25 маусымда Ақтауда сиреналар іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтауда құлақтандыру жүйесінің дайындығы тексеріледі.

Сирена
Фото: gov.kz

Ақтау қаласында 25 маусым күні төтенше жағдайлар кезінде халықты хабардар ету жүйесінің дайындығын тексеру мақсатында жоспарлы техникалық сынақ өткізіледі.

Ақтау қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, тексеру барысында электросиреналар іске қосылып, дабыл жүйелері сынақ режимінде жұмыс істейді.

Іс-шара 2026 жылғы 25 маусымда сағат 11:00–де ұйымдастырылады.

Мамандар тұрғындар мен қала қонақтарын сабыр сақтауға шақырып, бұл тек жоспарлы профилактикалық шара екенін ескертті.

— Құрметті тұрғындар, жүргізілетін жұмыстарға түсіністікпен қарап, алаңдамауларыңызды сұраймыз. Сиреналардың қосылуы төтенше жағдайдың белгісі емес, құлақтандыру жүйесінің техникалық дайындығын тексеруге бағытталған жоспарлы сынақ, — делінген Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Бұдан бұрын Ақтауда Каспий теңізі жағалауында шашылып жатқан ет қалдықтары тұрғындардың ашуын тудырғанын жаздық.