25 маусым. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 25 маусым күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
63 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Сүйіндік Тасеменұлы АЛДАШЕВ дүниеге келді.
Түрікмен КСР Красноводск қаласында туған. 1986 жылы И. М. Губкин атындағы мұнай және газ институтын, 2008 жылы Орталық — Азия университетін бітірген.
Еңбек жолын 1979 жылы Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасында токарь болып бастап, бұрғышының көмекшісі, бұрғышы шеберінің көмекшісі, өндірістік қызмет көрсету базасының инженері, бұрғылау шебері, Жаңаөзен бұрғылау жұмыстары басқармасының технология бөлімі бастығының орынбасары болып қызмет етті. Ұзақ жылдар бойы «КазТрансОйл» АҚ-да түрлі лауазымды қызметтер атқарған. 2012-2017 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары, 2017-2020 жылдары «Қаражанбасмұнай» АҚ Бірінші Вице-президенті лауазымында болды.
Қазіргі қызметінде — 2020 жылдың тамыз айынан бастап.
Құрмет орденімен (2019), «Астанаға 20 жыл» медалімен марапатталды (2018). «Магистралды құбыр көлігінің құрметті қызметкері» құрметті атаққа ие (2010).
60 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бақытжан Шаймұхаметұлы САПИЕВ дүниеге келді.
Алматы облысы Панфилов ауданы Жаркент қаласында туған. 1988 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, 1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, 2006 жылы Экономика және құқық академиясын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолы: 1988-1992 жылдары Қазақ ауыл шаруашылығы институтының «Ауыл шаруашылығында электр және жылу қуатын қолдану» кафедрасының лаборанты, ассистенті, аға оқытушысы, 1992-1993 жылдары Алматы қаласы Алатау аудандық әкімшілігі құрылыс бөлімінің маманы, бас маманы, 1993-1997 жылдары Алматы қаласы Алатау аудандық әкімшілігі экологиялық инспекциясының басшысы, 1997-1998 жылдары Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімдігі аппаратының экологиялық-санитарлық инспекциясы бөлімінің басшысы, 1998-2008 жылдары — Алматы қаласы, Бостандық ауданы әкімінің орынбасары, 2008-2012 жылдары Алматы қаласы әкімі аппаратының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы, 2018-2019 жылдары Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы — мемлекеттік бақылау жөніндегі бас мемлекеттік инспектор, 2019-2020 жылдары Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, 2020-2023 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің Мемлекеттік инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, 2023-2025 жылдары ҚР Президентінің Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметіне 2025 жылдың қыркүйегінде тағайындалды.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
56 жыл бұрын (1970) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIIІ шақырылым депутаты Ерлан Бияхметұлы САЙЫРОВ дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. А.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
Еңбек жолы: 2000-2003 жылдары Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің ішкі саясат департаментінің директоры лауазымын атқарды. 2003 жылдан бастап «Қазинжиниринг» АҚ атқарушы директоры, 2005 жылдан бастап ҚР Парламенті Мәжілісінің Ақпараттық-талдау бөлімінің меңгерушісі, 2008 жылдан бастап ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің қоғамдық саяси жұмыстар департаментінің директоры. 2012-2013 жылдары «Ult TIMES» республикалық апталық әлеуметтік-саяси газетінің редакциялық алқасының төрағасы, 2013-2015 жылдары «Мәдени даму институты» ҚҚ ғылыми директоры, 2017-2018 жылдары ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының кеңесшісі, 2019-2021 жылдары Еуразиялық интеграция институтының директоры болып қызмет атқарды. 2021-2023 жылдары — ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылым депутаты.
2023 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.
47 жыл бұрын (1979) Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ербол Қуанышұлы ТАСЖҮРЕКОВ дүниеге келді.
Тараз қаласында туған. М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, Х. А. Ясауи атындағы Мемлекеттік халықаралық қазақ-түрік университетін, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, Францияның Ұлттық әкімшілік мектебін бітірген.
Еңбек жолын 1998 жылы жеке меншік компанияда менеджер болып бастаған. Әр жылдары жеке коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеді. 2007-2013 жылдары Астана қаласы Алматы аудандық сотында қызмет етті. 2013-2014 жылдары ҚР Өңірлік даму министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаменті Кәсіпкерлік қызметті нормативтік-құқықтық реттеуді жетілдіру басқармасының басшысы, Өңірлерге мониторинг жүргізу және бағалау департаменті Өңірлерге мониторинг жүргізу және бағалау басқармасының басшысы, 2014-2016 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Өңіраралық ынтымақтастық, өңірлерді талдау және бағалау департаменті директорының орынбасары, Өңірлік саясат, өңірлерді талдау және бағалау департаменті директорының орынбасары, 2016-2018 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары, 2018 жылы Шымкент қаласы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды. 2018-2019 жылдары Түркістан облысы әкімінің орынбасары, 2019-2020 жылдары «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры — басқарма мүшесі қызметін атқарған. 2020-2021 жылдары «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, 2021-2023 жылдары «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы, 2023-2026 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі лауазымын атқарды.
Қазіргі қызметін 2026 жылдың мамырынан бері атқарып келеді.
