Еуразия халықтарының этнопсихологиясы бағыттарындағы ғылыми зерттеулермен айналысады. «Қазақстанның мәдени мұрасы» бағдарламасы бойынша РФ орталық мұрағаттарынан материалдар жинап, қорытуға қатысады. «Еуразияшылдық - Қазақстанның және шекаралас елдердің жаһандану жағдайындағы дамуының негізі: тарихи-этнографиялық және теориялық қырлары» (2004-2006 жж.) халықаралық жобасының жетекшісі. 60-тан астам ғылыми жұмыстары жарияланған.
52 жыл бұрын (1962) қазақстандық спорт журналисі, өз блогының веб-баспагері ЛЯХОВ Александр Егорович дүниеге келді. «Қазнеттің» үлкен энциклопедиясы» сайтының әкімшісі, «Қазақстанның интернет қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры.
96 жыл бұрын (1918-1983) «Град», «Ураган», «Смерч» дүркін-дүркін оқ ату реактивті жүйесінің бас құрастырушысы, Социалистік Еңбек Ері ГАНИЧЕВ Александр Никитович дүниеге келді. 67 жыл бұрын (1947) бразилиялық жазушы және ақын Пауло КОЭЛЬО дүниеге келді. Рио-де-Жанейрода туған. 50 жыл бұрын (1964) Ресей ұшқыш-ғарышкері, Қырғыз Республикасының батыры ШӘРІПОВ Сәлижан Шәкірүлы дүниеге келді.