43 жыл бұрын (1982) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сламжанұлы СҰЛТАНҒАЗИЕВ дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ ұлттық медицина университетін, Tulane университетін Болашақ бағдарламасы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолы: 2005-2007 жылдары С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің анатомия кафедрасының зертханашысы, хирургиялық аурулар кафедрасы клиникалық ординатурасының тыңдаушысы болды. 2010 жылы «Қазақстан Республикасы Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы» АҚ жетекші, бас маманы, 2010-2013 жылдары «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ менеджер, бас менеджер, департамент директоры болып қызмет атқарды. 2013-2014 жылдары «Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы» АҚ президенті, 2014-2016 жылдары «Медикер» ЖШС бас директорының орынбасары, 2016 жылы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы бас директорының орынбасары лауазымын атқарды. 2016-2017 жылдары ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық қызметті стандарттау департаментінің, Жобаларды басқару департаментінің директоры, 2017-2018 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Жобалық басқару департаментінің директоры, 2018-2020 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, 2020 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы лауазымын атқарды. 2021 жылы YDA Group жанындағы «KTC» Kazakh-Turkish Consalting ЖШС директорлер кеңесі төрағасының кеңесшісі, 2021-2022 жылдары Солтүстік Қазақстан облыс әкімінің орынбасары лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметінде — 2022 жылдың қазанынан.
22 жыл бұрын (2004) қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, 2026 жылғы Олимпиада чемпионы Михаил Станиславович ШАЙДОРОВ дүниеге келді.
Алматыда туған. Мәнерлеп сырғанаумен 2010 жылы әкесінің жетекшілігімен айналыса бастады. Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы Станислав Шайдоровтың 2018 жылы Сочиге қоныс аударып, онда оның бапкері Олимпиада чемпионы Алексей Урманов болды.
2022 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Қысқа бағдарламадан кейін сегізінші орында тұрғанымен, еркін бағдарламада және жалпы қорытындыда екінші орынға көтерілді. Ол америкалық спортшы Илья Малининге жол берді. Бұл медаль Қазақстан мәнерлеп сырғанаушылары үшін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарындағы алғашқы жүлде болды,
2022 жылы ересектер арасындағы Гран-при сериясының кезеңдеріне қатысуы жоспарланғанымен, инфекциялық мононуклеоз ауруына байланысты жарыстардан бас тартуға мәжбүр болды. Гран-при сериясындағы дебютін келесі маусымда жасады,
2023 жылғы Канададағы Гран-при кезеңінде бесінші орын иеленді,
2024/2025 маусымындағы Бостонда өткен әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алып, екі бағдарлама бойынша 287,47 ұпай жинап, екінші орынға тұрақтады.
2026 жылы Миланда өткен Қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жекелей сырғанауда Олимпиада чемпионы атанды.
133 жыл бұрын (1893-1938) ақын, жазушы, педагог Мағжан ЖҰМАБАЕВ дүниеге келген.
Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданында туған. Әуелі ауыл молдасынан сабақ алады. Бұдан соң әкесі Бекен Мағжанды Қызылжардағы Бегішев медресесіне оқуға береді. Мұсылмандық орташа дәрежелі білім беретін бұл медресені бес жылдай оқып бітірген соң, 1910-1913 жылдары Уфа қаласында «Ғалия» медресесінде оқиды. Осында жүріп «Садақ» журналын шығаруға араласып, өзінің өлеңдерін жариялайды. Абайдың өлеңдер жинағымен танысады, татар ақын-жазушыларымен достасады. Араб, парсы, түрік тілдерін оқып үйренуін жалғастырады. Орыс тілінен сабақ алады. Абай үлгісімен Шығыс пен Батыс поэзиясынан бірдей нәр алады.
1913-1917 жылдары Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқып, оны үздік бітіреді. Омбыда оқып жүрген кезінде сондағы жастармен тізе қосып, «Бірлік» әдеби үйірмесін құруға қолғабыс етіп, оның «Балапан» атты қолжазба әдеби журналын редакциялайды. 1917-1923 жылдары «Бостандық туы», «Ақжол» газеттерінде және «Шолпан» журналында еңбек ете жүріп, халық ағарту жұмысына белсене араласады. 1923-1926 жылдары Мәскеуде көркем әдебиет институтында оқиды. 1927-1929 жылдары Бурабайда, одан соң Петропавлда оқытушылық қызметтер атқарады.
1912 жылы Қазан шаһарында «Шолпан» атты өлеңдер жинағы жарық көреді. «Батыр Баян», «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы», «Өтірік ертегі», «Шын ертегі» поэмаларында адам жанының, психологиялық әлемнің құпия сырларын, иірімдерін, даму диалектикасын асқан шеберлікпен кестелеп өрнектей білген. Кеңес жылдары екі өлеңдер жинағын жариялады. Алғашқысы — 1922 жылы Қазанда, екіншісі Ташкентте басылып шыққан. Мектеп оқушыларына, мұғалімдерге арнап «Педагогика», «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» еңбектерін жариялаған.
1929 жылы М.Жұмабаев «Алқа» атты жасырын ұйым құрды деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесілген. 1936 жылы М. Горький және Е. Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға оралып, Петропавл қаласындағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген. 1937 жылы наурызда Мағжан Жұмабаев Алматыға келіп, аударма ісімен айналысқан. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді. М. Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» өлеңін Мұстафа Шоқай «Яш Түркістан» журналында жариялай отырып, оны түркішілдік күресі үшін ең пайдалы өлең деп бағалаған.
Қазақстанда М.Жұмабаев шығармалары 1989 жылы ғана қайтадан жариялана бастады. Алматы, Астана және Петропавл қалаларындағы көшелерге Мағжан Жұмабаев есімі берілген. Петропавл қаласында және ақынның туған ауылында ескерткіш қойылған. Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Булаев ауданы М. Жұмабаев ауданы болып аталды. Халықаралық Түркі академиясы 2018 жылды «Мағжан Жұмабаев жылы» деп жариялады.